Басты жаңалықтар

ЖАС ПОЛИЦЕЙГЕ ҚАЖЕТ ЖЕТІ ҚАСИЕТ

Төлеу Нұрбай — мол тәжірибесі мен білімін жас мамандармен бөлісіп жүрген кәнігі тәлімгер, ІІМ құрметті ардагері, Ақтөбе облысының Жол полициясы ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ол жол бойында қызмет ететін әрбір  полицейден білгенін аямай, ақылын айтып отырады. Тіпті олармен бірге патрульге шығып, тәжірибесімен таңдандырған кездері де болып тұрады.

Төлеу Әкентайұлы әңгіме барысында қылмыскерлермен алысып жүріп алған алғашқы марапаты туралы айтты.

Бұл оқиға шамамен 90-жылдары болды. Бұрынғы Қарабұтақ ауданында қызметтік міндетімді атқарып жүрген кезім. Бөлімшеге көмек сұрап, әйел адам хабарласты. Қорқу дегеннің не екенін білмейтін, жалындап тұрған жас кезім. Оқиға орнына дереу жеттім. Барсам, бұрын сотты болған, сол кездегі қылмыс әлемінің беделділері саналатын 4 жігіт тұр. Сөйлескенше болған жоқ, біреуі мені балағаттап, екіншісі қолындағы арматурамен ұра бастады. Мен де төбелесе кеттім. Қырық минут төбелестің соңында әлгі полиция шақырған әйелге жіп алдырып, жігіттердің қолын байлап тастадым, — деді ол.

Осы өжеттілігі үшін жас маман алғашқы марапатқа ие болып, қаржылай сыйақы алған.

Өзінен кейінгі буынға үлгі болып келе жатқан ардагер жас полицейлердің бойынан табылуға тиіс 7 қасиетке тоқталды.

Полицейдің бойында міндетті түрде қарапайымдылық пен адамгершілік қасиеттері болуы керек. Сондай-ақ оған ешқашан тәкаппар болуға және еріншек болуға болмайды. Тағы бір айтарым, үнемі сергек жүру оның жақсы көңіл күйде болып, нәтижелі жұмыс жасауына септігін тигізеді. Ол үшін міндетті түрде спортпен шұғылдану қажет. Ең бастысы, полиция қызметкері қырағы және сезгіш болуы керек, — деген Төлеу Нұрбай өзінің ширек ғасырлық қызметтік ғұмырында осыған сан рет көз жеткізгенін айтады.

Жәбірленушілер айтқан қылмыскердің сипаттамаларын есте сақтау оларды көрген жерде жазбай тануға себеп болады. Бір көрген адамыңды ұмытпау, тіпті бірнеше жыл өткеннен кейін де тану, күдікті әрбір қимылды сезу — патрульдік полиция қызметкерлерінің бойынан табылуға тиіс қасиеттер. Қарғалы ауданының Бадамша ауылында жұмыс жасап жүрген кезімде, 3-4 ауыл тұрғыны сөмкелерінің ұрланғаны туралы арызданды. Сол күні жәбірленушілердің арыздарында сипатталған ер-азаматқа ұқсайтын адамды көшеде байқап қалдым. Ол қанша жалтарғанымен, полиция (ол кезде милиция дейтін — ред.) бөліміне алып келдім. Әлгі азаматты арызданушылар да танып, қылмыскер де өз кінәсін мойындаған болатын, — деді ардагер.

Қазақта «Әке көрген оқ жонар» деген жақсы сөз бар. Әкесінің қиындығы мен жауапкершілігі мол қызметтік жолын бүгінде ұлы Мадияр жалғап келеді. Мадияр Әкентай — Ақтөбе қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары. Асқар таудай әке тағылымы, күнделікті құлағына құйып отыратын ақыл-кеңесі, халықтың ұлы болу, қарапайым әрі адал болу туралы тағылымдары оның жұмыста да, өмірде де әрдайым дұрыс шешім қабылдауына негіз болып келеді.

Полиция ардагері бүгінде өз замандастары мен полиция қызметкерлері арасында ұйымдастырылатын спорттық-сауықтыру жұмыстарын өткізуге, қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларының өмірінде туындайтын әлеуметтік проблемаларды шешуге белсенді қатысып, оларға материалдық, моральдық қолдау көрсетеді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button