Мереке

САЛТ-ДӘСТҮР — САРҚЫЛМАС БАЙЛЫҒЫМЫЗ

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Наурызнама тұжырымдамасы бекітілді. Аталған тұжырымдама негізінде Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы елімізде 14 наурыз — Көрісу күнінен бастап он күн тойланатын болды. Әрбір күннің өз атауы, тақырыбы бар. Жаңаша сипатқа ие Наурыз мейрамын облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері және «Үш таған» журналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС өз баспасөз орталығында атап өтті. Наурызды сән-салтанатымен тойлау — «Ақтөбе Медиа» ұжымының жылдағы үрдісі. «Салт-дәстүр — сарқылмас байлығымыз» деп аталатын дәстүрлі шараның төріне биыл 100 жылдығын тойлайтын облыстық «Ақтөбе» газетінің ардагер журналистері шақырылды.

Құттықтау сөз сөйлеген «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин ұжым мүшелеріне ізгі тілегін айтты.

— Наурыз құтты болсын! Бұл — жаңару мен жаңғырудың мерекесі. Күн мен түннің теңесетін шағы. Әр отбасына ырыс-береке, бірлік, ынтымақ, дәулет берсін. «Ақтөбе Медиа» компаниясы Наурыз мейрамын жыл сайын атап өтеді. Биылғы Наурыздың ерекшелігі, рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Рамазан айындағы тілектеріңіз қабыл болсын! Көктем даладағы қар кетіп, мал төлдейтін мезгіл ғой, ақ мол болсын!

Биыл облыстың бас басылымы — «Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерейтойын өткіземіз. Бүгінгі облыстық басылымның ізашары — «Кедей» газетінің алғашқы саны 1924 жылдың 7 маусымында жарық көрді. Жүз жыл ішінде газет атауы «Кедей», «Алға», «Социалдық жол», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунистік жол», «Ақтөбе» деп, жеті рет өзгерді. «Кедей» газеті бастапқыда аптасына бір рет, екі бет көлемде жарық көріп тұрған. Ал қазір облыстық «Ақтөбе» газеті аптасына екі рет, 8 және 24 беттік көлемде шығады. Бір ғасыр бойы өңір жылнамасын жазып келе жатқан өңірдің бас басылымында қазақтың қабырғалы қаламгерлері қызмет жасады. «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығын атап өтуді бастап кеттік. Өткен айда шаңғыдан облыстық турнир өткіздік, білім беру мекемелері мен оқу орындарында редакция қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылды. Осындай шаралар жыл соңына дейін жалғасады. Облыстық басылымның тойы — өңір оқырманының тойы, — деген Раукен Отыншин ардагерлерді ұжым атынан Наурыз мерекесімен құттықтап, олардың баспасөз саласындағы еңбектеріне тоқталып, мықты денсаулық тіледі.

 

Облыстық «Ақтөбе» газетінің ғасыр жылнамасын жазуға атсалысқан ақпарат саласының үздіктері, ардагер журналистеріміз Аманқос Орынғалиев пен Жанғабыл Қабақбаев мерекелік шарамыздың төрінен орын алды.

Әуелі сөз сөйлеген Аманқос Орынғалиев:

— Біздің ардагеріміз деп шақырғандарыңыз үшін рақмет. Біз бұрынғы кеңес дәуірін көрген адамдармыз ғой. Қалада қалай болғанын білмеймін, осыдан 60-70 жыл бұрын ауылда 14 наурызда Көрісу күнін тойлап жататын. Ескі жыл санау бойынша наурыздың 14-іне жаңа жыл кіреді. Ел Президентінің де 14 наурызды мереке деп жариялауының осындай негізі бар. Наурызда, әдемі шақта кездесіп отырмыз, мереке құтты болсын! Амандық тілеймін, — деді.

Ал Жанғабыл Қабақбаев:

— Өзім бір кезде қызмет істеген қара шаңырақта кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Ең алдымен, осы мерекелік іс-шараға шақырғаны үшін «Ақтөбе Медиа» серіктестігінің директоры Раукен Сағызбайұлына, облыстық газеттердің және журналдың ұжымдарына көп рақмет айтамын.

 

Наурыз мейрамы, ең алдымен, халқымызды, елімізді ынтымақ пен бірлікке шақыратын тәрбиелік маңызы зор мереке.Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен ұлттық рухани құндылықтарды жаңғырту, жеткіншек ұрпақтың санасына сіңіру қолға алынып жатыр. Соның бір белгісі — Амал мерекесі. Наурыз тек бізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде мемлекеттік дәрежеде аталып жүр. Бәріңізге мереке құтты болсын!

Биыл 100 жыл толатын «Ақтөбе» газетінің мерейтойы құтты болсын! Қаламдарыңыз мұқалмасын! Жүздеріңізді мұң шалмасын! Бәріңіз де халыққа, елге қызмет етіп, абыройлы болыңыздар! — деді жылы лебізін білдіріп. Аға буын ағалардың құрметіне журналист Айбек Тасқалиев Жарасқан Төлебаевтың «Бағдаршам» әнін орындады.

 

Мерекелік кеш барысында Қазақстанның құрметті журналисі Жақсылық Айжанов, ақын, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев, «Ақтөбе Медиа» бас директорының орынбасары Айгүл Нұркеева, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай мен облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Гүлсім Назарбаева әріптестерін Наурыз мейрамымен құттықтап, ізгі тілектерін айтты.

Бұл күні «Ақтөбе Медиа» компаниясының қызметкерлері мен журналистері ұлттық киімдерін киіп, жасанып, жарқырап жүрді, аға буынмен естелік суретке түсті.

Баспасөз орталығының кең залының бір бұрышында киіз-төсеніштер жайылып, қазақ халқына ғана тән оюлы және құрақ көрпелер, келі-келсап, тоқылған ши, текемет-алаша, қоржын, сандық, самаурын секілді көне жәдігерлер қойылды.

Наурызкөженің дәмі тіл үйірді. Шұбат та мол болды.

Халық шығармашылығы үйінің «Әдеп» халықтық тобының әншілері Қуанышгүл Серікбаева мен Құралай Әленова домбырамен халық әндерінен попурри айтып, кештің көрігін қыздырды.

Іс-шара барысында әріптестеріміз сан қырынан танылды. «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Мейрамгүл Рахатқызы Шәмшінің «Арқалықтың ақ таңын» шырқаса, журналист Ақмарал Мұқашева Жанар Қожағазинаның «Қазақ қызы әдемі» әнін орындады. Кейбір қызметкерлердің ән айтатын өнері барын осы кеште біліп жаттық. Мәселен, кітапханашы Жұлдыз Матжан «Алғыс» әнімен әріптестеріне алғыс айтса, іс-шараларда биімен таңғалдыратын бухгалтер Ақерке Шәмілова бұл күні еш сүйемелдеусіз Абайдың әніне салды.

Наурызға арналған отырыста редакциямыздың ақсақалы Аманқос Орынғалиұлы бата берді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button