Мереке

САДАҚ АТЫП, АРҚАН ТАРТТЫ

Ұлттық спорт күнінде Ақтөбе қаласының Өнер орталығы алаңында ұлттық спорт түрлері бойынша мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Бұл күні облыс әкімдігі алаңынан бастау алған атты спортшылар шеруі Өнер орталығы алаңына дейін жалғасты. Алаңға жиналған көпшілік шерушілерді салтанатты жағдайда күтіп алды. Мерекелік іс-шарада халқымыздың ұлттық ойындарының бірі — аударыспақтан түрлі салмақ дәрежесі бойынша спортшылар өзара сынға түсті.

Наурызнама тұжырымдамасына сәйкес өткізіліп жатқан Ұлттық спорт күні аясында бұл жерде ұлттық ойындарымыздан түрлі жарыстарды ұйымдастырғанды жөн көрдік. Нақтырақ айтсақ, Ақтөбе қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен өзге де спорттық мекемелердің өкілдері ұлттық ойындардан өзара сынға түсті. Әсіресе арқан тартыс, садақ ату,  гір тасын көтеру, қол күресі, аударыспақ, ләңгі тебу сияқты жарыстарға олар белсенді қатысып жатыр, — деді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс  Шоқпытов.

Мерекелік іс-шараға 200-ге тарта адам қатысты. 8 команда қатысқан арқан тартыста қыздар құрамасы жеңіске жетті. Олар — ересектер арасындағы спортшы қыздар. Ақтөбедегі ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Мәди Бимұрзиннің айтуынша, жеңімпаздар қатарында алдымызда өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына батыс аймағы бойынша іріктеуде бірінші, ал Астана қаласында еліміздің әр облысынан арқан тартысы бойынша іріктеуге қатысқандар арасында үшінші орынға табан тіреген қыздар бар.

Ұлттық спорт түрлерінің ішінде арқан тартыс, ләңгі тебу сияқты ойындарымыз енді-енді дамып, жетіліп жатыр. Меніңше, мұндай ұлттық ойындарымыз мектептерде көбірек ұйымдастырылып, арнайы сабақ ретінде жүргізілуі керек.  Өңірімізде ат спорты түрлері жақсы дамыған. Ұлттық спорт түрлері бойынша үйірмелерге қатысушылар қатарының жыл өткен сайын көбейіп жатқаны қуантады, — деді М.Бимұрзин.

Ұлттық спорт күніне арналған мерекелік іс-шараға жиналғандар белгілі әншілер мен өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button