Басты жаңалықтар

КӨРІСУ — ІЗГІЛІК МЕРЕКЕСІ

14 наурызда Байғанин ауданында амал мерекесі тойланды. Бұл күні аудандық Мәдениет үйі алаңында «Наурыз — мерекем, наурыз — берекем» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.
Көрісу күнін тойлауға жиналған жұрт көп болды. Жұртшылықты аудан әкімі Айбек Көпенов мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ауыл ақсақалы Амантұрлы Бақтығалиев халыққа ақ батасын берді.
Тұрғындарға көже таратылып, спорттық ойындар ұйымдастырылды. Жігіттер садақ атып, арқан тартысты. Аудан басшысы да ойынға белсенді қатысты. Ол ауыл балаларымен бірге асық ойнады.
Мерекелік іс-шара барысында қойылған «Амал келді — Жыл келді» театрландырылған көрініс те тартымды, әсерлі шықты. Мереке ауыл өнерпаздарының ән шашуымен жалғасты.

15 наурыз — Наурызнама онкүндігінің «Қайырымдылық күнінде» аудандық мешіт алдында қайырымдылық керуені жолға шықты. Бұл күні біраз адамға көмек көрсетілді. Түрлі шаруашылықтардың басшылары демеушілік көрсетті. Сондай-ақ кәсіпкерлер, мешіт жамағаты және тәжік-ауған соғысы ардагерлер қауымдастығы атынан 40-қа жуық отбасыға азық-түлік өнімдері таратылды. Айта кету керек, ауданда бұл игі іс-шара күн сайын өткізіледі.
16 наурыз — «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» де ауданда кең көлемде тойланды. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен «Салт-дәстүр — сан ғасырлық саф мұра» атты іс-шара өтті. Ұмыт қалған дәстүрлерді дәріптеу мақсатында интеллектуалды сайыстар ұйымдастырылды. Жұртшылыққа көже таратылды. Жастар арнайы тігілген киіз үй маңында спорттық ойындардан бақ сынасты. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

17 наурыз — «Шаңырақ» күнінде аудандағы ата-аналарға ерекше көңіл бөлініп, құрмет көрсетілді. Т.Жармағанбетов атындағы орта мектепте «Ұлттық ойындар — халық мұрасы» атты ата-аналар арасында сайыс ұйымдастырылды. Аталған шараға 94 ата-ана қатысып, қол күрес, бес табан, бес асық секілді спорттық ойындарды ойнап, мәре-сәре болды. Жүлдегерлер марапатталып, бағалы сыйлықтар иеленді.
18 наурыз — «Ұлттық киім күніне» орай аудан тұрғындарының қатысуымен флэшмоб ұйымдастырылды. Қазақ киімін киген 150 тұрғын үшін арнайы түсірілім жасалды. Бейнероликте «Ұлттық киім — ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі», «Сұлулық пен сән, ұлттық рух ұлттық киімнен бастау алады» деген ұрандар айтылды. Қазір бұл бейнеролик әлеуметтік желі қолданушылары арасында оң бағаға ие болуда.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button