Басты жаңалықтар

ҰЛТ БОЛАШАҒЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНЕН БАСТАЛАДЫ

Ұлттық құрылтай — ұлт болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, шешім іздейтін бірегей алаң. Кезінде хандарымыз бен билеріміз бас қосқан келелі кеңестерде тұтас елдің тағдыры шешілген. Кешегі Атырау қаласында өткен Құрылтайда да ел ертеңіне қатысты салиқалы пікірлер айтылды.
Ел Президенті Тәуелсіздік, Республика, Бірлік мемлекеттілігіміздің мызғымас тұғыры екенін қайталап айтты. Біз бұл ұғымдарға ерекше мән беруіміз керек. Біздің басты құндылығымыз да — осы. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз десек, мықты ұлт, іргелі мемлекет құруға күш салуымыз қажет.
Құрылтайда Мемлекет басшысы ұлт болашағына балта шабатын нашақорлық, электронды темекі, насыбай ату, лудомания секілді мәселелерге ерекше тоқталды. Елімізде есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаланады. Құрылтайда ел Президенті есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайтуды, ең ауыр қылмыстарға теңестіруді ұсынды. Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатқаны да айтылды.
«Қазір — ХХІ ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллекті қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде, бұл — барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату қажет. Жалпы, насыбай өндіріп, оны таратқаны үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершілік тым төмен. Қазір осыған қатысты заңдарға түзету енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Онда вейп қана емес, насыбай таратқаны үшін де қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Бұл қадам насыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді», — дейді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Еліміздің ертеңі — жастар» десек, мұғалім ретінде мен де ұлт болашағына алаңдаймын. Балалар мен жасөспірімдер жаман әдеттерден аулақ болсын десек, ең әуелі өзімізді тәрбиелейік. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Жұмыс барысында да мектеп оқушыларына «жаман әдет жарға жығатынын» ескертіп, тәрбие сағаттарын, кейде әңгімелесулер өткізіп тұрамыз.

Гүлназ ЖҮГІНІСОВА,
№38 қазақ орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button