Басты жаңалықтар

БОСАҢСУҒА БОЛМАЙДЫ  

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өткізілді.

Жиынға полиция және төтенше жағдайлар департаменті, «Қазгидромет» мекемесі мен облыстық басқармалардың басшылары қатысты. 12 аудан әкімі бейнеконференция режимінде қосылды. Өңір басшысы олардың көктемгі су тасқынына қарсы атқарылған жұмыстары бойынша есептерін тыңдады.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов 1 наурыздан бастап барлық жеке құрам жоғары дайындық режиміне ауыстырылғанын мәлімдеді.

Облыстың барлық өзенінде мұз қатуы сақталуда. Дегенмен балықшылар, өзен-көлдің маңайында тұратын тұрғындар сақтық шараларын ескеруі қажет.

Айтып өту керек, наурыздың 11-12 күндері де қарлы боран күтілуде.

— Күні кеше республикалық маңызы бар Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз (Шалқар ауданы) автожолының 194-шақырымында қардың еруінен жолдың төмендетілген учаскесін су басты. Аталған учаскеде су өткізу құбыры жоқ. Бұдан өзге облыстың су тасқыны қаупі бар учаскелерін зерделеу барысында республикалық маңызы бар Қарабұтақ-Комсомол-Қостанай автожолының 27-шақырымындағы көпірді жөндеу, сондай-ақ 87-шақырымындағы су өткізу құбырын орнату қажеттілігі анықталды, — деді ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов.

Аймақ басшысы Ақтөбе қаласы, Ырғыз, Әйтеке би, Қобда және Темір аудандарының әкімдеріне басқарма басшылары, ТЖД-мен бірлесе, өз аумақтарындағы өзендерде мұз жару жұмыстарын жеделдетуді,  облыстық маңызы бар жолдардағы көпірлер мен су өткізу құбырларын тазарту, қар шығару жұмыстарын тоқтатпауды тапсырды.

— Берген есептеріңіз бен әр айтқан сөздеріңіз істеріңізге сай болсын. Күштік құрылымдардан шұғыл әрекет ету жасағы құрылды. Десек те босаңсымай, сақтық шараларына лайықты деңгейде назар аудару қажет, — деді Асхат Шахаров.

 

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button