Жаңалықтар

Жаңа автобустармен толықты

 

Облыс әкімі Асхат Шахаров сыйымдылығы 80 орындық 30 жаңа автобусты қарап шықты. Жаңа автобустар №1, 11 және 25бағыты бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеді. 

«Yutong» маркалы автобустар климаттық бақылаумен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жиналмалы пандусы бар. Қарағанды облысының Сарань қаласында жинақталған.

«Автопарк» ЖШС директоры Ақарыс Тілеулесовтің айтуынша, «Yutong» маркалы 30 жаңа автобусты сатып алуға 2023 жылы тапсырыс берілгенімен, олар биыл наурыз айында жеткізілген. 2023 жылы мекеме 42 автобус сатып алыпты.

Кәсіпорын өзінің автопаркін біртіндеп жаңартып отырады. 2022 жылы «ЛиАЗ», «ПАЗ» және «Yutong» маркалы 33 автобус сатып алынды. Биыл қазан айында тағы 50 автобус әкелу жоспарланып отыр. «Автопарктен» қоғамдық көліктерді жаңартуға 2022 жылы 1,4 миллиард теңге, 2023 жылы – 2,7 миллиард теңге, 2024 жылы 3,5 миллиард теңге қарастырылды, — деді Ақарыс Тілеулесов.

Аймақ басшысы қоғамдық көліктер санын әлі де арттыруды, автобустарда тұрғындарға сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз етуді, әсіресе, жиіліктің кестеге сай қадағалануын, сондай-ақ қауіпсіздік ережелерін сақтауды бақылауда ұстау керектігін алға тартты.

Қазір «Автопаркте» 125 автобус бар. Қазан айында 50 автобуспен толықса, жабдықталу 95 пайызды құрайды.

Ақтөбеде 4 кәсіпорын 46 бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдаумен айналысады. Олар: «Автопарк» ЖШС — 23 бағыт, «Qala Trans» ЖШС – 9 бағыт; «Табыс-Ақтөбе» ЖШС — 11 бағыт; «Akzhayik Avtopark» ЖШС — 3 бағыт. Күнделікті желіге орташа есеппен 278 автобус шығады.

 

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button