Жаңалықтар

Жақсылық жарысына — жаңа серпін

Ораза

Хижра күнтізбесі бойынша рамазан айында барша мұсылманға ораза ұстау парыз етілгені белгілі. Биыл рамазан айы наурыздың 11-інде басталып, 30 күнге созылады. Қадір түні сәуірдің 5-інен 6-сына қараған түнге сәйкес келеді. Ал 10 сәуірде Ораза айт мерекесі басталады.

Бұл туралы сәрсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Ораза құлшылығы мұсылмандарға хижраның екінші жылында парыз етіліп, содан бері жалғасып келеді. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді», — делінген. Араб тілінде оразаны «саум» дейді. Бұл «бір нәрседен алшақ тұру», «адамның өзін тізгіндей білуі» және «жол бермеу» деген мағынаны білдіреді, — деді облыстың бас имамы Серікжан Еншібай.

Ал таратып айтқандағы мағынасы — арнайы ниет ете отырып, таңның атысынан күннің батысына дейін ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу, өзін шыңдау.

Рамазанның алғашқы күнінде Ақтөбе қаласы бойынша ауыз бекіту уақыты таңғы сағат 6.04-ке сәйкес келеді. Осы мезгілге 10 минут қалғанға дейін сәресін ішіп болу керек. Тұтас рамазан айына емес, әр күннің оразасы үшін: «Алла ризалығы үшін таңнан күн батқанға дейін рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім» — деп, жеке-жеке ниет ету қарастырылған.

Ақтөбе қаласы бойынша алғашқы күнгі ауызашар уақыты — 19.15. Ауызашар дұғасы: «Иә, Алла! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Өзің берген ризықпен ауыз аштым. Саған иман етіп, Саған тәуекел еттім. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келер күнәларымды кешіре гөр!» — деп оқылады.

Рамазан айында әр отбасы пітір садақасын береді. Пітір садақаның мөлшері ҚМДБ-ның төралқа жиынында 640 теңге болып бекітілген. Пітір садақасын берудің шарттары бар: біріншіден, адам мұсылман болуы, екіншіден, еркін азамат болуы керек, сондай-ақ меншігіндегі мал-мүлкі нисап мөлшеріне (85 грамм алтын) жетуге тиіс. Дегенмен пітір садақасы дүние-мүліктің емес, жан басының садақасы болғандықтан, зекеттегі секілді негізгі қажеттілігінен артық дүние-мүлікке ие болғанына бір жыл толуы шарт емес. Пітір садақасы рамазан айының алғашқы күнінен бастап, Ораза айт намазына дейін беріледі. Пітір садақасын жетім-жесірге, мұқтаж жандарға және білім жолындағы студенттерге беру үлкен сауап болып саналады. Сондай-ақ мешіттерге де беріледі.

Бір күндік фидияның мөлшері биыл 3400 теңге болып бекітілді. Ораза ұстай алмайтын қарт кісілер мен созылмалы ауруы бар науқас жандардың 3400 теңгені 30 күнге көбейтіп, мұқтаж жандарға садақа етіп беруіне болады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының халықты жарылқаушы айда жақсылық жасауға, яғни әртүрлі бағыттағы қайырымдылық іс-шараларға белсене қатысуға шақырып отыр. Бұған облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті де үн қосып, қасиетті рамазан айын жоғары деңгейде атап өту мақсатында бірқатар іс-шаралар жоспарын әзірледі. Қала мешіттерінде қазақы дәстүр бойынша киіз үйлер тігіліп, ауызашар дастарқандары жайылады. Рамазан айына тән тарауих намазында Құран хатым түсіріліп, ораза айы имандылық құндылықтарын насихаттау жұмыстарының алаңына айналмақ. Сондай-ақ «30 күнге — 30 сауап» қайырымдылық акциясының аясында мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіледі. Құранда Алла Тағала: «Жақсылықта жарысыңдар!» деп бұйырған. Біз осыны еске салып, барша ақтөбеліктерді әрдайым жақсылықта жарысуға және рамазан айындағы қайырымдылық шараларына үлес қосуға шақырамыз, — деді облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы.

 

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Кестеге тақырып: РАМАЗАН АЙЫНДАҒЫ ОРАЗА ЖӘНЕ НАМАЗ КЕСТЕСІ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button