Мереке

Аппақ қыз

Ақтөбелік Аружан Мекилова — ерекше жаратылған қыз. Альбинос. 8 наурыз мерекесі қарсаңында арумен тілдескен едік…

Отбасында орны бөлек…  

Хромтау ауданының Тамды ауылында туып-өскен Аружан қарапайым қазақ отбасынан шыққан. Өзінің сырт келбетін де кішкентайынан қалыпты құбылыс ретінде қабылдағанын айтады. Бұған ата-анасының ықпалы зор.

— Шыны керек, альбинос болғаныма ұялып немесе басқалардан қысылған кезім есімде жоқ. Өзімді бар болмыс-бітіміммен жақсы көремін. Айнаға қарағанда келбетім өзіме ұнайды. Анам да ес білгелі әрдайым: «Сен ерекшесің, бұны  мақтан тұт», —  деп айтып отырады.

Балалық шағым ауылда өткендіктен, көрші-көлем, сондағы жұртшылықтың маған көзі үйренген. Содан болар, альбинизмге қатысты ешқандай қызық оқиғаға тап болмаппын. Ал қалаға көшіп, университетке оқуға түскенде аздап қобалжығанымды мойындаймын. «Курстастарым қалай қабылдайды?» деп ойладым. Көп ұзамай бұлай уайымдауым бекер екенін түсіндім. Бірінші күні ғана таңырқай қарағанмен, кейіннен ешқайсысы ләм-мим демеді. Рас, дүкенге, көпшілік орындарға барғанда сұқ саусағын шошайтып, бетін шымшитындар, мені көргендегі әсерін басқаларға ерекше екпінмен айта жөнелетіндер ұшырасады. Ондайға мән бермеуге тырысамын. Көбіне-көп таңданысын білдіріп, сұрақтың астына алып жатады. Жақтырмайтындарды да байқаймын, бірақ соны бетіме келіп біреуі де айтқан емес, — деп күлді кейіпкеріміз.

20 жастағы бойжеткеннің отбасында басқа альбинос жоқ. Ата-бабасының арасында түр-түсі өзі сияқты ерекше адамдардың бар-жоқтығын білмейтінін айтты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 4-курсында оқитын студент ең әуелі адамгершілік, жүректің тазалығына баса назар аударатынын, сыртқы көрініс соңғы орында екенін атап өтті. Болашақ психолог жылма-жыл қай нәрсеге де бейтарап қарап, адамдардың жеке шекарасына қол сұқпайтындардың көбейіп келе жатқанына қуанышты екенін қосты. Оның ойынша, жаһанданудың бірден-бір көрінісі — осы.

МІНЕ, ҚЫЗЫҚ!

Өзінің осынау генетикалық ерекшелігін негізгі табыс көзі һәм кәсібіне айналдырғандар аз емес.

Мәселен, альбиностар Деннис Херли, Шон Росс, Конни Чиу — әлемге әйгілі актерлер мен модельдер.

1960-2006 жылдар аралығында дүниежүзінде осындай адамдар туралы 68 фильм түсірілген. Дені оларды құбыжық, жағымсыз кейіпкер ретінде көрсетеді. «Матрица: Перезагрузка» мен «Код да Винчи» картиналары — соған анық дәлел.

Бокспен шұғылданатын бойжеткен

Альбинос болғанының арқасында Аружан бүгінге дейін бірнеше жарнамаға түсіп, фотомодель ретінде түсірілімдерге қатысқан. Дей тұрғанмен болашағын ол саламен байланыстыруға түбегейлі қарсы. Бос уақытта, өзінің көңілінен шығатын ұсыныстар түскенде ғана аталған іспен айналысатын әңгімелесушіміз:

— Модельдіктен басқа да «хоббиім» жетеді. Бокспен шұғылданып, садақ атқанды, кітап оқығанды жаным сүйеді. Сосын өмірімді музыкасыз елестете алмаймын. Түрлі жанрдағы әндерді күні бойы тыңдауға бармын.

Бұйыртса, осы жазда қолыма дипломымды аламын. Қазіргі таңда дипломдық жұмысымды жазып, соны өз деңгейінде қорғауға дайындалып жатырмын. Алдағыны Алла біледі ғой, жоғары оқу орнын бітіргесін не істейтінімді айта алмаймын, — деген Аружан клип, киноға түсуге шақырса қуана келісетінін тілге тиек етті.  Бір қызығы, ол жағымсыз, қызуқанды кейіпкерді сомдағысы келетінін, табиғаты соған жақын екенін білдірді.

Альбиностарға ортақ қасиет —  көзінің нашар көретіні, күн сәулесінен қатты сақтанатыны. Аружанның да күн көзінен қорғанып, сыртқа көзілдіріксіз шықпайтынын, лажы болса ыстық күндері үйде отыратынын білдік. Сондай-ақ ұдайы көз дәрігеріне қаралып, жанарына ерекше күтіммен қарайтын көрінеді.

Альбинизм ауру түріне жатпағандықтан, мұндай адамдардың дүниежүзі бойынша нақты  қанша екені белгісіз. Қазақстанда да арнайы статистика жүргізілмейді. Осы мақаланы жазу барысында БАҚ-тағы әріптестеріміздің мақалаларынан Астана, Ақтау және Атырау қалаларында осындай адамдардың барына көзіміз жетті. Олардың арасында маңғыстаулық апалы-сіңлілер Әсел мен Камила бейнеклипке түсіп, телебағдарламаларға жиі қонақ болып жүр. Біздің кейіпкеріміз де өмірде альбиностарды көрмеген, тағдырластарын тек әлеуметтік желілер арқылы танитын боп шықты.

«Альбинос болу — мен үшін керемет. Бұны Алланың сыйы деп білемін. Шындап келгенде, әр адам өзінше ерекше, бір-бірімізге ұқсамаймыз ғой… Соған қарамастан, қазір шашын түрлі түске бояп, денесінің әр жеріне пирсинг немесе татуировка салып, елден айрықша болуды қалайтындар аз емес. Әлгінде айтқанымдай, маған адамдардың бәрі бірдей. Сондықтан оларға да аса таңғалмаймын, сол күйінше қабылдаймын. 

Кейбір альбиностар сияқты бет-бейнемді өзгертіп, жұрт қатарлы болуға ешқашан талпынбадым. Шашым, қас-қабағым, терім ақ болса, Құдайдың бергеніне қарсы келмеймін. Бояуға қарсымын», — деп ағынан жарылды ешкімге ұқсамайтын қыз.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Альбинизм сирек кездесетін генетикалық аномалия. Аталған термин латын тілінен енген, тәржімалағанда albus  — «ақ» деген мағынаны білдіреді. Әдетте бұл тұқым қуалайды, шақалақ ауырғанда да пайда болуы мүмкін. Дәрігерлер бұның адам ағзасында меланин ферменті жоқтығына байланысты түзілетінін айтады.

Санайғақтарға сүйенсек, дүниежүзі бойынша 20 мың адамның арасынан 1 альбинос кездеседі екен. Африка елдерінде осындай ерекше адамдар біршама, әр 3 мың қаранәсілдінің біреуі аппақ болып дүниеге келеді.

Қоғамда оларға деген көзқарас әртүрлі. Айталық, Танзания Республикасында альбиностар айтарлықтай қысымға ұшырайды. Себебі «мұндай адамдардың еті — кез келген кеселге ем» деген жаңсақ түсінік бар. Ғаламтор беттерінен 2006 жылдан бері жоғарыда аталған мемлекетте 71 сондай адамның кісі қолынан қаза тапқанын білдік…

Көктем мерекесі: ол күтетін сыйлық

Аружан Мекилованың 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне қатысты да ой-пікірі бөлек. Оның айтуынша, атаулы күнде қыз-келіншектердің мүддесі басты қаперге алынып, сол бағытта нақтылы істер қолға алынуы керек.

— Әдетте бұл мейрамда ана, апа-сіңлілерді құттықтап, сыйлық жасаумен шектеліп жатамыз. Мәселе сонымен шешілмесе керек. Биылғы мереке тұсында елімізде әйел затын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын, әлеуметтік жағынан қолдайтын заң қабылданса, қуанар едім. Әйтпесе таңертең ояна сала әлеуметтік желілерден жан түршіктіретін жаңалықтарды оқимыз… Өркениетті, саналы қоғамда адамдар бір-біріне қамқорлық танытса, зәбір көрсетпесе екен деймін.  

Кез келген адамның таңдауына құрметпен қарап, Конституцияда атап өтілгендей, мемлекеттің басты байлығы — адам екенін барлығы іс жүзінде жете түсінгенін қалаймын. 8 наурыздағы басты тілегім — сол.

Шыны керек, осы Халықаралық мерекені ерекше тойлағаным да, сол күні алған сыйлық та есімде қалмапты. Биыл әйелдерге өзін-өзі қорғауға үйрететін курсқа сертификат тарту етсе, мәз болар едім, — деген мереке иесі барша бикештің ең аяулы арман-мақсатының орындалуына тілекші екенін білдірді.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button