Еңбек құқығы қорғалады
Былтыр облыста жазатайым оқиғалардың салдарынан 80 адам зардап шеккен. Оның ішінде 13 жұмысшы өндіріс орындарында көз жұмған.
Бұл туралы брифингте облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Жандос Әлімов айтып берді.
Оның айтуынша, былтыр аталған басқармаға еңбек құқықтары бұзылған азаматтардан 2196 өтінішкеліп түскен. Ал биыл жыл басынан бері 227 адам шағымданған.
— Мемлекеттік еңбек инспекторлары келіп түскен өтініштер негізінде өткен жылы 440 тексеру жүргізіп, 583 заңбұзушылық дерегін анықтады. Нәтижесінде жұмыс берушілерге 203 ұйғарым беріліп, 24,5 миллион теңгеге 130 әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ былтыр шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарға 23 тексеру жүргізіліп, 40 заңбұзушылық анықталды. Оларға 15 ұйғарым берілді және 2,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал биыл жүргізілген 32 тексеру негізінде еңбек заңнамасын бұзған 55 дерек анықталып отыр. Аталған заңбұзушылықтар бойынша кәсіпорындарға 12 айыппұл салынды. Олардың дені — жалақының, өтемақы төлемдерінің толық және уақтылы төленбеуі, сондай-ақ еңбек шарттарының заңсыз бұзылуына қатысты, — дейді басқарма басшысы.
Өткен жылы облыс кәсіпорындарында өндірісті үш және одан да көп сағатқа тоқтату қаупі туындағанеңбек даулары тіркелген. Мұндай жағдайлар «Батыс Мұнай» және «Батыс Мұнай С Групп» ЖШС сервистік кәсіпорындарында болған. Оларда қызметкерлер жалақыны 100 пайызға көтеруді талап еткен. Жүргізілген келіссөздер нәтижесінде жалақы екі кезең бойынша көтеріліп, жағдай реттелген.
— Қазіргі таңда еңбек дауларына байланысты«Еңбек тәуекелдері картасы» жасақталды. Осы карта өңірдің 4 кәсіпорнында сақталуда. Олар— «Пожсервис групп», «Ұлы қабырға», «Ақтөбе мұнай маш комплект» және «СНПС-АқтөбеМұнайГаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Бұл кәсіпорындарда жұмысшылар жалақыны көтеруді сұрап отыр, — дейді Ж.Әлімов.
Д.АЙДАР.