Бір сағатпен жүреміз
Уақыт белдеуі
Үкіметтің «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» Қаулысына сәйкес бүгіннен бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай сағаттық белдеу белгіленеді (UTC+5).
Осылайша Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00.00-де) жергілікті уақытты 1 сағат кейінге шегерді.
Күні бүгінге дейін Қазақстанда UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуі болды. Еліміздің өңірлерінің басым бөлігі UTC+6 аймағында орналасқан.
Қазақстанның бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мәселесін жан-жақты зерделеу үшін министрлік жұмыс тобын құрды.
Ғалымдардың пікірінше, қазіргі UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді. Бұл адам денсаулығына кері әсер етеді. Сарапшылар астана уақыты қолданылатын облыстар мен қалаларда сағат бір сағатқа (UTC+5) ауыстырылатын нұсқаны ұсынды.
Жыл бойы медицина, физиология, география, метрология сияқты түрлі бағыттарды ұсынатын жұмыс тобының мүшелері Қазақстан аумағында қолайлы уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеді.
Жұмыс тобының қатысушылары осы уақыт белдеуіне көшу ең дұрыс және оңтайлы нұсқа болып табылады деген пікірге келісті.
Айта кетейік, бірыңғай уақыт белдеуі әлемнің 175 елінде қолданылады.
Өз тілшіміз.