Жаңалықтар

Үшінші кезең өтіп жатыр

Декларация

Жалпыға бірдей декларация тапсырмағандар және толық емес немесе жалған мәлімет ұсынғандар әкімшілік жауапқа тартылады.Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту беріледі, бір жыл ішінде қайталап бұзса айыппұл қарастырылған.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің  өкілдері айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың 3-кезеңі өтіп жатыр. 1 қаңтардан бастап  заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндетті.

Декларацияны қалай тапсыратынын және онда қандай мәліметтерді көрсету қажетекендігін департаменттің бас маманы Ләззат Махамбет айтты.

— Азамат декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыруы қажет. Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ қағаз нұсқада пошта арқылы жіберуге немесе өздері барып ұсынуға да құқылы. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтың активтері мен міндеттемелері туралы декларация беруінен тұрады. Онда жеке тұлғаның барлық шетелдік активтері, жылжымалы, жылжымайтын мүлкі көрсетіледі, — деді ол.

Қымбат үй жануарларын декларациялау жануар иесінің қалауы бойынша ұсынылады.

— Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда азаматтар құны 1000 айлық есептік көрсеткіштен асатын асылтұқымды жануарлар мен құстарды өз қалауы бойынша декларациялай алады. Өз қажеттіліктері үшін бағатын жануарлар мен құстарды декларациялаудың қажеті жоқ, — деді Ләззат Махамбет.

Мамандар шетелдегі және Қазақстандағы активтерді барынша дұрыс декларациялау қажет екенін айтады. Өйткені бұл болашақта кірістерге салық салу кезінде ескерілетін болады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button