Жаңалықтар

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті

Отырыс барысында Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жергілікті атқарушы органдардың жұмысына қатысты жүргізілген талдау нәтижесін жариялады.

Департамент ұсынған дерекке сүйенсек, денсаулық сақтау, құрылыс және спорт салаларындағы квазимемлекеттік сектор субъектілерінде кең таралған тәжірибе мүдделер қақтығысының болуы анықталған. Бұған себеп –  жоғары тұрған мемлекеттік органдар тарапынан тиісті бақылаудың жүргізілмеуі.

Сондай-ақ, антикор облыс аумағында проблемалық объектілердің құрылысын бақылау бойынша жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда бірлескен шаралар жоспары бекітіліп, 4 нысан аяқталды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров департамент ұсыныстары негізінде әкім аппараты басшылығына қызметтік тергеу жүргізіп, кінәлі лауазымды тұлғаларды қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартуды, қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтірілген барлық заңбұзушылықты жоюды тапсырды. Сонымен қоса, терроризмге қарсы іс-әрекет бойынша насихат жұмыстарын күшейтуді жүктеді.

«Бәріміз бірге жұмыс істемесек,  мемлекеттік бақылау жүйесіне деген халық тарапынан сенімсіздік бола береді. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар тұрғындармен кездесуде мәселені қорықпай айтуы тиіс. Жалғыздың үні шықпайды. Нақты шаралар қабылдануы керек», – деді Асхат Шахаров.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button