Басты жаңалықтарМәдениет

«Айқай» гран-при алды

Сүйінші

Жақында жерлесіміз, белгілі кинорежиссер Кенжебек Шайқақовтың түсірген киносы халықаралық деңгейде өткен байқауда бас жүлде жеңіп алды.

Кенжебектің толықметражды көркем фильмі «Айқай» деп аталады. Осы фильм

Францияның Везуль қаласында өткен 30-шы халықаралық Азия фильмдері кинофестивалінде халықаралық Қазылар алқасы тағайындаған гран-приді жеңіп алды, сонымен бірге Орта Азия киносыншыларының «НЕТПАК» жүлдесін және Марк Хаас атындағы арнайы сыйлықты да иеленген. Ал басты рөлдерді сомдаған Орынбек Шаймағамбетов пен Арнұр Акрамға қазылар алқасының арнайы дипломы бар. Осылайша әйгілі кинофестивальде төрт бірдей жүлде алған отандық фильм Қазақстанның киноиндустриясына үлкен олжа салды.

«Айқай» фильмі — полигон аймағындағы шағын ауылда тұратын әке мен баланың өмірі жайлы. Мемлекеттің мәдениет саласында әр жылға белгіленген жоспарлы тақырыптары болады. Мысалы, әр жылы белгілі тарихи тұлғаларға, атаулы шараларға арналған тақырыптарға қатысты дүниелер жасалуын міндеттейді. 2021 жылы елімізде Семей полигонының жабылуына 30 жыл толды. Соған орай полигон тақырыбын қаузайтын сценарийлер сұралды. Мен осы тақырып туралы сценарий жазуды ыңғайлы және дұрыс деп таптым. Себебі елімізде 40 жыл үлкен қасіреттің ошағы болған Семей полигоны туралы, оның зардабы жайлы дүниелерді кейінгі ұрпақ ұмыта бастағандай. Ол туралы әрбір шығармашылық иесі айтуы керек сияқты. Полигон туралы арнайы дәлел-дәйектерден тұратын  деректі дүниелерді іздеген адам ғана көреді. Ал көркем дүниелер көрерменге, оқырманға тура бағытталады ғой. Бірақ фильмнің түсірілуі мен жасалуы белгілі себептермен бір-екі жыл атаулы датадан кейін көрерменге жол тартқалы отыр, — дейді К.Шайқақов.

Фильм Абай облысы Аягөз қаласының маңында Шыңғожа деген ауылда түсірілген. Сценарий бойынша басты кейіпкердің полигон зардабының кесірінен туғаннан екі аяғы қара санынан жоқ еді. Оның әйелі де сол жарылыстың құрбаны болған сияқты. Әлгі жарымжан әке тек он жасар ұлы екеуі тұрады.

— Міне, осы әке мен баланың рөліне актерді  көп іздедік. Әуелі кәсіби актер ойнаса деп көрдік. Кейін дамыған техниканың көмегін екі аяғын жоқ қылып көрсетсек деген ой болды. Бірақ бұл бәрібір оның қимыл әрекетінен сезіліп қалар еді. Сондықтан шынымен өмірде екі аяғы жоқ жандарды іздедік. Таптық. Қызылорданың бір ауылында тұратын Орынбек деген азамат ойнап шықты. Жақсы ойнады. Ойымнан шықты, — дейді автор.

… Эдвард Мунк деген норвег эксперссионист суретшісінің «Айқай» («Крик») деп аталатын әйгілі картинасы бар. Бастапқыда ол «Табиғаттың айқайы» деп аталыпты. Суретші егіс алаңына барғанда күннің ұясына батып бара жатқан кездегі сәтті көргенін, күннің қаны сорғалағандай қызыл жалыны айналаны шарпыған сәтті табиғаттың жанайқайы деп ұққанын жазады.

Семейдегі жарылыс алаңында сақталып қалған үлкен-үлкен мұнаралардың біріне екі мыңыншы жылдары Эдвард Мунктің осы картинасы салынған екен.

«Мен осы картинадан көз ала алмадым. Бұл картина біздің даламыздағы қайғылы оқиғаны айқайлап айтып тұрғандай болды. Сол картинаның атауы да, болмысы да біз іздеген тақырыпқа дәл келгендей болды», — дейді Кенжебек. Ырғыз ауданының Ақши деген кішкентай ауылында туып-өскен Кенжебектің бұл кинотуындысы Семей даласының «айқайын» осылайша әлемге жария қылды.

Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік Кореяда былтыр қазанда өткен әйгілі Пусан кинофестивалінде аталған фильм А Window on Asian Cinema бағдарламасында көрсетіліп, тұсауы кесілген болатын. Ал былтыр қарашада Бішкек Халықаралық кинофестивалінде режиссер Кенжебек Шайқақов «Үздік сценарий» номинациясы бойынша арнайы жүлдеге ие болған-ды.

Ауылдастың аты озса сүйінетін қазақпыз ғой, сонау Францияда өткен кинофестивальде бәйгеге шапқан баласына тілек білдіріп, тақымын қысып отырған ақтөбеліктер үшін де бұл жаңалықты бөлісіп қойсақ деп едік…

Қ.ҚҰДАЙБЕРГЕН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button