Басты жаңалықтар

Дастанның ерлігі

«Жыл адамы»

Ең қауіпті мамандықтардың бірі — өрт сөндіруші. Бұл салада қызмет ету үшін үлкен жүрекпен бірге, қайсар мінез, жігерлілік керек. Тілсіз жау салғырттықты кешірмейді. Күн сайын тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, адам өмірін құтқаруда көзсіз ерлікке баратындар да осылар. Оларды бейбіт күннің батыры деуге болады. Осындай жауапкершілігі мол жұмысты атқарып жүрген аға өрт сөндіруші, құтқарушы Дастан Тілеуқұлов өткен жылы төтенше жағдай кезінде көрсеткен ерлігі үшін Ақтөбе облысының «Жыл адамы» атанды.

Құтқарушы мамандығын игерген адамның ең басты міндеті — азаматтарды қауіп-қатерден арашалау. Тәуліктің қай кезінде болмасын өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қиындыққа тап болғандарға көмек көрсетуге дайын тұрады. Бұл салада 11 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Дастан Тілеуқұлов әскери қызметін өтеген соң бірден өрт сөндіру қызметіне жұмысқа орналасқан. Ең алғашқы еңбек жолын №3 өрт сөндіру бөлімінен бастаған. Кейіпкеріміздің бұл мамандыққа деген аңсары бала күнінен-ақ ауған. Ол бұл салада тек мамандығын шексіз жақсы көретін, таңдауына адал адамдар жұмыс істей алатынын айтады.

Өрт сөндіру саласында 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмын. Қызмет барысында түрлі өрт оқиғаларының алдын алуға ақпал еттік. Соңғы рет бау-бақша ұжымында болған өрттен адамдарды құтқардық. Ол кезде үйден өрт шыққаны туралы шақырту болды. Барсақ, үйді түгел өрт шарпыған. Ішінде газ баллоны бар екені айтылды. Жедел әрекет етіп, жарылыстың алдын алу үшін үйден газ баллонын алып шықтым. Осы еңбегім ескеріліп, өткен жылы «Жыл адамы» атандым. Бұл менің еңбегіме емес, біздің ұжымға берілген баға деп білемін. Өрт тілсіз жау болғанымен, өздігінен пайда болмайды. Ол көп жағдайда адамдардың ұқыпсыздығынан, бейқамдығынан шығып жатады. Адамдарды өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырып, оның алдын алу жұмыстарын жүргізсек те осындай жағдайлар болып жатады, — дейді өрт сөндіруші.

Кейіпкеріміз оқыс оқиға орын алған жағдайда қою түтіннің арасында салмағы 20 келіден асатын өрт сөндіру жеңінің өзін ұстап жүру оңай еместігін айтты.

Өрт сөндіру — жүректілердің мамандығы. Бұл саланы кез келген адам таңдамайды. Құтқару қызметінің әр күні қауіп-қатерге толы. Соған қарамастан, жұмысым өзіме қатты ұнайды. Кейде шақыртулар түскен кезде бойды үрей билейтіні рас. Алайда біздің салада қорқақтыққа орын жоқ. Ең бастысы, кез келген уақытта кез келген жағдайға сақадай сай дайын тұруымыз керек.

Әсіресе мереке күндері жұмысымыз қарбаласпен өтеді. Мәселен, 2022 жылдың 31 желтоқсанында кезекшілікте болдым. Сол күні алапат өрт оқиғасы тіркелді. Терезені сындырып, қайтыс болған екі адамды алып шықтық. Анасы мен қызы иістен уланған. Біреуі есіктің алдына дейін еңбектеп барған. Екіншісі жуынатын бөлмеге дейін өткен. Өрт кезінде ересек адам кереуеттің астына кіріп кеткен. Сыртта баласы «іште анам қалды деп» жылап тұрды. Осындай қиын сәтте жақынынан айырылып шарасыз қалған адамдар болмаса екен дейміз, — дейді Дастан Тілеуқұлов.

Оның айтуынша, өрт сөндірушілер физикалық, психологиялық даярлық оқуларын оқып тұрады. Жалпы жұмыс күні темірдей тәртіпке байланған. Күн тәртібі таңғы тексеруден басталады. Отыз минут ішінде ауысым қызметкерлерінің құжаттары, сырт киімі, жалпы ұсқыны мен автомобильдерге арналған рұқсаттама қағаздары тексеріледі. Одан соң еңбек адамдарынан қызметтік міндеттемелерін білуі бойынша сұрақтар қойылады. Өткен тәулікте атқарылған жұмыстар жөнінде бөлім басшысына баяндама жасалады. Одан соң ауысым кезекшілігі жүргізіледі. Ауысым кезекшілігіне отыз минут уақыт беріледі. Өрт сөндіру автомобилінің жүргізушілері өрт сөндіру техникаларын қабылдаса, өрт сөндіруші қажет құрал-жабдықтарды қабылдайды. Бұл ретте көліктің жалпы жұмыс істеуі, судың бар-жоғы, өрт сөндіргіш көбіктің деңгейі мұқият тексеріледі.

Күн тәртібі белгіленген кестеге сай жүргізіледі. Таңертең 8.00-де өрт сөндірушілер жұмысына кірісіп, кезекшілікті қабылдап алады. Ауысымды қабылдап алған кезекші маман техникалық құрал-жабдықтардың дұрыстығын тексереді. Өрт оқиғасы тіркелмеген жағдайда күн сайын теориялық және практикалық сабақ өткізіледі. Содан соң физикалық жаттығу жасаймыз.

Өрт сөндіретін құрылғыларды пайдаланғанда сақтық шараларын қатаң сақтау қажет. Мысалы, ғимараттың немесе басқа да объектінің белгілі бір аймағын қорғау үшін құбырлар жүйесі, басқару модульдері, көбік шығаратын қондырғылар пайдаланылады. Өрт сөндірушінің күнделікті киетін жауынгерлік киімі «боевка» деп аталады. Ыстық өткізбейтін киімдердің салмағы да ауыр. Өрт сөндіретін құрылғылар мен боевканың салмағын қосқанда бір өрт сөндіруші 7 келідей жүк арқалағанмен пара-пар болады. Ал осы арнайы киімді 17 секундта киіп, оқиға орнына жету — біздің басты міндетіміз. Өрт сөндірушіге қойылатын ең басты талап — шыдамдылық пен ерік-жігер. Сонымен қатар өрт сөндірушінің  спортпен шұғылдануы маңызды. Кейде биік ғимараттардан тек заттар ғана емес, адамдарды да түсіруге тура келеді. Сонымен қатар өрт сөндіруші арнайы техниканың барлық қыр-сырын меңгеруі керек,  — дейді жас құтқарушы.

Әріптестері Дастанның өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын әрі қолға алған ісін соңына жеткізбей тынбайтын батыл адам екендігін айтады.

—  Дастанды 2014 жылдан бері танимын. Ол кезде мен көлік жүргізушісі болып жұмыс жасайтынмын. Әріптесім түрлі апаттық оқиғаларда қайсарлығымен көзге түсе білді. Оның өртеніп жатқан үй ішінен жарылғалы тұрған газ баллонын алып шығуының өзі ерлікпен пара-пар. Өрт сөндіруші кез келген төтенше оқиғада жедел әрекет ете білуге тиіс. Біз күннің ыстығы мен суығына да үйренгенбіз. Су тасқыны кезінде де адамдарды құтқардық. Дастан — өз ісінің білгірі. Ол — әріптестерінің арасында сыйлы да тәжірибелі маман, —  дейді №3 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Нұржан Тілегенов.

Сұхбат барысында өрт сөндірушілер «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» — баспасөз өкілінің келгенін пайдаланып өрт оқиғаларының алдын алуға қатысты кеңестерін айтып, осыны міндетті түрде газетке шығаруды сұрады:

Тұрғындарға айтарым, қайғылы жағдайды болдырмас үшін өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтау керек. Демалған кезде немесе үйден шығып бара жатқанда электр аспаптарын, тұрмыстық техниканы электр желілерінен ажыратуды ұмытпаңыз, әзірлеп жатқан тамағыңызды немесе шәйнекті газ плитасында қалдырмаңыз. Электр тоғы қосылып қалса, ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан электр құрылғыларын пайдаланғанда сақтық шараларын қатаң сақтаған дұрыс,  — деді Нұржан Тілегенов.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button