Жаңалықтар

Study UK Alumni Awards жеңімпаздары анықталды

Қазақсандағы Британ Кеңесі (British Council) Study UK Alumni Awards 2023-24 байқауының финалистерін марапаттап, жеңімпаздарын анықтады.

Марапаттау рәсіміне Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстандағы Британ Кеңесінің директоры Роберт Тейлор және білім-ғылым саласындағы ұйым басшылары мен өкілдері қатысты.
Әрбір финалистке сертификат табысталып, жеңімпаздар кубок пен кәсіби дамулары үшін £2,000 көлеміндегі қаржылай грантқа ие болды.
«Study UK Alumni Award жеңімпаздары мен финалистері қоғамға, индустрияға, жалпы елдің дамуына оң үлестерін қосу үшін Ұлыбритания университетінде алған білімі мен тәжірибесін тиімді пайдаланған өз саласының көшбасшылары. Бұл беделді сыйақы Ұлыбританияның жоғары білімінің құндылығы мен түлектердің мансаптық және жеке дамуларына ықпалын байқатады, сондай-ақ, британдық түлектер мен оқыған университеттерінің халықаралық беделін арттырады. Аталған сыйақыны Британ Кеңесі тоғыз жыл қатарынан дүние жүзіндегі Ұлыбританияның халықаралық түлектеріне жоғары жетістіктері үшін табыстап келеді. Ал, Қазақстанда бұл байқау биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр», — деді Британ Кеңісінің Коммуникация бойынша кеңісшісі Шынар Шәкенова.
Биыл аталған байқауға 43 үміткер қатысып, 12 финалист таңдап алынған, оның ішінде төрт санат бойынша төрт жеңімпаз анықталды.
Айта кетейік, «Culture and Creativity» номинация бойынша финалистер арасында екі ақтөбелік журналист бар. «Ақтөбе Медиа» компаниясы директорының орынбасары Айгүл Нұркеева және «Egemen Qazaqstan» газетінің «Саясат және Құқық» бөлімінің аға тілшісі Гүлнара Жолжанова. Екеуі де 2017 жылы Ұлыбританияның Newcastle университетінде «Болашақ» бағдарламасымен білім алды.
«Қазақстандағы Study UK Alumni Awards сыйлығының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын! Ұлыбритания университеттерін тәмамдаған қазақстандық түлектеріміз британ білімінің озықтығын көрсетіп, екі ел арасындағы байланысты бұрынғыдан да нығайтып жатыр. Ең бастысы, біздің түлектерді Қазақстанды инновациялар мен өзгерістерге жетелейтін тұлғалар, өз салаларының нағыз сарапшылары және ойшыл көшбасшылары деуге болады. Мен осындай тамаша жастардың Қазақстанның болашағын құруда Ұлыбританияның білімі мен озық тәжірибесін әкеліп жатқанын мақтан тұтамын», — деді Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич.
Сонымен қатар Қазақстандағы Британ Кеңесінің директоры Роберт Тейлор: «Британ Кеңесінің білім беру бойынша жұмысы білім беру мен дағдыларды дамытуды интернационалдандыруға, Ұлыбританияның тәжірибесі мен инновациясын әлеммен бөлісуге және бірлескен жобаларда іске асыру үшін серіктестерді біріктіруге бағытталған. Биыл Британ Кеңесі халықаралық қызметінің 90 жылдығын, сондай-ақ Қазақстандағы ұзақ мерзімді дипломатиялық қатынасының 30 жылдығын атап өтеді. Байқау финалистері Ұлыбританиядағы білім беру тәжірибесін үлкен жетістіктерге жету үшін тиімді қолдана білген дарынды түлектердің шағын өкілдері», — деп атап өтті.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button