Әдебиет

Тұңғыш

Сара Мыңжасарова — 100

Елімізде әйел жазушылар арасында алғаш роман жазған Сара Мыңжасарованың туғанына — 100 жыл. Осыған орай биыл облыстық «Оқитын өлке» акциясы аясында Сара Мыңжасарованың шығармалары таңдап алынды.

Жазу өнерін кеншінің қауіпті де азапты еңбегіне теңеген жазушының туған жері — Шалқар өңірінде осыдан бір жыл бұрын аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Қазақтың тұңғыш романист қызы» атты әдеби кеш өткен болатын. Аталған танымдық іс-шараға қаламгердің көзін көргендерді шақырып, естеліктерін тыңдадық.

Әдеби кешке келген ақтөбелік өлкетанушы Жұмабай Асарбаев осыдан тура қырық жыл бұрын Алматы қаласында Сара Мыңжасаровамен бір дастарқанда дәмдес болғанын, сол отырыста Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Мәриям Қарақонақова сынды қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері жазушы апамызға керемет құрмет көрсеткенін айтты.

Сара Рахманқызының жанында жүріп, оның жазушылық шеберлігін өзіне үлгі тұтқандардың бірі — бүгінде Алматы қаласында тұратын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Мағира Қожахметова.

Сара Мыңжасарова — Орта Азия елдерінде тұңғыш роман жазған әйел қаламгер. Мен онымен шығармашылық жолда танысып, өмірінің соңғы күндеріне дейін жақын араластым. Ол туралы республикалық газеттерге жариялаған «Қазақтыңтұңғыш романист қызы», «Сара апаны сағыну» сынды мақалаларым да бар. Сара апамыз — қалам жүгімен қатар, талайына жазылған тағдыр жүгінде қоса арқалай алған рухы мықты жан. Сүйікті жары Мұқыш ағамыз тым ерте көз жұмды, жалғыз ұлы Оспанынан айырылды. Осыдан кейін ұзақ уақыт қалам ұстай алмай, шығармашылықтан алшақтағанда кездері болды. Бар мейірімін төккен жалғыз қызы Қарлығашы бүгінде Канадада тұрады. Сол жақта Сара апамыздың үлкен үміт күткен ғылым жолын қуған, профессор немересі Салтанат бар. Артында осындай із қалғанына тәубе дейміз. Сара апамыз көзі тірісінде Ғабит Мүсірепов, Зейнолла Серікқалиев, Сейфолла Оспанов сынды белгілі тұлғалармен жақын араласты.  Сара Мыңжасарованың есімін қалай ұлықтасақ та жарасады, есімін биіктерден көрсете алсақ, елдігіміздің белгісі, — деп тебіренген-ді Мағира Дәулетбекқызы.

Білетіндерден осылай естеліктер жиыстыруымыз — биыл есімі ғасыр биігіне жеткен жазушының шығармаларын насихаттаудың қанатқақты қадамы еді.

Сара Мыңжасарованың 100 жылдығына орай жақында Шалқар аудандық орталық кітапханасының коворкинг залында «Өз дәуірінің тамыршысы» атты әдеби кеш өтті. Осы шараға жазушының туған жері Кішіқұм ауылдық округінен арнайы келген ардагер ұстаз, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Аққайыр Оразбаев көптеген естелігімен бөлісті. Ардагер ұстаз айтқан әңгіменің өзегі  мынада болды:

1994 жылдың 7-10 желтоқсан күндері аралығында Сара Мыңжасарованың мерейлі 70 жасқа толуына орай  туған өлкесі — Кішіқұм ауылдық округінің орталығындағы Тоғыз орта мектебінде үлкен іс-шара өтеді. Аққайыр ағамыз ол кезде аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары екен. Сара Рахманқызы туған жеріне өзімен бірге жалғыз қызы Қарлығашты, Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі екінші хатшысы Бейбіт Қойшыбаевты, танымал ақын Сейфолла Оспановты ертіп келеді. Келелі кездесуге жергілікті жерден Шалқар ауданының сол кездегі әкімі Кеңес Абдуллин, орынбасары Құдаш Бекбергенов, Тоғыз селолық округінің әкімі Алтынбай Орынбаев, жерлес сатирик-жазушы Төрежан Мәндібай, аудандық «Шалқар» газетінің редакторы Мұқамбетали Есмағанбетов,  жергілікті әкімшіліктің тіл бөлімінің меңгерушісі Жанғабыл Қабақбаев және ауыл тұрғындары қатысады.

Мен ол кезде 40 жаста едім. Сол кездесуде мектебіміздің оқушылары «Төзім шеңбері» романынан монологтар оқыды, біз мұғалімдер болып көрініс қойдық, — дейді Аққайыр ағай.

Жазушы сол  келгенінде теміржол бойындағы №30 орта мектепте де кездесу өткізіп, өзінің балалық шағы өткен Қарашоқат стансасының шетінде орналасқан ата-анасының зиратына барып, тағзым етеді. Қаламгер өзі тұрған үйді көрсетуді өтінгенде ауылының жасы үлкен ақсақалы Зейнолла Ташкенин: «Міне, мына үйде сіздер тұрғансыздар, анаң Лайық 1936 жылдары елді бірыңғай сауаттандыру ісіне, сайлау жұмыстарына белсене араласты. Осы ауылдағы мектепте анаң бастауыш сыныпқа сабақ берген алғашқы ұстаздардың бірі болды», — деп жауап берген екен.

Сара Мыңжасарова сол сапарында кіндік қаны тамған Кішіқұм өлкесін үш күн бойы армансыз аралап, жерлестерінің дария көңіл сый-құрметіне ризашылығын білдіріп, Алматысына аттанады.  Бұл оның туған жеріне соңғы табан тіреуі екен.

Жазушының 100 жылдығына арналған әдеби кеш барысында оқырманға  Сара Мыңжасарова жайлы «Qazaqstan» ұлттық арнасынан 2015 жылы берілген деректі фильмнің үзіндісі көрсетілді. Оқырман қауым бейнероликтен жазушының тағдырлы өмір жолын естіп, қайсарлығына тәнті болды.

Шалқар қаласында қазір қаламгердің немере сіңлісі Жаңылдық Көптілеуова есімді тұрады. Денсаулық сақтау саласынан зейнеткерлікке шыққан ол студенттік шағында  Сара апасынан көп қамқорлық көріпті. Аудан орталығындағы «Анаға тағзым» ғимаратының кең залына ілінген шалқарлық құрметті аналардың суреттері қатарында Сара Мыңжасарованың да бейнесі бар. Аналар кеңесінің мүшелері жиі бас қосатын бұл орында «Қыр қыздары», «Әйел бақыты», «Төзім шеңбері» сынды романдар жазған жерлесіміздің табандылығы талай мәрте тақырыптарға арқау болды.

Осындай әдеби-танымдық шаралар ұйымдастыру барысында туған жерінде де жазушы апамыз туралы нақ білетін, көз көргендердің қатары сирегенін аңғардық. Алайда көкірегі ояу, қара орман оқырман барда қазақтың қайсар қаламгер қызы Сара Мыңжасарованың есімі ұмытылмайды.

Динара МАҚСАТҚЫЗЫ,

Шалқар аудандық орталық

кітапхананың кітапханашысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button