Аударыспақтан Қазақстан чемпиондары
Ақтөбе аударыспақтан командалық есеп бойынша еліміздегі үздік үштікке кіреді. Ат құлағында ойнайтын жерлестеріміз көкпар, жамбы ату, теңге ілу сияқты ұлттық ойындардан да осал емес. Оған дәлел ретінде түрлі деңгейдегі додаларда жарқырай көрінген спортшыларды айтуға болады.
Осы жолы біз ат спорты бойынша жақсы нәтижеге жетіп, сүйікті ісін негізгі кәсібіне айналдырған, содан жақсы табыс тауып жүрген шабандоздарға тоқталмақпыз.
Санаулы спорт шеберлерінің бірі
Қамбар ата тұқымы сенімді серігіне айналған Темірхан Иманғалиев — аударыспақтан екі дүркін Қазақстан чемпионы, теңге ілуден де ел біріншілігінде жеңіске жеткен. Жоғарыда аталған екі ұлттық ойын түрінен Қазақстанның спорт шебері. Өзінің айтуынша, елімізде мұндай екі бірдей атақты қорғағандар саусақпен санарлық: Алматы, Түркістан және осы Ақтөбе өңірлерінде бар.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
Аударыспақ — спортшыдан үлкен ептілікті, күшті, төзіммен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі (екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады).
Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатыса алады. Ал әзірлігі жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын. Сондықтан қазіргі тәртіп бойынша сайысқа 18 жасқа толғандар ғана жіберіледі. Қатысушылар өзара салмақдәрежесіне бөлінеді. Ондағы мақсат — жігіттерге неғұрлым тең жағдай жасау.
Ойында аты белді, жарамды, өзі мықты, отырысы мығым, білікті жігіттер жеңіп шығады.
37 жастағы жігіт кішкентайынан кермиық жануарға жақын болғанын айтады. Тай-құлындай тебісіп өскен аға-інілері де солай. Өйткені кейіпкеріміз — ауылдың баласы.
— Ес білгелі осы жылқының қасында болдым. Ат спортымен айналыстым. Соның жолын қуып, Орал қаласындағы институттың спорт факультетін тәмамдадым. 2012 жылдан бері облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жұмыс істеймін. Қазір теңге ілуден аға жаттықтырушымын, — деген Темірханның шәкірттері бірталай. Бүгінгі таңда әрқайсысында 5-6 жеткіншектен жаттығатын 3 топты ұлттық спортқа баулып жүр. Олар — 12-23 жас аралығындағы жігіттер.
Әуелі көкпармен айналысып, кейін теңге ілу, аударыспақ ойындарына ден қойған ол түрлі деңгейдегі жарыстарда жақсы өнер көрсетіп жүрген Нұржан Елжанов, Мадияр Мақсат, Азамат Битанов сынды інілерінен үлкен үміт күтетінін айтады. Аталғандардың барлығы — өзі еңбек ететін спорт мектебінің оқушылары. «Бізде ат спортымен 197 ер бала шұғылданады. Солардың арасынан бойы ұзын жігіттерді теңге ілуге іріктеп алсақ, ерекше қайратты, епті әрі төзімділері аударыспаққа таңдалады», — дейді сөз арасында атбегі.
Желтабан жүйріктермен бірге талай сайысқа қатысып, жүлдемен оралған спортшы арғымақтары туралы ұзақ әңгімелеуге бар. «Жақсы — ортақ» демекші, ат спорты мектебіндегі 41 сәйгүліктің арасынан байрақты бәсекелерде,негізінен,Алтын торы, 777, Аргондар Ақтөбенің намысын қорғайды екен. Жылқының жай-күйін жанары арқылы білетінін айтқан ол барлығы дайындыққа байланысты екенін атап өтті.
— Кез келген сынға ұялмай апаратын тұлпарларымыз бар. Көп нәрсе қалай күтіп-баптағаныңа да байланысты. Дәрі-дәруменін беріп, 40 күн бойы өз деңгейінде әзірлесең, олжасыз қайтпайды ғой. Асылы, жылқы бабында болу үшін 6-12 жас аралығында болуы керек. Өз басым тым жас немесе кәріаттарменешқайда қатыспауға тырысамын, — дейді чемпион.
Соңғы жылдары Ақтөбе қаласынан бөлек, Ырғыз, Шалқар, Қобда аудандарында ат спортының дамуы жақсы екенін айтқан тәжірибелі жаттықтырушы — 3 баланың әкесі. Қаладағы жұмысына Мәртөк ауданынан қатынайтын Темірханның мал шаруашылығымен айналысып, жылқы бағатынын білдік. 7 жастағы ұлын да осы өнер түріне баулып жүр екен.Өйткені бұныңтабысы жақсы, денсаулыққа да пайдалы. «Осы ат спортымен айналысқалы талай жарақат алдым. Сау жерім жоқ (күліп). Әсіресе аяқ, белге көп салмақ түседі. Дей тұрғанмен жылқы жануарына жақындаған адам одан алыстай алмайды, бір күш тартады да тұрады. Бұл ұлттық кодымыз болғаннан шығар, әлде қанға сіңген қасиет пе, атпен шаппасам, жаным жай таппайды. Бір қуантарлығы, жылма-жыл қолдау да күшейіп келеді. Мысалы, 200 мың теңге жалақымды айтпағанда, шәкірттерімнің жетістігіне қарай үстемеақы беріледі. Сондай-ақ чемпионаттан орын алсам, келесі сынға дейін мемлекеттік стипендия тағайындалады. Одан бөлек ірі жарыстарда сыйақыға ие болатынымыз бар. Жалпы, «Аттының несібесі алтау» деп бекер айтылмаса керек», — деп ағынан жарылды Т.Иманғалиев.
АЙТПАҚШЫ…
2005 жылы ашылған облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ат спортына жауапты жаттықтырушылардың саны — 14. Қазіргі кезде барлығы 549 жас осы спорт мектебіне барып жүр.
Дәулеттің арманы
Аударыспақтан жастар арасында Қазақстан чемпионы Дәулет Нағашыбаев аптасына 4 рет атпен жаттығатынын айтады. Аспаз болашақ өмірін жылқы жануарымен байланыстыруды мақсат етіп отыр.
— Бапкерім — Азамат Серғазин. Екеуміз спорт мектебіндегі аттармен кемінде 1,5 сағаттан дайындаламыз. Ағайыма алғысым шексіз, бар білгенін маған үйретуге, кәсіби шыңдалуыма қолдан келгеннің бәрін жасайды.
Шүкір, қазірдің өзінде жетістіктерім аз емес. Әйткенмен бір орында қалуға болмайды, әрдайым жаттығып отыру керек. Сол үшін дайындықты үзбеуге тырысамын.
2022 жылы Алматыда аударыспақтан жастар арасында өткен ел чемпионатында алтын медаль иемдендім. Соның арқасында ай сайын 85 мың теңге көлеміндегі стипендияны алып жүрмін. Осындай ірі додада тағы да жүлделі болсам, қаржылай қолдау жалғаса береді. Ендігі арманым — Азия чемпионы болу, — дейді 19 жастағы жігіт.
Ақтөбе сервис колледжінде аспаз мамандығын игерген әңгімелесушіміз осы жазда жоғары оқу орнына түсіп, спорт саласын кәсіби түрде жалғастыруды ниеттеніп отыр. Сөйтіп, болашақта спорт мектебіндегі ағайлары сынды жаттықтырушы болып, шәкірт тәрбиелемек. «Өзіммен ат спортына қатар келгендердің көпшілігі бұны қиынсынып, орта жолдан тастап кетті. Ал Мейірлан Әріпов, Данияр Сыдық тәрізді замандастарымның жетістіктері жақсы. Сол сияқты ат үстіндегі жаттығуға қызықтырып, өзім осында жетектеп әкелген Нұрбол, Әлішер, Бақдәулет деген балалардың талабы таудай», — дейді ол.
Оның айтуынша, ат спорты оған алдымен дәйім физикалық дайындықта жүруіне сеп болған. Сондай-ақ жақсы орта қалыптастырып, дос табуына әсер еткен. Баласының ат спортымен айналысып, бос уақытын ипподромда өткізуін әке-шешесі де қолдайды екен.
«Аттың сыры иесіне мәлім» екені анық. Дәулет кез келген додаға 777 деген жүйрікпен шығуға талпынатынын, төртаяқты «досының» жағдайын бір қарағаннан-ақ түсінетінін қосты.
— Түсіне білгенге ат спортымен айналысу — қай жағынан да өте жақсы іс. Әрі Үкіметтен демеу бар. Жақсы нәтиже көрсетсең, жұмыс істемей-ақ, сүйікті ісің арқылы өмір сүруге болады. Осында жаттығып жүрген 7 жылда бұған әбден көзім жетті.
Менің ойымша, шындап кіріссе, ер балаларға аттың үстінде жақсы шауып үйрену үшін 1-2 апта уақыт жетеді. Тек ықыласың болсын. Ал аударыспақ күрделі спорттық ойын болғандықтан, адамға ептілік те, күш-қайрат та керек. Айрықша сабырды былай қойғанда, күресе білуің шарт. Астыңдағы атың әлсіз болса да жеңіліске ұшырауың бек мүмкін. Сондықтан бұл — жан-жақтылықты талап ететін ұлттық спорттың түрі. Өзіне тән қаупі де бар, — деп сөзін түйіндеді атқа мінуге құмар жігіт.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.