Қауіпті дертке — қажымас күрес қажет
Біздің басты мақсатымыз — егемен еліміздің тұғырын нығайтып, тәуелсіздігімізді бекіте түсу. Алайда осы бағыттағы іс-қимылдарымызға кедергі келтіретін жәйттер де аз емес. Солардың бірі — сыбайлас жемқорлық.
Ел дамуын тежейтін, мемлекет абыройына нұсқан келтіріп, іштен ірітетін ең қауіпті кеселдің бетін қайтару бүгінгі күнгі маңызды міндеттердің бірі. Тарих беттерін парақтағанда талай алпауыт империялар мен мемлекеттің күйреуіне себепкер болған бұл кеселмен әлем елдері бағзы заманнан бері күресіп келеді. Сыбайлас жемқорлықты тамырымен жоюға болатынын дамыған елдердің жарқын мысалдарынан көзіміз көріп отыр. Жемқорлықтан ада елдің дамуына кедергі барынша аз болады.
Бұл бағытта елімізде ауқымды жоспарлар жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Түпкі мақсат — сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек. Оған қоса заңнамалық шаралар қабылдауға тиіспіз. Сонымен бірге, жемқорлыққа қатысты қылмыстарды анықтау және ашу жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет. Сонда ғана жемқорлықпен табанды түрде күресе аламыз», – деп атап көрсеткен болатын.
Сыбайлас жемқорлықпен күресудегі ең тиімді жол — оның алдын алу, оны болдырмаудың алғы шарттарын жасау. Әрбір мемлекеттік қызметкер, басқа да азаматтар ең алдымен өз жұмысына таза көңілмен кірісуі, оны ақ ниетпен атқаруы тиіс. Қандай да бір өзінің қызметтік міндеттерін атқару барысында қызметкер сол арқылы пайда табуды көздеп, алдындағы адамды пара беруге мәжбүрлейтіндей әрекеттер жасайтын болса, бұл — құлқынның бұзылуы. Ал ниет бұзылған жағдайда оны тоқтату қиын. Мұның арты айықпас дертке, ауыр зардапқа соғады. Бүгінгі күні еліміз бойынша көптеген лауазым иелерінің істі болып, қапасқа қамалуы кейбір адамдар тарапынан аяныш сезімін тудырып жататыны да жасырын емес. Ал оған кінәлі кім? Қазақта «Шығасыға — иесі басшы» деген сөз бар.
Ақтөбе облысында 2022 жылдан бастап Жобалық басқарудың үлгілік базалық бағытының «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қарсы іс-қимыл» төртінші блогы бойынша жобалар картасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні барлық облыстық басқармалар мен Ақтөбе қаласы және аудандар әкімдіктерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша ішкі талдаулар жүргізіліп, барлығы 595 ұсыным әзірленді. Ішкі талдау жүргізілген барлық мекемелерде анықталған тәуекелдер мен ұсынымдарды жою жоспарлары бекітіліп, осы бағытта жұмыстар жүргізілуде.
Әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозицияланған ақпараттық жұмыс жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша атқарылатын бағыттар белгіленді.
Облыста жалпы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс сомасының кемінде бес пайызын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне бөлу мәселесі жыл сайын оң шешімін тауып отыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта жалпы сомасы 16 080 000 теңгеге 11 жоба іске асырылуда.
Сондай-ақ, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментімен бірлесіп сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 1395 іс-шара өткізілді: оның ішінде мемлекеттік қызметшілермен-89, облыс тұрғындармен-267, бизнес өкілдерінің қатысуымен-86, діни және этно бірлестік өкілдерімен-35. Бұл шараларға жалпы 53 мыңнан астам адам қамтылды.
Бұдан басқа, әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозициямен ақпараттық жұмыс жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде белсенді жұмыс жүргізілуде.
Ақтөбе облысының аумағындағы орталық көшелерде көрнекі жарнама арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында 47 баннер орналастырылды.
Ақтөбе қаласының орталық көшелерінде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, темір жол вокзалында, халықаралық әуежайда, кинотеатрларда және жергілікті «Ақтөбе» телеарнасында орналасқан 12 ЛЭД-экранда тұрақты негізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бейнероликтер көрсетіледі.
Мәдениет құралдары арқылы халыққа әсер ету мақсатында жыл басынан беріН.В.Гогольдің «Ревизор», «Өлі жандар» атты 5 театрландырылған қойылымы өткізілді.
Облыс әкімдігі бекіткен кестеге сәйкес, ай сайын бұқаралық ақпарат құралдарында аудан әкімдері, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша мақалалар жариялап, өздерінде атқарылған іс-шаралар туралы баяндап отырады.
Нақты айтар болсақ, бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлық қылмыстардың алдын алу бойынша 163 материал жарияланды.
Ақтөбе облысының аумағында 376 квазимемлекеттік сектор субъектісі тіркелген комплаенс-қызметтерге комплаенс-офицер функциялары жүктелді.
Қазақстан Республикасының 2022-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының ережелерін түсіндіру шеңберінде өңірде мемлекеттік қызметшілер және бизнес өкілдері арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Осы бағыттағы жұмыстар тұрақты жалғасуда.
Облыстық әкімдік жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссиясы консультативтік-кеңесші орган жұмыс жасайды. Өткен жылы 5 отырыс өткізіліп, 24 мәселе қаралып, 59 ұсыным берілсе, оның 47-сі орындалып, 12 орындалу үстінде.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықа қарсы қызмет департаментімен бірлесіп өңірдің сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы аясында нақты жұмыстар жүзеге асырылуда. Экологиялық проблемалық мәселелерді шешу мақсатында жол картасы әзірленді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының белсенді мүшелерімен бірге өңірдегі проблемалық құрылыс нысандарына тұрақты мониторинг жүргізілуде.
«Бизнеске жол» жобасы аясында кәсіпкерлердің 32 проблемалық мәселелері шешіліп, 319 кәсіпкердің құқықтары қорғалды.
Денсаулық сақтау, білім, жер қатынастары салаларында бірлескен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаулар жүргізілді.
Сыбайлас жемқорлықтың қандай да түріне болмасын, төзімділікпен қарауға болмайды. Өйткені, ол ең алдымен — құқықты өрескел бұзушылық, екіншіден, мемлекет беделін түсіруге жасалған қастандық, үшіншіден, ұлттық қауіпсіздікке селкеу түсіретін әлеуметтік азғындық көрінісі.
Осындай келеңсіздік көрінісі біздің өмір дағдымызбен, күнделікті тіршілік салтымызбен сыйыспайтындығы, сәйкес келмейтіндігі, зиян екендігі айқын көрініп отыр. Сондықтан да оған қарсы күрес тоқтамауы тиіс. Бәріміздің осы жолда бірігуіміз, бір мақсатты ұстануымыз ғана табысқа жеткізетінін ұмытпайық.