Жаңалықтар

Мәртөктегі кездесу

Баспасөз — 2024

Мәртөк ауданы алдағы жылға баспасөзге жазылу науқанына орай «Ақтөбе Медиа» ЖШС-нан келген делегацияны ыстық ықыласпен қарсы алды. Бұл — өзінің сұлу табиғаты, кен орындары және тарихи-мәдени ескерткіштерімен ғана емес, халқының еңбекқорлығымен әрі бауырмалдығымен де аты шыққан өңір.
Медиакомпанияның директоры, ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншинді, «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің редакторлары Сәтжан Дәрібай мен Гүлсім Назарбаеваны аудан әкімі Медет Ысқақов қабылдады.

Кездесу барысында ауданның жетістіктері, алдағы уақыттағы әріптестік мәселелері және жазылу науқанының барысы жөнінде айтылды. Ақтөбелік журналистер жергілікті «Мартөк тынысы» газетінің бас редакторы Елена Ониськоваға деген ризашылықтарын да жеткізді. Ол облыстық газеттерге шалғай ауылдардан материалдар әзірлеуге мұрындық болып отыр.
Бұдан соң журналистер мемлекеттік қызметкерлермен, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен және дін саласы қызметкерлерімен кездесті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әлжан қатысты.
Кездесуде қазіргі жаһандану, цифрландыру заманындағы баспасөздің рөлі, артықшылықтары жөнінде сөз болды. Сондай-ақ облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің беттерінде өңір тарихы сақтаулы тұрғаны, бұл газеттердің облыстағы ең көне басылымдар екені де айтылды. Алдағы жылы «Ақтөбе» газеті ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырса, ал «Актюбинский вестник» газеті биылғы шілде айында 105 жылдығын тойлады.
Раукен Отыншин өз сөзінде 2018 жылы Қытайда өткен ІІ халықаралық медиафорумға сапары барысында алған әсерлерімен бөлісті:
— Жиынға Қазақстан Журналистер одағынан алты адамнан құралған делегация бардық, ал жалпы әлемнің 50 елінен 150 адам қатысты. Конференциядан кейін біз Қытайдың «Жэньминь жибао» газетінің редакциясында болдық. Газет миллиондаған тиражбен күніне екі рет — ертеңгілік және кешкілік — жарыққа шығады екен. Әр журналистің алдында — бір компьютер, күнделікті хабарларды өте жылдам, жедел түрде беріп отырады. Бұл елде мерзімді баспасөзге деген сұраныс әлі де жоғары екен. Журналист кім, блогер кім — екеуінің арасы нақты айқындалған, — деді ол.
Сондай-ақ Мәртөктегі №4 қазақ мектебінде аудан орталығының педогогтерімен кездесу өтті. Жиында облыстық басылымдардың редакторлары — Сәтжан Дәрібай мен Гүлсім Назарбаева сөз сөйлеп, газеттердің билік пен халық арасындағы көпір қызметін атқарып отырғаны, руханиятқа, жас ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі, жалпы тасқа басылған сөздің құдіреті жөнінде айтты.

Оқырмандар, соның ішінде мұғалімдер де өз пікірлерін ортаға салды. «Мартөк тынысы» газетінің бас редакторы Елена Ониськова облыстық басылымдар ұжымына ризашылығын жеткізіп:
— Мен оқырман ретінде облыстық басылымдар журналистерінің әрқайсысының қолтаңбасын жақсы танимын, ал әріптес ретінде олармен күнделікті жұмыс барысында араласып келемін. Әрине, әр мамандықтың өз қиындығы бар. Мұғалім болудың да өз жауапкершілігі жетерлік. Ал журналист болу қазіргі заманда тіпті де оңай емес. Соның ішінде газет журналистері өзінің мыңдаған оқырманына тек сенімді көздерден алынып, әбден анықталған ақпараттарды жеткізуге тырысады. Бұл — үлкен жұмыс. Мен облыстық басылымдардағы әріптестеріме алда үлкен жетістіктер тілеймін, қаламдарыңыз жүйрік болсын және газеттің әр санын асыға күтіп оқитын оқырмандарыңыз көп болсын! — деп, сөзін ақ тілектермен аяқтады.
№4 орта мектептің директоры Бақытгүл Абдуллинаның айтуынша, бұл білім ордасында 360 бала оқиды, ал ұжымда 44 адам еңбек етіп жүр. Биыл мектепті 42 түлек бітіреді, олардың үшеуі — «Алтын белгіге», және тағы үшеуі үздік аттестатқа ұсынылады деп күтіліп отыр. Мектепке дейінгі топта 30 шақты бала бар.
— Мектеп жанында 60 орындық интернат жұмыс істеп тұр. Қазір интернатта 43 бала тұрып жатыр. Біз оларды аптаның басында алып келіп, соңында үйлеріне дейін жеткізіп саламыз, — деді ол.
Кездесу соңында жиналғандарға «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің және «Үш таған» журналының жаңа сандары таратылды.

Сәуле ЕРТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button