Басты жаңалықтарМәдениет

Мәдениет саласын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдегі өнер және мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында мәдениет саласын одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.
 «Мемлекет басшысы мәдениет саласын әрдайым басты назарда ұстайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе өңіріне жасаған жұмыс сапарында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр жұмысымен танысып, жаңа театр ғимаратын салуды тапсырды. Алдағы уақытта заманауи театр ғимаратының құрылысы басталады деген жағымды жаңалықты жеткізгім келеді. Өңір мәдениетінің дамуында әрбіріңіздің еңбектеріңіз зор. Шығармашылық жетістіктеріңізбен өңіріміздің атын дәріптеп, ұлттың өнегелі мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық мәдени мұрамызды сақтауға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін», – деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімінің сөзінше, қазіргі таңда мәдениет саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Республикалық, халықаралық деңгейдегі шараларымыз жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Ақтөбе топырағынан шыққан тарихи тұлғалар – Әбілқайыр хан, Темірбек Жүргенов, Тахауи Ахтанов, Өтебай Қанахин, қазақтың алғашқы балеринасы Нұрсұлу Тапалова және Ақтөбе облысы архивінің ғасырлық мерейтойлары республика көлемінде тойланды. Сондай-ақ, келесі жылы материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары жоспарланған. Бұл ретте «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттама дайын. Облыстық халық шығармашылығы орталығы, бірқатар мәдениет үйі, ауылдық клубтар күрделі жөндеуден өткізіледі. 2023 жылы басталған Темір, Ырғыз аудандық кітапханалар және Темір ауданындағы архив пен музей ғимараттарының құрылыстары аяқталады.

💬 Асхат Шахаров мәдениет және өнер қызметкерлері тарапынан айтылған пікірлер мен ұсыныстарды тыңдады. Облыстық драма театр директоры Сайлау амиев Әбілқайыр ханның 330 жылдығына арналған спектакльді Астана мен Алматыда сахналауды ұйымдастыру жоспарымен бөлісті. Ол бұл бастаманы жүзеге асыру қаржылық қолдауды қажет ететінін атап өтті. Облыс әкімі бұл мәселенің шешілу жолдары қаралатынына сендірді.

Кездесу барысында саланың дамуына үлес қосқан мәдениет және өнер қызметкерлері «Мәдениет саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» ведомстволық наградаларымен, Құрмет грамоталары және алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, «Рухани қазына-2023» республикалық фестивалінің облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Ұлттық мұра мен мәдениетті насихаттау және сақтау мақсатында жыл сайын Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастыратын фестивальге мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлері қатысып жүр.

Биыл еліміздің түкпір-түкпірінен келіп түскен өтінімдердің ішінен республикалық фестивальдің ақтық кезеңіне қатысу үшін 29 жұмыс іріктелген. «Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына орай» арнайы номинациясында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана үздік атанды.

Н.ДАБЫЛ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button