Нан бағасы және субсидия
Баға
Әлеуметтік желілерде нан бағасына байланысты түрлі алып-қашпа әңгіме тарады.
Үкімет нан зауыттарына І сұрыпты ұнға субсидия беріп отыр. Сол себепті атқарушы билік өкілдері әлеуметтік нанның нарықтағы бағасын қадағалауға міндетті. Кәсіпкер І сұрыпты ұннан пісірілген нанға 15 пайыздан артық баға қоспауға тиіс.
Облыстағы нан өндірісі саласындағы ең танымал, ірі компаниялардың бірі — «Рамазан» ЖШС. Аталған кәсіпорынның нан зауыты күн сайын 35 мыңға жуық нан өндіреді. Оның 25 мыңы — І сұрыпты әлеуметтік нан.
— «Рамазан» компаниясында диірменнен бөлек, нан зауыты бар. Қалада жалпы 4 нан зауыты жұмыс жасайды. Әрқайсысының өндірістік қуаттылығы әртүрлі. Біздің зауытта күн сайын 25 мың бөлке әлеуметтік нан пісіріледі. Мемлекеттік стандарт талабы бойынша әлеуметтік нанның салмағы 550 грамм болуға тиіс. Нанның бұл сұрпының өндірістен жіберілу құны — 86 теңге. Баға құнының 86 теңге болуы жөнінде жергілікті әкімдікпен келісім бар. Бұл келісім бойынша нан сатып жатқанымызға биыл — үшінші жыл. Келесі жылы да осы баға сақталады. Мұның өзіндік себебі бар. Біз әкімдік арқылыҮкіметтен арзандатылған бағамен ұнға субсидия аламыз. Соның арқасында І сұрыпты 1 келі ұнды 105 теңгеден сатып алып отырмыз. Сол себепті нан бағасын көтермейміз. Дәл қазір І сұрыпты ұнның нарықтағы ең төменгі бағасы — 140 теңге. Жалпы біздің компания ай сайын 200 тонна І сұрыпты ұнды субсидияға алып отыр, — дейді «Рамазан» ЖШС бас директоры Гүлжайна Ноғаева.
Ақтөбе қаласында «Рамазан» ЖШС-ның бірнеше азық-түлік сататын дүкені бар. Гүлжайна Ноғаеваның айтуынша, сол дүкендер мен қаланың кейбір шағынаудандарында орналасқан «Табыс» коммуналдық дүкендерінде әлеуметтік нан 86 теңгеден сатылып жатыр.
— Ал «Анвар» мен «Дина» дүкендері бізден 86 теңгеден сатып алған нанға 1 теңге қосып, 87 теңгеден сатады. Одан артық баға қоюға олардың құқы жоқ. Өйткені біздің кәсіпорын мен аталған сауда желілерінің арасында бағаны қалыпты ұстау турады бірлескен келісімшарт бар, — дейді команияның бас директоры.
Сарапшылар пікірінше,ашытқының денсаулыққа зияны көп.
— Біз нанға түрлі елдерде өндірілетін ашытқыларды қоспаймыз. Ашытқыны өзіміз әзірлейміз. Сол себепті де біздің нандар дәмді екенін жұртшылық жақсы біледі. Сондай-ақ «Рамазанның» нандары үгітіліп қалмайды.
Мемлекеттік стандарт бойынша нанның сақталу мерзімі — 24 сағат. Егер сақталу мерзімі одан ұзақ болса, демек,нанның құрамында түрлі қоспалар болуы мүмкін, — дейді Гүлжайна Ноғаева.
Өңірде 4 нан зауыты бар. Олар: «Рамазан», «Атамекеннан», «Ақтөбенан», «Наным» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Осы нан зауыттарының арасында тек «Рамазан» компаниясының ғана жеке дүкендері бар.
— Ақтөбедегі 4 нан зауыты да әлеуметтік нанды өндірістен 86 теңгеден жібереді. Өйткені олардың бәрі де ұнға сусидия алып отыр. Ал олардан 86 теңгеден сатып алған нанды кәсіпкерлер дүкендерінде негізсіз қымбатқа сатуларына мүлде болмайды. Өйткені заңнама бойынша нан бағасына 15 пайыздан артық үстеме ақы қосылмауға тиіс, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Снежанна Күлекенова.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.