Басты жаңалықтар

«Ауыл аманаты»: қолдау бар. нәтиже қандай?

«Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек».

 ҚР ПрезидентіҚасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауынан.

Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы Ақтөбеде қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Үкіметтен 3 рет қомақты қаржы бөлінген. Бұл — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауында ерекше тоқталған ауыл шаруашылығын дамыту тапсырмасы аясында жасалған жұмыс. Ал сапа қандай?

Біз бағдарламаның орындалу деңгейі бойынша аудандардағы ахуалды біліп, сондағы шаруалардың жай-күйін бағамдаған едік.

Несібе мен несие

Жұртшылықтың ауылда еңбек етіп, тиісінше тұрақтауына бағытталған жобаны іске асыружөніненАлға, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Ойыл және Хромтау аудандарының аяқ алысы жақсы.

«Ауыл аманатына» Үкіметтенбылтыр қараша айында 3 миллиард теңге, биылғы ақпан айында  3,5 миллиард теңге қаражат аударылды. Қыркүйектің соңында қосымша 12,5 миллиард теңге бөлінді.

Қазіргі таңда 7,4 миллиард теңгенің 1659 жобасы мақұлданды. 6,3 миллиард теңгелік 1 409 жобаға несие берілді. Сонымен бірге тауарлық несие беру тетігі енгізілді. Бүгінгі таңда 335 отбасына 4716 мал берілді.Атап айтсақ, 210 жылқы, 3419 қой, 1081 ірі қара және 6 түйе алды, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Бағдат Қожамұрат.

Оның айтуынша, несие құс шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және ауылдық елдімекендердегі шағын бизнес түрлеріне берілген. Нәтижесінде, соңғы деректерге сүйенсек, 173 мыңнан астам құс сатып алынып, 209,8 гектар жерге көкөніс егілген. Сондай-ақ шағын бизнестің 674 жаңа жобасы жүзеге асырылып жатыр. Енді жақында бөлінген 12,5 миллиард теңгеге мал шаруашылығын несиелендіру жоспарланып отыр.

101 кондитер мен наубайхана, 121 шағын сүт өңдеу және 65 ет өңдеу, 7 балық өсіру жобасы қолдау тапты. Жобаның арқасында бұған дейін жұмыссыз ретінде тіркелген 1053 адам еңбекпен қамтылды.

Ал өнімдерге келсек, 190,4 тонна құс еті,  345,2 мың дана жұмыртқа өндірілді. 724,7 тонна картоп, 429 тонна өзге де көкөністер мен 735 тонна бақша өнімдері өсірілді, — дейді бөлім басшысы.

Бұдан бөлек жеке қосалқы шаруашылықтардың жұмысын тиімді ұйымдастыру, оларды техникамен, жемшөппен және вакциналармен қамтамасыз ету, өнімдерін тиімді өткізу мақсатында құрамында 432 мүшесі бар 71 ауылшаруашылық кооперативі құрылыпты. Алдағы уақытта кооперативтер санын одан әрі ұлғайту, сол арқылы жобаның ауқымын кеңейту көзделіп отыр.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

«Ауыл аманаты» жобасыныңбасты ерекшелігі — бұған ісін енді бастаған кәсіпкерлер де қатыса алады. 2,5 пайыздық үстемемен берілетін несиеде өсімдік бағытын дамыту, мал және құс шаруашылықтары, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және шағын бизнестің еңсесін тіктеуге айрықша назар аударылады.  5 жылға дейін рәсімделетін несиеге қазірдің өзінде сұраныс айтарлықтай, қызығушылық зор. Өйткені бұрынғыдай емес, енді шалғайдағы елді мекендердегі мүлікті кепілге қою мүмкіндігі бар.

Шалқарда құс шаруашылығына қызығушылар көп

«Ауыл аманаты» бағдарламасы Шалқар ауданында қалай жүзеге асырылып жатыр? Бұл бойынша жағдай қалай? Бұл туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Еркебұлан Бүркітовтен білген едік:

— «Ауыл аманаты» жобасы бастау алғаннан бері несие алу жолдарын халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында арнайы топ құрылды. Белсенділер ауылдық округтерді аралап қана қоймай, Шалқар қаласында орналасқан білім, теміржол салалары қызметкерлерімен де кездесулер өткізді.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша Шалқар ауданынан жалпы құны 1 491,2 миллион теңге болатын 399 жоба іске асырылады деп жоспарланды. Бүгінгі таңда 841,4 миллион теңгенің 153 жобасы бойынша құжаттар құзырлы органдарға жолданды. Солардың арасынан осы уақытта 787,9 миллион теңгенің 146 жобасы мақұлданды.Соның ішінде құс шаруашылығы бойынша 47, өсімдік шаруашылығының 10, шағын бизнестің 89 жобасы қолдау тапты. Тағы 7 жоба комиссияның қарауында. 

Негізінен,құс, өсімдік шаруашылықтары, жылыжай, кондитер, шағын бизнес, техникалық қызмет көрсету станциялары бойынша кәсіп бастап жатқандар көп,— дейді.

7 жылыжайы бар Серікболсын

«Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылардың бірі — шалқарлық Серікболсын Жексенбайдың кәсіпкерлікке ден қойғанына біраз жыл болған. 27 жастағы жігіт жылыжайда түрлі көкөністерді егу арқылы кәсібін жүргізіп отыр.

Мамандығым — агроном. 5 жылдан бері ағам Нағашыбай Қазинмен бірге жылыжай өндірісімен айналысып келемін. Екеуміз қияр-қызанақ егіп, жылда тәжірибемізді арттыруға күш саламыз.

Жылтыр ауылында құм көшкіні болғандықтан, мұнда өсімдік шаруашылығымен айналысу қиын. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасының басталғанын естіп, қатысып көруге, сол арқылы табысымызды молайтуға бел будық. Сол мақсатта 2,5 пайызбен 18 миллион теңге несие алдық. Бұйыртса, 5 жылда төлеп құтыламыз деп отырмыз. Аталған қаражатқа жылыжайлардың санын арттырып, түрлі тұқымдарды, өзге де керек-жарақтарды сатып алдық. Алғашқы бөлігін егіп те үлгердік.

Сонымен қатар биыл алғаш рет біздің ауа райына қолайлы, мол өнім беретін құлпынайдың сортын ектік. Жоспар бойынша алдағы жылы алғашқы өнімімізді жинап аламыз. Егер жерсініп, бәрі біз ойлағандай болса келешекте бұдан да көп түрін егеміз. Жеміс-жидектің басқа түрлерінде өсіру ойда бар.

Әзірге құлпынайдың біз жоспарлағандай 4 тоннасын жинай аламыз ба, жоқ па — белгісіз. Бағасы да соған байланысты қойылады. Дей тұрғанмен, биыл біздегі қияр-қызанақтың 1 келіге орташа бағасы 300 теңге болды. 8 тонна   қияр жинап алдық. Ал қызанақ 2 тонна ғана өнім берді. Соның барлығын осы Шалқар ауданының дүкендеріне өткіздік. Әзірге ішкі нарықты ғана қамтып отырмыз, — дейді Серікболсын.

Ауыл шаруашылығы саласының маманы қазіргі таңда ұзын саны 7 жылыжайының барын атап өтті.  Жалпы аумағы — 2400 шаршы метр. Солардың ішінде біреуіне тек аскөк, ақжелек, жалбыз, тамаққа қажетті дәмдеуіштерді егеді екен. Оған да сұраныс зор.

— Көкөністерді жылына екі рет егеміз, тиісінше сонша рет өнім жинап аламыз. Жылыжай болғасын қысы-жазы жұмысымыз тоқтамайды. Айына шамамен 400-500 мың теңге табыс табамыз. Әзірге жұмысшы жоқ, ағам екеуміз барлығын үйлестіріп отырмыз.

Соңғы жылдары Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына жақсы көңіл бөлініп келе жатыр. Соның айқын көрінісі ретінде осы «Ауыл аманаты» жобасын айта аламын. Несиенің пайыздық үстемесі де, шарты да халыққа қолайлы. Қалтаға соншалықты салмақ түсірмейді.  Бұл — жеке кәсіппен айналысамын дегендерге тамаша мүмкіндік, — дейді Жылтыр ауылында кәсіппен айналысып отырған жігіт.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button