Жемқорлықпен күрес жүйелі жүруімен тиімді
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
«Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 Жарлығы жарияланды. Cтратегияның мақсаты — мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету. Бұл ретте стратегияның мақсатын жүзеге асыру тұрғысында сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына, ал адалдық пен сатылмаушылық мінез-құлық нормасына айналуы тиіс.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру үшін ауданда бірқатар жұмыстар атқарылып келеді.
Сонымен қатар, аудан әкімдігінің 2013 жылғы 18 қаңтардағы №12 қаулысымен бекітілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі» аудандық комиссиясы тұрақты жұмыс жасауда. Комиссия отырысы тоқсанына бір рет өткізіліп тұрады. Комиссия отырыстарында аудандық мемлекеттік мекеме басшыларының, қала және ауылдық округ әкімдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарып жатқан жұмыстары туралы тыңдалады. Азаматтардың жеке мәселелерін қарау барысында сөзбұйдаға салу фактілерін болдырмау қатаң бақылауға алынды.
ҚР-ның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының орындалуын іске асыру және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетті қалыптастыру мақсатында Шалқар қаласы мен ауылдық округтердің орталық көшелеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған тақырыптарда 15 баннер орналастырылды. Сондай-ақ, аталған тақырыпта түрлі форматтағы 115 іс-шара мен семинар ұйымдастырылды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлық салдары болуы мүмкін болған жағдайдағы 1424 сенім телефоны жөніндегі ақпарат қаланың орталық базарларында, теміржол вокзалында, орталық ауруханаға және Халыққа қызмет көрсету орталығына трансляцияланды. Сондай-ақ, аудан тұрғындарына жадынамалар мен инфографикалар таратылып, білім беру ұйымдары, орталық емхана мен аурухана, халыққа қызмет көрсету орталығы, Қазпошта, «Анаға тағзым» орталығы, вокзал, әкімдік ғимараттарының күту залдарына ілінді. Бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлықтық алдын алу бағытында мақалалар жарияланды.
Шалқар қаласындағы «Анаға тағзым» ғимаратынан ашылған «Сервистік әкімдік» кабинетінің ішінен «ADAL KOMEK» азаматтарды қабылдау және кеңес беру жобасы бойынша әр аптаның дүйсенбі және жұма күндері тұрғындарға тегін заң көмегі көрсетілуде.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауымен айқындалған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және «Адалдық алаңы» жобасы бойынша on-line режимінде «Instagram», «Facebook» әлеуметтік желілерінде «ANTIKOR.LIVE» және «ADAL KOMEK» жобалары бойынша азаматтарға әр салалар мен құқықтық көмектер көрсету мақсатында мемлекеттік мекеме басшылары мен қала, ауылдық округ әкімдері және құқық қорғау органдары тарапынан жұмыстар жүргізілуде.
Ауданның барлық мемлекеттік мекемелерінде азаматтардың өтініштері мен шағымдарына арналған жәшік орналастырып «Сенім» телефоны жұмыс жасайды.Азаматтардың өтініштері мен шағымдары міндетті түрде тіркеліп, заңды түрде есепке алынып, жауап беру мезгілі қадағалануда.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық. Оған тоқтау қоймаса мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайды.
Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке бір болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.
Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының сапасын арттырудың маңызы зор.Атап айтқанда, ол үшін, ең алдымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасуы қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда адам адамгершілікке жат қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді.
Тұрғындар өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат.
Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді.
Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады.
Сыбайлас жемқорлықты ұлттық мәдениетке жат құбылыс ретінде сезіну және қабылдамау – қоғамымыздың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің негізі екенін ұмытпайық.Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.
Жанболат ЖИДЕХАНОВ,
Шалқар ауданының әкімі.