Жаңалықтар

Ақтөбе спортының жетістігі мен кемшілігі

Кездесу

Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек сарайында Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек спорт мектептерінің басшыларымен, жаттықтырушылармен кездесті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов қатысты.

Алдымен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, 9 айдың қорытындысы бойынша өңірде 2414 бұқаралық спорттық іс-шара өткізілген. Оған 200 мыңға жуық адам қатысқан. Облыс тұрғындарының 41,5 пайызы, яғни 387 987 адам дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысады. Өңірде 2574 денешынықтыру-спорт ұжымы жұмыс істейді. 35 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі бар. Қазірде 33 спорт ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 15-ін жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Спорт кешені мен 6 спорт мектебіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жиында Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек сөз алып, спорт саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде бұқаралық спортты дамыту, әсіресе балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау және спорт инфрақұрылымын жетілдіруді тапсырған болатын.Біздің министрлік балалар арасында бұқаралық спортты дамыту, спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру сияқты маңызды әлеуметтік жобаға жауапты. Президент тапсырмасына сәйкес бала спорт секцияларына тегін қатысуға,жас спортшылардың қатарын толықтыруға мүмкіндік алуға тиіс.

Денешынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ саланы дамытудың өзекті міндеттерін ескере отырып, оларды іске асыру тетіктері денешынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында және бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында көрсетілген, — деді вице-министр.

Ақтөбе облысында 7 мыңнан астам баланы (4-17 жасқа дейінгі балалар) спорттық секциялармен қамту үшін жергілікті бюджеттен 1,3 миллиард теңге бөлінген.

Ақтөбе — мықты спортшылар шыққан өңір. Мысалы, облыс әкімі Асхат Берлешұлы — самбодан үш дүркін Әлем чемпионы. Нұрқанат Әжіқанов, Ринат Сағындықовтар — ел мақтаныштары. Мұның бәрі Ақтөбеде спорт саласы жақсы дамығанының айғағы. Алайда кемшіліксіз сала болмайды. Бүгінде Ақтөбенің спорт саласында бірқатар мәселелер бар.

Біріншіден, Ақтөбе облысында спорт инфрақұрылымытапшы.Ақтөбе қаласындағы Сазды, Жаңақоныс, Қурайлы,   Ясный, Нокин ауылдарына денешынықтыру-сауықтыру кешендерін салу және жеңіл атлетиканы дамыту үшін нысан салу қажет.

Әйтеке би және Ырғыз аудандарында 2016 жылы қолға алынған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы әлі күнге дейін аяқталған жоқ.

Осыған байланысты өңірді дамыту бағдарламасын жоспарлау кезінде толықтай сараптама жасап, спорт нысандарының қажеттілігіне қарай жоспарға енгізу қажет.

Екіншіден, облыста Әлемчемпионаттарында алтын медаль иеленгенспортшыжоқ. Ел чемпионаттарында 131 алтын медаль, Азия чемпионаттарында 1 алтын медаль қоржынға түскен. Спорттық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары үшін өңірдегі 34 балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне 566,2 миллион теңге қаражат бөлінген. Осыған орай спорттық жарыстарға берілген қаржыны нақты жоспарлап,жүйелі түрде жұмыс жасау қажет.

Үшіншіден, өңірдің климаттық ерекшелігін—қысқы мерзімнің ұзақтығын, облыстың географиялық орналасуын ескере отырып, қысқы спорт түрлерін дамыту маңызды.

Төртіншіден, Ақтөбеде дәрігерлік-денешынықтыру диспансері жоқ. Осыған байланысты Ақтөбе облысында спортшыларды оңалту және сауықтыру үшін өңірлік дәрігерлік-денешынықтыру диспансерінің бөлімшесін ашу қажет, — деді Сәрсен Құранбек.

Жиын барысында Байғанин аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Қайрат Қазанбаев сұрақ қойды.

Байғанин ауданында кеңес өкіметі кезінде бір ғана спорт мектебі болса, тәуелсіздіктің арқасында біздің аудандағы  үш елді мекенде — Қарауылкелді, Жарлы, Жарқамыста сауықтыру-спорт кешені салынды. Қазір осы 4 спорт нысанының арқасында денешынықтырумен жүйелі айналысатын балалар саны 500-ден 1800-ге жетті. Штат саны 40-тан 120-ға дейін өсті.

Дегенмен мәселе аз емес. Жаттықтырушылардың апталық жүктемесі — 96 сағат, ал мектептерде денешынықтыру пәнінің мұғалімдерінің апталық жүктемесі — 64 сағат. Спорт мектептерінің жаттықтырушыларының жүктемесі азайтылса деген ұсынысымыз бар.

Сондай-ақ жаттықтырушылар мен денешынықтыру пәнінің мұғалімдерінің санатына байланысты қосылатын жалақыларында біршама айырма бар. Мектеп мұғалімдеріне санатына байланысты 30 мың, 40 мың, 50 мың теңгеден қосылса, жаттықтырушыларға 4 мың, 7 мың, 17 мың теңгеден ғана қосылады.

Спорт мектептерінде мектептердегідей  тәулігіне екі мезгіл емес, үш рет еден жуылады. 500 шаршы метр аумақты тазалауға  1 еден жуушы штаты белгіленген. Күн сайын 3 рет сонша үлкен аумақты бір адамның күтіп ұстауы қиындық туғызып отыр, — деді Қайрат Қазанбаев.

Өзім кезінде жаттықтырушы да, спорт мектебінің басшысы да болғандықтан спорт мектептеріне тән мәселелерді, жаттықтырушылардың жанайқайын жақсы білемін. 2005 жылға дейін балалар және жасөспірімдер спорт мектептері бұрынғы Білім министрілігінің қарауында болды. Сол жылы спорт мектептері облыстық спорт басқарамаларының қарауына өтті. Осы кезде бәріміз далада қалғандай болдық, спортзалсыз қалдық…

Сағат мәселесі еліміздің барлық өңірінде өзекті болып тұр. Бұны жақында Премьер-министрдің орынбасарының алдында мәселе етіп көтердім. Қазір бұл мәселе Үкіметте талқыланып жатыр. Бірақ бұл бүгін, ертең шешіле қоятын мәселе емес. Бір жылдың шамасында шешіліп қалуы мүмкін, — деді Сәрсен Құранбек.

Шара барысында спорт мектептерінің басшылары, жаттықтырушылар вице-министрге сауалдар қойып, тұшымды жауап алды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button