Қоқыс тастаудың да тәртібі бар
Тазалық
Бөлмедегі жиһазыңызды жаңартып жатсаңыз, ескісін үйдің алдындағы қоқыс жәшігінің маңына қоя салуға болмайды. Полигонға дейін өзіңіз апарып тастауыңыз керек. Егер ережеге бағынбайтын болсаңыз, айыппұл төлейсіз.
Қатты-тұрмыстық қалдықты шығару тарифіне енбейтін ірі габаритті қоқысты әрбір адам өзі шығаруға тиіс екендігін білсе де, ақтөбеліктер құрылыс материалдары мен ескі жиһаздарын контейнер маңына тастауды доғармай тұр.
Қыркүйек-қазан айларында жергілікті полицейлер Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы кодекстің 434 және 505-бабында көрсетілген ережелерге бағынбағандарды анықтап, айыппұл салды.
— Кодекстің 381-1-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру — ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Егер осы әрекеттер бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері де артады, — деді Ақтөбе қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Абылай Ақмурзин.
Сондай-ақ полицейлер қалдықтарды қоқыс алаңдарына жеткізбей, көше бойына лақтырып кететіндер де бар екенін айтты.
— Мұндай учаскелердің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Тұрмыстық қалдықтарды, ірі көлемді қоқыстарды, қураған ағаштарды тастағаны үшін айыппұл салынатынын үнемі айтып отырамыз, — деді ол.
Оның айтуынша, күзгі екі айлық сенбілік кезінде қала бойынша ережеге бағынбағандарға қатысып 549 хаттама толтырылып, 1 716 370 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
Қала әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, қаңтардан бастап облыс орталығында қатты-тұрмыстық қалдықтарды шығарумен 3 кәсіпорын айналысып келді: «NEO PLUS», «Clean City Aktobe» және «Таза Қарғалы». Өкінішке қарай, мамыр айынан бастап «Таза Қарғалы», тамыздан бастап «Clean City Aktobe» қаржылық қиыншылықтарға тап болуына байланысты қоқыс шығару жұмыстарын тоқтатты. Осыған байланысты тамыз айынан бастап қаладағы қатты-тұрмыстық қалдықтар шығару жұмыстарымен «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанынан ашылған «ATK QYZMET» кәсіпорны айналысып жатыр.
Ірі габаритті қоқыстар қатты-тұрмыстық қалдықтар тобына жатпайды. Сондықтан оны шығару бұл компаниялардың қызметіне кірмейді. Дегенмен тасталған қоқысты полигонға жеткізу керек. Бұл жұмыстарды қазіргі уақытта кім атқарып жатыр?
Бұл сұрағымызға Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мирас Ажбаев жауап берді.
— Қоқыс тиейтін көліктер ауыр салмақты, контейнерге сыймайтын қоқыстарды көтеруге, оны тиеуге арналмаған. Ал бізде қатты-тұрмыстық қалдықтардан бөлек, құрылыс материалдарын, тоңазытқыш, диван секілді үй жиһаздарын шығарып тастайды. Әрине, әр қоқыс тиейтін көліктің қысқышы болады. Бірақ ол қатты нәрсенің салмағынан сынып кетуі мүмкін. Соның кесірінен техника бұзылады, қатты-тұрмыстық қалдықтар уақтылы алынбай қалады.
Қазіргі таңда аудан бойынша ірі көлемді қоқыстарды санитарлық тазарту жұмыстарымен айналысатын мердігер мекемелер шығарып жүр. Абаттандыру ережесіне сәйкес әрбір азамат габаритті емес қоқыстардыөзі полигонға апаруы керек. Дегенмен қала тұрғындарының көбі бұл міндетті орындамайды, — деді бөлім басшысы.
Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жәдігер Балтайбайдың айтуынша, мұндай олқылықтың алдын алып, ірі қоқыс тастаған тұрғындарды анықтау мақсатында қоқыс алаңына бейнебақылау камералары орнатылғанын айтты.
— Алматы ауданы бойынша 215 қоқыс алаңы бар. Бірақ қазіргі таңда соның 88-іне бейнебақылау камерасы орнатылған. Қалған аумақтар бойынша ұсыныс жібердік. Бұл жұмыстар жалғаса береді, — деген бас маман бейнекамералардың көмегімен ережеге бағынбаған бірнеше тұлғаның анықталғанын айтты.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.