Әдебиет

Жырау бала немесе Қанахиннің балалық шағы

Өтебай Қанахиннің туғанына — 100 жыл

Өтебай Қанахин 1941 жылдың тамыз айында соғысқа аттанып, кейін әскери қызметке алынады да, 1952 жылға дейін елден жырақта жүреді. Оның қолына қалам алып, қаламгерлік соқпаққа түсуіне, бәлкім, осы жылдардағы елге деген аңсау, сағыныш та әсер еткен болар? Қанахин өзінің «Жер басып жүрсем», «Атақоныс», «Қарт сарбаз хикаясы», т.б. шығармаларында және естеліктерінде ХХ ғасыр басындағы халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, соның ішінде туған жері — Ырғыз өңірінде өткен оқиғаларды жазып, мол мағлұмат қалдырады. Ең бір қиын-қыстау уақытта дүниеге келіп, оның үстіне ес жиып үлгермей әкесінен айырылып, одан әрі аштық жылдарының қасіретіне тап келіп, әзер аман қалғанына, сәулелі сәтінен зары, жылауы, ауыртпалығы көп болғанына қарамастан, өмірге деген сүйіспеншілікпен, туған жеріне деген мейіріммен жазылған бұл шығармалардың оқырманға берері көп.

«Жер басып жүрсем» хикаясы алғаш 1968 жылы жарыққа шыққан. Бұл — автобиографиялық туынды. Мұнда автор Қайсар деген ат алып, өзінің балалық шағын баяндайды. Хикая оның туған топырағына араға 25 жыл салып қайта келіп тұрған сәтінен басталады.

Көне қыстау орнында

Осы өңірдегі ең биік құба дөңнің үстіне салынған мешіттің қасында тұрмыз. Мешіттің биік мұнарасына көтеріліп, жан-жағымызды шолып шықпақ едік, бірақ ойлағанымыздай болмады. Жоғарыға апаратын баспалдақ атаулының бəрін əлдекімдер алдақашан түп-тұқиянымен шауып əкетіпті. Мешіттің үйі — тек қана осы өлке емес, аудан, тіпті асырыңқырап айтсақ, облыс көлемінде көп кездесе бермейтін көне ғимараттардың бірі. Іргетасын мықтап цементтеп, қабырғасын биік етіп, күйдірген қан қызыл кірпіштен қалап жəне осы қалай деген жерлерін қойдың жілігіндей қалпақты темір шегелермен қатырып тастаған. Сүп-сүйір биік мұнарасы көк тірейді. Басында айшығы бар, міні құрайтын емес. Ал енді адам қолы жететін есік-терезесінің талай талапайға түскені, қызыл қаңылтырмен жабылған шатырының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені, мұнарасын көмкерген адам қолы жетер жердегі көк мырыш қаңылтырдың, ит жұлмалаған терідей, ырым-жырым қалпы көрген кісіні: «Күні өткендіктің белгісі-ау бұлардың бəрі» — деген ойға еріксіз жетелейді.Бір жазда мешіттің маңын жайлағанымыз есімде бар. Сонда осы мешіт өзінен-өзі сесті күмбірлеп, көк зеңгір аспандағы беймəлім бір құдіреттің күшімен біз түсінбейтін тілде сыр шертісіп тұрғандай боп көрінетін…

Қыстауымның қазір жұрнағы да жоқ, жермен-жексен: ортасы, беті опырылған моладай шұңқыр, үйілген бір шұбалма шым төмпешік бопты да қалыпты. Бірақ қыстауымның қаз-қалпы, сырт тұрқы, алыстан көрінер ұсқыны менің көкірегімде, тап кешегідей сайрап тұр: тіпті қай тұста қандай кірпіш барын жəне олардың қалай қаланғанын көзімді жұмып тұрып-ақ айтып та, көрсете де бере алам… Біздің қыстау ықтасындау жерге салынған. Есік жағы біртіндеп көтеріле барып жантақты, жусанды, бетегелі жұмыр дөңге айналып кетеді. Бітеу қабырға тұсы қалың ши, терезе жақ бетіміз ғана ашық, бірақ əрірек барған соң ол да ит тұмсығы батпайтын ұйысқан ақ шеңгелмен жалғасады. Ал қора жағымыз шоқы-шоқы құм төбешік болып келеді де үстін тырбың итмұрын, қызыл жыңғыл басып жатады…

Менің қыстауым шымнан қаланған, жалпақтау əрі жатағандау зімəңке болатын. Қабырғалары берік болсын, əлде жылы болсын деді ме екен, тым қалың — екі аршындай еді. Сығырайған үш терезе түстікке қарайтын. Үйдің жалпы аумағымен салыстырғанда терезелерінің титымдайлығы сонша, анадайдан қарағанда, соқыр көз сияқты, сығырайып əзер көрінетін. Қыстаудың сыртын жылда сылайтын болса керек, мен ес білген шақта сол сылақтың жұқанағы əлі де бар-ды. Бірақ бірінің үстіне бірін баттастыра сылаған сұр балшықтан гөрі кірпіштің қалауы көрініп тұрған жалаңаш қабырғалары көзіме көбірек түсетін. Сиыр, түйе,əсіресе ешкі-лақ сүйкене-сүйкене, бітеу қабырға жақтағы үйдің екі бұрышы да мүжіліп, доғалданып тұратыны əлі есімде. Тамшы ақпасын деп үйдің төбесіне көңді үйе бергендіктен болар, тұқыл төбе біртүрлі ісініп кеткендей боп көрінетін. Күзді күні қыстауға қайтып оралғанда төбесінде алабота қау боп өсіп тұрар еді. Келісімен алаботаны жапыра, қыстаудың шығыс жақ шетіне таман кигіз үйдің үскенесі, үсті шаңырақпен нық бастырылып, жиналып қойылады.

Әке туралы сөз 

Менің əкем — осы өлкеге ісмерлігімен атағы шыққан Игібай ұста. Қаласы қашық, базары жоқ, бəрінен бір бүйір, бұрау жатқан осы өңірдің қазағы үлкенді-кішілі бұйымтайларының, бəрін болмағанымен, көбісін біздің үйден тауып, тындырып қайтатынға ұқсайды. Кейбір шаруақор кісілер əкелген затын қона жатып соқтырып алатын көрінеді. Ал бəзбіреулер темір-терсегін, қап-қап көмірін қоса тиеп əкеліп, өзі əкеме көрік басуға, балға соғуға көмектесе жүріп, кейде айлап жатып шаруасын бітірмей кетпейді екен…

Біздің əкеміз сонымен қатар зергер де болған адам. Ауқатты кісілер қыздарын ұзатар алдында əкемді арнайы адам жіберіп шақыртып алып, ақ іс соқтырады екен. Яғни күміс пен алтыннан қызының алқасын, қос-қостан білезігін, жүзік сақинасын, қаусырма түймесін, танадай-танадай асыл тасы бар ілгектерін, сəукелеге тұтатын сылдырмақ жəне неше түрлі əшекейлерін, шашбау, қамар белбеу, безелген ер-тұрман, тағы да толып жатқан нəрселерді жасататын көрінеді. Солардың жұқанағы біздің елдегі кемпірі бар үйлерде күні бүгінге дейін сақталып келеді. Кейбірін қолыма ұстап, өз көзіммен көрдім де… Серілеу жігіттердің өзі, ағатайлап жүріп, əкемізге күмістен, ал ауқаттылары алтыннан, атын жаздырып, балдақ соқтырып алатын көрінеді.

Туған жердің көктемі

Көктемде судың тасығаны-ақ тамаша, ерекше бір есте қаларлық қызық сурет. Қыстаудың төбесіне шығып, айналаға қараған кісінің көңілін үрей жайлауы да мүмкін: алдыңа қарасаң — су; артыңа қарасаң — су; мінер жаққа мойын бұрсаң — су; қамшылар жағыңа көз тастасаң — су. Жер дүниенің бəрін телегей-теңіз су қаптап кеткенге ұқсайды. Кең табан, жалпақ сорлардың шірене шалқыған салтанаты айдын шалқар көлдерден бір де кем емес. Бұрын байқай бермейтін шұқыршақ біткеннің бəріне меймілдеп, ішіне су толып, еріген қорғасындай жалт-жұлт етіп көзді шағылтады: санына жетіп болар емес. Құбыла жаққа қарай бет алған топан су аша-аша боп тарамданып (сол тұстағы өзендерді жергілікті халықтың «Үш аша», «Бес аша», «Жеті аша» деп айтатыны да сондықтан болар), мың бұралып, жүз иіліп жөңкіп жатқаны сол. Сонда біз көрінген қарасуға морда тоссақ болды, балықты қырып аламыз. Бірде ағам қарасуға барып морда құрғанда, мордасының əр көзіне бір-бір балықтан ілінгені əлі есімде… Өзен өте бір қатты тасыған жылдары айналамыз көк ала топан су боп кетеді. Біздің қыстау алақандай ғана аралда қалғанға ұқсайтын. «Тағы да тасыңқыраса қайтер екенбіз?» — деп мен кейде шынымен қорқатынмын. Бірақ қандай ересен сел жүргенмен, біз ондай жағдайға ұшырап көрген емеспіз. Аталарымыз білген ғой, қыстауды қайдан саларын.

Жайлауға жеткен сәт

Келсем, үй тігіліп қапты. Киіз үйдің ішіндегі əлі адам аяғы таптап үлгермеген, иісі аңқыған көк майсаға əрлі-берлі аунап ыстығымды бастым. Əржердітініткілепқарапедім, дайынтұрғантамақкөзіметүспеді. Сосынінімдіерттімде«жүргенаяққажөргемілінер» деп, ырзығымды құм арасынан іздеуге шықтым. Бұрнағы жылы, былтырлары жайылғаннан есте қалған болса керек, бір құм төбенің қойнауында өсіп тұрған мол қоянтобыққа кездестім. Қазып алып біреуін інімнің, біреуін өз аузыма салғыштап жатырмын. Бұл өзі аумағы үлкен кісінің бармағындай, сыртқы пішіні картопқа ұқсас құм жемісі. Дəмі кермектеу, бірақ іші толған шырын болады. Сосын келесі бір құм етегінен биеемшекке кездестік. Бұл — биенің емшегінен аумайтын, сəбізге ұқсас нəрсе. Дəмі де қант татиды. Содан дөңеске шықтық. Биік көкпекпен, кейде жуан шағыр, бойшаң сағызбен тайталаса, ақсұрлау алашабыр сабағын жан-жағына тармақтай еркін жайып жіберген дала көсігін көргенде қыр баласы шешесі ұл тапқандай қуанады. Көсіктің дəмі ерекше бал татиды. Өзі көгеннің қазығындай үлкен болады. Біз көсіктің бесеуін ұшыраттық. Ініміз екеуміз бір-бірден жеп едік, тойып қалдық. Сосын бізге, басы бармақтай, сабағы таяқтай құмның жуасы кезікті. Екеуміз екі буат жуа қазып алдық. Бірақ удай екен. Біреуінің басынан бір тістеп аузыма салып едім, кеңсірігім ашып, тамағым кептеліп, екі көзімнен бірдей жас парлап қоя берді. Өтепберген де аузына салған екен, ол: «Тілім ашып балады!» — деп жылап, мазаны алды. Тағы бір көсікті екеуміз бөліп жеп, əзер дегенде аузымыздың дəмін келтірдік. Үйге келсек, от жағылып, сүт пісіп жатыр екен. Бұрыннан көргенім бар: құмның ащы жуасын қоламтаға көме қойдым. Сонда ол ашуы қайтып, тəп-тəтті боп шыға келеді.Сəбізді сүтке турап жеген де сондай оңды болады. Біздің жақта жаздыгүні құмның жуасын қап-қап етіп теріп əкеледі де, тұз араластырып келіге түйеді. Сосын оны кептіреді. Оны «жуабас» деп атайды. Күзге салым қыстауға көшкенде əрбір үй шанаш-шанаш жуабас та тиеп қайтады. Сосын оны қыс бойы сорпаға салады. Сорпаның дəмін келтіреді. Қазіргі көзбен қарасақ, қазақ сол қарапайым түрде-ақ қыста таптырмайтын «С» витаминін қаптап қайтады екен ғой…

Жиденің иісі

Жаздың аяғына таман жиде піседі. Сол кездері мəуе теру біздің ең бір басты жұмысымызға айналады. Жақын жердегі жиденің мəуесін олай-бұлай өткенде көктей-ақ жеп тауысамыз. Сондықтан қос-қос болып алыстағы, адамның аяғы жете бермейтін қалың құм арасындағы жиде тоғайына жорық жасаймыз. Əрине, əке-шешелеріміз кілең уақ балаларды ондай алысқа жібермейді. Сондықтан бізді ересек балалар бастап барады. Қайта-қайта бара алмайсың. Сол себепті үйден үлкен қалта, дорба алып шығамыз. Түсте жейтін тамағымыз бен шөлдегенде ішетін сусынымыз да соның ішінде. Сұйық тамақ ретінде қол басындай бүйенге айран құйып береді. Ыдыс алмаймыз. Сондықтан бүйеннің аузынан ішуге тура келеді… Жиде теруге барған бала бірден белгілі: бір өзіне бір қора мысық жабылғандай, үсті-басы, əсіресе екі қолы мен екі сирағы шиедей боп жүреді. Оның есесіне не қалта, не дорба толтырып жиде алып келеді. Əрине, дағдығаайналғанəдет бойынша дорбаға не қалтаға салардан бұрын əуелі аузымызға салып, ішіміз кепкенше жеп, əбден тойып аламыз. Тілді үйірген кермек дəмі шекемізден шыққанша жей береміз. «Ер еңбегіне бір тойсын» деп бекерге айтпаған ғой. Біз алып келген жидені жеңсік көріп, үлкендер де қаузайды. Бұған біз іштей қатты қуанамыз: бес-алтыдағы бала үшін еңбегі үлкендердің бір əжетіне жарағаннан артық қандай құрмет керек! Жарықтық боз жиденің қышқылтым хош иісі түу сонадайдан танауыңды қытықтаушы еді…

Ауылдағы мейрам

Біздің ауылға жырау келді. Жігіт-желең, қыз-келіншектерді былай қойғанда, ақсақал адамдар мен ақ жаулықты кексе əйелдердің өзі мейрам күндегідей дүр сілкініп, əр үй жырауды құрметпен, сыбағасы, сыйымен қарсы алу əзірлігіне күнілгері қамданып жатты. Жырау əр үйге бір қонып, жата-жастана, иен құм арасындағы үркердей біздің ауылдың адамдарының өлең, қисса, жырға құлақ құрышын қандырып бақты. Қай үйде жырау қонса, сол үйде шілдехана боп жатқандай дүрмек басталады.Үйге сыймағандары есіктің алдында үйіріліп тұрып, іргенің киізін түріп қойып, керегенің сыртында отырып тыңдайды. Ал біз сияқты жүгермектер отырғандардың желкесінен, бала жігіттер жабықтан сығалап дегендей, бəрі де жырауды бір көріп жəне бір тыңдап қалуға өлердей құмартады. Менің «жырау» деген сөзді естіп, «жырау» деген кісіні кездестіріп тұрғаным осы. Онда да өзіміздің үйге келгенде ғана дұрыстап көре алдым. Əрине,қымызсапырылып, малсойылды, шайқойылды. Менүлкенағамныңкүпісініңетегінеоранып (сол бір кеш суық болды) бір жамбастап жатып алып, жағы тыным таппай отырған жыраудың біресе өзіне, біресе он саусағы құрдай жорғалаған көнелеу қара домбырасына жапақ-жапақ қарай берем. Жырау орта бойлылау, арықша келген қара торы кісі екен. Қияқ қара мұрты бар. Сақалын қырып жүреді, білем, иегі, тамағының асты судан тоңып келген адамның кескініндей көкпеңбек. Сол күні біздің үйге жиналған жұрт (басқа үйлерге де солай болар) өрелі таңды көзімен атқызды. Мен де көз ілгенім жоқ. Əшейіндекешкітамаққақарамай кез келген жерде қылжиып қалатын мен, күні бүгінге дейін қайранмын, сол түні ұйқы дегенді ұмытып кеттім. Ауылдың ақсақалдары мен бəйбіше кемпірлер ас желініп, шай ішкенге шейін отырды да, сосын қалған қызықты жастардың үлесіне қалдырып, үйді-үйлеріне тарасты. Соның өзі түннің бір ортасы болатын. Жырау бір апта бойы жұртты өлең-жырға бір кенелдіріп тастады да, жүріп кетті. Ауыл адамдары оны зор сый-құрметпен шығарып салды. Өлең-жырға аузы тұшып қалған жұрт, əсіресе шалдар жағы бірер жеті өткен соң тағы бір жиында мені əурелей бастады. Мен тартынған жоқпын. Мал беріп алған байын менсінбей, басқа бір көңілі сүйген жігітпен қашып кеткен жас келіншек туралы жырау айтқан өлеңді мен де айтып бердім.

— Тағы не білесің?! — деп бас қосқандар мені тұс- тұстан қаумалай бастады.

— Орақ-Мамайды білем, — дедім бетім шылп етпей.

Жырау біздің үйде бір түн бойы осы қиссаны жырлаған болатын. Домбыра ұстап көрмеген маған бір жас жеңгем оқтауды əкеп көлденең тартты. Оған арланып жатқан мен жоқ. Оқтауды домбыраға ұқсатып, жыраудан көргенім бар, жоғарлы-төменді ойқастата, он саусағымды жүгіртіп алып, Орақ-Мамайды бастап кеп жіберейін. Оқтауды домбыра қып тартқанымды көргенде жамырай күле бастаған жұрт мен қиссаны бастаған кезде су сепкендей басыла қалды. Мен айтып отырмын, айтып отырмын, көпшілік тым-тырыс тыңдап отыр, тыңдап отыр. Бір уақыттары өзім кəдімгідей шаршап, тамағым қарлығыңқырап, өзімше Орақ-Мамайды аяқтадым-ау, əйтеуір. Алдыңғы өлеңді де, мына қиссаны да жырау біздің үйге келгенде айтқаннан бір-ақ рет естігенмін. Білгенімді айтып болып, қиссаны аяқтаған шағымда, Батпан дейтін ағайынға ең бір қадірлі жеңгем менің шешеме қарап:

— Мынауың өлмесе бір жерден шығады! — деді де, мені құшақтап, аса бір елжіреген мейіріммен екі бетімнен алма-кезек сүйіп-сүйіп алды. Төрде отырған бір ақсақал кісі жеңгемнің сөзін тірілтіп:

— Болса болар, екі көзі жайнап тұр екен, от екен. Көгерер бала көзінен! — деді. Соданбылайқарай мен «жырау бала» атандым да кеттім.

Көкпар тарту
…Жетіге шыққаннан кейін біздің үйдің қырық-отыз қой-ешкісін бағу түгелдей менің мойныма көшті. Басқа үйдің балалары да осыны істейді. Бəріміз қосылып малымызды құмның арасындағы оты мол жерге айдап барамыз. Сосын бар бітіретін шаруамыз — көкпар тарту. Əрқайсысымыз бір-бір қошқарға, құнан қойға, ісекке не теке мен серкеге мініп аламыз. Сосын, айда кеп, осы мақсатпен көршінің баласы əдейі жасырып алып келген өлген лақтың терісін əрі тартып, бері тартып жатқанымыз сол — шеке тамырымыз білеуленіп, көзіміз шақырайып. Əлден уақытта оңтайлылау біреуіміз лақ терісін ала қашамыз. Қалғанымыз оны жабылып қуып береміз. Көмбеміз — көне мола, жер боп қалған, қыштан қаланған төрт құлақ там. Тартыса-тартыса жаңағы терінің пұшпағынан түк қалдырмаймыз. Бір күні мойын жағын жұлып алғаным менің əлі есімде. Көкпарды алып көмбеге бұрын жеткеннің сыбағасы бар: майға батырылған жұмсақ құрт не бір уыс ірімшік жəне бəріміздің торсығымыздан шым-шымдап құйылған бір тостаған айран. Сондықтан мұндай тегін тамақ үшін кім жанын салмас. Бәрінен бұрын, өзгелердің алдында күш-қайратыңды, ептілігіңмен қатар жырындылығыңды да көрсете білгенге не жетсін!

Мектептегі өмір

Мейірбан əжемнің бірдеңеден қалған сары бөзден маған мойынға асатын ызба бауы бар кітапқап тігіп қойғанын көргенде төбем көкке жеткендей болды. Алғаш рет «әжеме қандай жақсылық істесем екен?» деген ой келді маған. Бірақ бұл сұрақ жауапсыз қалды.
Ертеңіне, басқа да ауыл балаларына еріп, Құйылыстан бес шақырымдай жердегі Қаракөлде ашылған мектепке кеттім.
Мектеп дегеніміз үлкен бір алты қанат боз үй боп шықты. Мұғаліміміз ұзын бойлы, танауының астына жалпақтығы бір елідей ғана мұрт қалдырған, шоқша сақалы бар, орта жастағы кісі екен. Былтыр күзде түсіме кipген су жаңа кітапты, қағазы шытырлаған көк дəптерді, ұзындығы бір қарыс, сырты қызыл, іші қара қарындашты қолыма ұстатқанда, қатты қуанғаннан, жүрегім тулап-тулап кетті. Өзімде жүрек бар екенін де алғаш рет сонда сезсем керек.
Алдында тышқан терісіне костюм-шалбар, аяғыма шапата алғаным мұндай жақсы болар ма: мұнтаздай боп соларымды киіп барып едім, басқаны қойғанда, тіпті өзіме-өзім ұнап кеткендей болдым.
Балалар үйдің ішіне, керегені жағалай, бір тізерлеп отырысты.
Алдымызда — кітап.
— Ата… Ана… Атан… Бала… Сара… — деп жатқанымыз сол, біраздасын жамырай дауыстап оқып.
Бір үзіліс кезінде Есірхан, əй-шəйға қаратпай, мені қолымнан жетелеп мұғалімнің алдына апарды. Бірдеңе болып қалған екен деп қорқып кеттім.
— Ағай, мынау, өлеңші, жырау бала, — деді Есірхан бірден мені нұсқап. «Өлеңші», «жырау» деген сөздерді естігенде, байқаймын, мұғаліміміздің құлағы елең ете қалды.
— Қандай өлең айта білесің?
— Қисса айтамын…
— Ағай, ол қатындарға шығарған өлеңді де жатқа біледі, — деді Есірхан бір жағынан қапталдасып.
— Кәне, айтшы.
Мен онша іркілгенім жоқ: өзім білетін «Орақ-Мамайды» желдіртіп қоя бердім. Сосын қыз, қатындарға шығарған өлеңдерді айтқанымда, мұғаліміміз көзінен жас аққанша мәз-мәйрам боп күліп, рахатқа батты да қалды. Содан былай қарай, балалар былай тұрсын, мұғалімнің өзі мені «Жырау бала» деп атайтын болды.

Шүлен ботқа

Егін орылып, астық басылып, тары суырылған шақта диқаншы: «Уһ!» деп демін бір-ақ алады. Тау-тау, жал-жал боп үйілген баданадай ақ, қызыл тарыны көргенде барып диқанның қабағы ашылып, ауыр еңбегінің ақ, қызыл маржан ырзығына, мардымды жемісіне ризашылықпен қуана қарап тұрар еді…
Үлеске бөлместен бұрын ортадағы астықтың бірер қабын садақаға шығарады. Оны ауылдың қатын, қыздары жабыла түйіп, бір күннің ішінде ақтап үлгіреді. Үш-төрт ұсақ жандық сойылады. Сосын бірнеше тай қазан толтырыла ет қосқан ботқа жасалады. «Ер еңбегіне бір тойсын» дегендей, əлгі ботқаны жұрт жабыла кеп жейді. Еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін үлесі бар ол ботқада. Сондай мол болады. Басқа ауылдардан да келіп жеп кетіп жатады. Еңбегі жанып, көңілі пірлеген диқан оларды да қуана қарсы алады. Жетім-жесірлерге, баласы 1916 жылғы көтерілісте шейіт болған кемпір-шалдарға кеусен беріледі. Ботқаға тойып алғаннан кейін сандықтың түбінен шыққан бірер қайнатым шай мен қант та ортаға түседі. Бірді-екілі биесі бар кісілер де осы күнге арнап, өздері ішпесе де, мес-мес қымыз дайындап қояды. Осы бір анау-мынау мейрамға бергісіз күнді диқандар «Шүлен ботқа» деп атай салған. Ал шынында бұл диқан тойының нағыз өзі болатын.
Ертеңіне серіктің алқасын құрайтын ақсақалдардың бастауымен, қап, алашасын сүйретіп, жұрт қырман басына барады. Сол жерде əрқайсысы тиісті үлесін алады.
Содан кейін əркім өзі қыстайтын жерге қарай біртіндеп жылжып көше бастайды.

Алғаш рет көру
…Есірхан екеуміз ешкі-лақ бағып жүр едік, қобы жолмен тоңқалаңдап өзінен-өзі жылжып келе жатқан бір қара мақұлықты көргенде зəрем тас төбеме шықты. Қорыққаным сонша — бақырып жылап жіберіппін. Жан-жағыма алақ-жұлақ қарағыштап, тығылатын пана іздей бастасам керек. Осы күнгі кузовы саудырлаған жаман жүк машинасы сонда маған дүниедегі ең ірі мақұлық жəне мені жұтқалы келе жатқан жеті басты жалмауыздай кұбыжық боп көрінді.
Есірхан менен үш-төрт жас үлкен-ді. Сапар шыққан əкесіне еріп барып, бір-екі рет қаланы да көріп қайтқаны бар-ды. Оның сасатын түрі жоқ.
Есірхан:
— Әй, Қайсар! Немене құтың қашып?! Мəшине ғой ол, көрмеп пе едің?.. — дегенде барып әзер есімді жидым.
«Құйылыста жəрмеңке болады» деген хабар дүңк ете қалды. Сол-ақ екен, маған əуелгіде тажалдай боп көрінген «құбыжықтар» — жүк машиналары күндіз-түні ағылып, Құйылыстың басына қаптап келе бастады. Әкелген әртүрлі заттары: шай-шекер, мата-тауар, киім-кешек, құрал-сайман, жабдық-жасау, мүлік-мүкәлман, ақ ұн, көмеш нан дегендер тау боп үйіліп қалды. Заттарды қоршай алты қанат ақ үйдей нəн ақ шатырлар да тігіліп жатты. Өмірімде алғаш рет кілең бір үрпек шаш, шикі сары, көздері тұздай кісілерді — орыстарды мен сонда көрдім. Олардың ішінде қазақтар да баршылық. Əсіресе қазақтың қыз-келіншектерін көргенде жəне олардың аналармен орысша сөйлескенде аузы-аузына жұқпай кететініне біздер, ауыл балалары, таң-тамаша боп, кездескен жерде қоршамалап тұра қаламыз. Сонда əлгі қара торы, ақ құба қыз-келіншектердің түр-түсі бізге ұқсас болғанымен, тілі де, тіршілігі де басқа, бөтен қаймана біреулер сияқты боп көрінеді.

«Жер басып жүрсем» хикаясынан алынды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button