Басты жаңалықтарДенсаулық

Ақтөбенің медицинасы: бүгіні мен болашағы

Жыл санап облыстың денсаулық сақтау саласына қолдау қай жағынан да күшейіп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда медицина саласы  мамандарының саны да артпаса, кеміген жоқ. Құрылыс нысандары бойынша және ілгерілеу бар. Ал көрсетілетін қызметтің сапасы қалай?

Біз жаңашылдықтар һәм жаңа жобалар төңірегінде өңірдің бас дәрігерімен сұхбаттасып, ауыл-аудандардағы мамандармен де өзекті мәселелер бойынша тілдескен едік…

Ауылға барған дәрігерлерге қолдау көп

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда, биыл ол басқаратын саланың бюджеті 22 пайызға өскен. Ал күрделі жөндеу жүргізілген нысандардың саны екі есеге ұлғайған.

— Былтыр сала бюджеті 90,1 миллиард теңге болса, 2023 жылы 115,6 миллиард теңгеге дейін артты. Биыл 14 нысанда күрделі жөндеу жасалып жатыр. Өткен жылы 7 мекеменің ғимараты ғана қалыпқа келтірілген еді. Жалпы, материалдық-техникалық жарақтандыруға арналған бюджет екі есеге жуық артты: 2022 жылы 3,2 миллиард теңге болса, 2023 жылы 5,3 миллиард теңгеге жетті.

Өлім-жітім көрсеткіші 1мың тұрғынға шаққанда, өткен жылға қарағанда0,16 пайызға төмендеді. Сол сияқты биыл 100 мың тұрғынға шаққанда қанайналым жүйесімен ауыратындар 1,4 пайызға, қатерлі ауруларға шалдыққандар — 24,1 пайызға, туберкулез жұқтырғандар 35,3 пайызға кеміді.

Кадрлық мәселелерге қатысты да оң өзгеріс бар. Ауылдық жерлерге жіберілетін жас мамандарға біржолғы көтермеақы осы жылға дейін 1,5 миллион теңге болған. Облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 17 мамырдағы №37 шешіміне сәйкес жас мамандардың еңбек тиімділігі мен орындалатын жұмыстардың сапасын арттырып, қызығушылығын ояту мақсатында бұл көрсеткіш 3 миллионға дейін өседі. 

Өзекті мәселелердің бірішалғайдағы елді мекендер тұрғындарының алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қол жеткізуі еді. Соның ішінде зертханалық-диагностикалық қызметтерді алу жағынан қиындықтар болған. Осыған байланысты фельдшерлік сөмке — шағын көлемді мобильді көпфункционалды кешен жобасы әзірленді. Облыс әкімінің қолдауымен жергілікті бюджет қаражатынан шалғайдағы ауылдық округтердің тұрғындары үшін 138 фельдшерлік сөмке сатып алуға 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Мұндай бір сөмкенің құны — 7,5 миллион теңге, — дейді өңірдің бас дәрігері.

IT сөмке — фельдшерлердің «қолғанаты»

Аталған медициналық жабдық — «HES-7 денсаулықты диагностикалау жүйесінің» атқаратын қызметі орасан. Сол арқылы аз уақытта  профилактикалық тексерулердің (скринингтердің) кең түрін жасауға мүмкіндік бар. IT-жобаның игілігін қазірден көріп үлгергендер бар.

— Қондырғымен кез келген орта медицина жұмыс істей алады. Бір адамды тексерістен өткізу үшін шамамен 15-30 минут жеткілікті. Цифрлық жүйенің арқасында көптеген медициналық қызметтерді жүргізуге болады. Атап айтсам, фельдшерлік сөмкемен қан қысымы мен дене қызуын өлшеуге, гемоглобин мен гематокритті анықтауға, зәр анализін жасауға, дене салмағының индексін білуге, 6 параметр бойынша лейкограмма жүргізуге, болады. Жабдықтардың барлығы медициналық ақпараттық жүйелермен біріктіріледі, — дейді облыстық жедел жәрдем бекетінің аға фельдшері Айнұр Жанұзақова.

Мұндай жабдық Алға аудандық ауруханасы (15 бірлік), Әйтеке би (7 бірлік), Байғанин (8 бірлік), Ырғыз (17 бірлік), Қарғалы (8 бірлік), Мәртөк (8 бірлік), Мұғалжар (6 бірлік), Ембі (5 бірлік), Темір (10 бірлік), Ойыл (7 бірлік), Хромтау (23 бірлік), Қобда (8 бірлік) және Шалқар аудандық ауруханаларына (16 бірлік) беріледі.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Соңғы мәліметтерге жүгінсек, облыс бойынша 4170 (оның 3129-ы —  мемлекеттік мекемелерде) дәрігер жұмыс істейді. Ал орта медицина қызметкерлерінің саны — 8194 (оның 6287-сі — мемлекеттік мекемелерде).

Өңірде 40 аурухана (23-і мемлекеттік, 2-еуі ведомстволық, 15-і жекеменшік) бар. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті 42 (22-сі мемлекеттік, 20-сы жекеменшік) орын көрсетеді. Сонымен қатар 439 амбулаторлық-емханалық ұйым (310-ы мемлекеттік, 10-ы ведомстволық, 119-ы жекеменшік) бар.

Байғанинде бес медицина нысаны бой көтереді

Ресми деректерге сүйенсек, 2023-2024 жылдары «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 29 медицина мекемесі, соның ішінде биыл 11 нысан және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 35 жобаны (газдандыру, жобалық-сметалық құжатын әзірлеу, құрылыс, жөндеу) іске асыру жоспарланған.

Сондай игілікті Байғанин ауданы да көріп жатыр. Қазіргі таңда мұнда 1 дәрігерлік амбулатория мен 4 медициналық пункттің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша барлығы да жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

— Соңғы бір жылда аудандағы медицина саласында айтарлықтай ілгерілеу бар. Былтыр аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жасалды. Өткен айда ауданға 2 жедел жәрдем көлігі берілсе, таяуда материалдық базамыз 6 қондырғымен толықпақ. Сонымен қатар биыл 5 медицина мекемесінің ғимараты жаңадан ашылмақ, олар: Көкбұлақ, Қосарал, Қораши, Қаражар ауылдарында медициналық пункт және Абай елді мекенінде дәрігерлік амбулатория, — дейді Байғанин аудандық ауруханасының бас дәрігері Абзалбек Иманбаев.

Жалпы, Байғанин ауданында 47 дәрігер, 177 медбике еңбек етеді.

3 ірі жоба іске аспақ

Алдағы уақытта атқарушы биліктің қолдауымен өңірде жеке инвестициялар есебінен 3 ірі құрылыс жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ақтөбеліктер үшін ядролық медицина және томотерапия орталығы, check-up орталығы, сондай-ақ медицина университеті жанынанашылатын емхана қызмет етпек.

— Алғашқы жоба — Ақтөбе қаласындағыядролық медицина және томотерапия орталығы35 миллиард теңгеге салынбақ. «Орхун Медикал» көпсалалы емханасының құрылысы 2025-2027 жылдарға жоспарланған. Бұл «Орхун Медикал» компаниясының өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Мақсат — республиканың батыс өңірінің халқын (жылына 13 мыңға жуық адам) қамти отырып, жоғары технологиялық әдістердің көмегімен онкологиялық, неврологиялық және кардиологиялық ауруларды кешенді радиодиагностикамен емдеу. Медициналық қызметтер ақылы негізде де, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде де көрсетіледі. Бұл жергілікті медициналық туризмді де дамытуға мүмкіндік береді.

Жақында эскизді таныстыру және осы жоба бойынша келісімшарт жасасу үшін тараптар кездеспек.

Мұнымен бірге Ақтөбе қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында«L-Group» компаниясы 15,7 миллиард теңгеге check-up орталығын тұрғызбақ. Мемлекет тарапынан инвестициялық шығындарды өтеу үшін облыстық бюджет есебінен 10,9 миллиард теңге қарастырылмақ.

Бұның басты артықшылығы — келушілер бір жерден 1-2 күнде толық медициналық тексерістен өте алады. Құрылыс 2024 жылы басталады деп күтілуде.

Тағы бір жоба—Батыс Қазақстан медицинауниверситеті жанындағы емхананың құрылысы. Аталған нысанды Марат Оспанов атындағы жоғары оқу орны «Ренессанс» холдингімен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша республикалық бюджет есебінен салмақ.

Сол арқылы денсаулық сақтаудың интеграцияланған академиялық жүйесін құру, заманауи медициналық технологияларды енгізе және тарата отырып, сапалы, қауіпсіз және тиімді медициналық көмек көрсету көзделеді, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button