Басты жаңалықтарМереке

Дөң тау-кен байыту комбинатына – 85 жыл

Хромтауда Дөң тау-кен байыту комбинатының 85 жылдығына арналған мерекелік шара өтті.
   
Орталық стадионда құрылған сахнада қызметкерлер марапатталып, танымал қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен шоу ұйымдастырылды, қойылымдар сахналанды. Хромтаудың мыңдаған тұрғыны – мереке қонағы болды.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов шахтерлерді, Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлерін атаулы күнмен құттықтап, сөз сөйледі.

«Тау-кен өнеркәсібі – мемлекет экономикасында маңызды орынға ие және өңір индустриясының негізгі қозғаушы күші. Кеншілер күні – бұл өз кәсібіне берік және адал адамдардың мерекесі. Бүгінгі таңда «Қазхром» ТҰК» – біздің өңірдегі 12 мыңнан астам адам жұмыс істейтін ірі кәсіпорын. Компанияның ең үлкен байлығы – өз өмірін еңбекке арнаған жандар, кәсіпорында бір әулеттің мүшелері де жұмыс істейді. Мен экономиканың дамуына үлес қосқан әрбір қызметкерге алғыс айтқым келеді. Баршаңызға шын жүректен зор денсаулық, бақыт, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді Ералы Тоғжанов.

Кәсіби мереке қарсаңында Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері рекордтық мерзімде «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» шахтасына жеткізілген жаңа көтеру машинасын іске қосты. Пайдалы қазба – кеннің жер бетіне шығуы осы жабдықтың жұмысына байланысты. Қазір қондырғы толығымен жетілдірілді. Енді ол жылдам әрі тиімді жұмыс істеп тұр. Осы ауқымды жобаға қатысқан азаматтар және басқа да қызметкерлер облыс әкімінің атынан алғыс хат, Құрмет грамотасын иеленіп, корпоративтік және ведомстволық төсбелбелгілермен марапатталды.

«Бұл күн – ерік-жігері мықты, қайсар да қайратты жандардың мерекесі. Бұл біздің кеншілерге, өзге де өндірістік мамандық иелеріне тән қасиеттер. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында Дөң тау-кен байыту комбинаты мен топтың екі ферроқорытпа зауытының жағдайы жасалып жатыр. Яғни мыңдаған қызметкер мен олардың отбасылары, «туған қалаларымыздың» тұрғындарының әл-ауқаты қамтамасыз етіліп жатыр деген сөз. Істеріңізге адалдық танытып, кәсіби міндеттерді шын ниетпен орындағандарыңыз үшін және қайсарлықтарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын», – деп атап өтті ERG компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов.

Салтанатты құттықтау кештің хедлайнерлері – аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» мен танымал әнші RaiM, өзге де Қазақстан жұлдыздарының қатысуымен өткен концертке ұласты.

Кәсіпорынның 85 жылдығына орай, демалыс күндері Хромтауда веложарыс өтті. Қатысушылар қала көшелерімен 85 саны формасында жүріп өтті, цехтарда қызметкерлер марапатталып, ардагерлер сый-сияпатқа ие болды.

Жалпы, кәсіпорын жұмысын бастағалы бергі 85 жыл ішінде кеншілер 238,2 миллион тоннадан астам кен өндірді. Дөң тау-кен байыту кеншілері пайдалы қазбаның алғашқы миллион тоннасын 1959 жылы өндірген болатын. Содан бері көрсеткіштер тек өсіп келеді. Биыл 5 миллион тоннадан астам өнім өндіріледі деп күтілуде.

Бүгінде Дөң тау-кен байыту комбинатында 8 мыңнан астам жұмыс істейді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button