Басты жаңалықтарӘлеумет

Жол-көлік оқиғалары: 7 айда 50 адам көз жұмды

Облыста, әсіресе халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда жол-көлік оқиғалары саны азаймай тұр. Көлік жүргізушілерінің жолдың қарама-қарсы бетіне өтуі, жылдамдықты асыруы, қала ішінде жаяу жүргіншілердің  жол тәртібі ережелерін сақтамауы салдарынан биыл жол апатынан қаза болғандар саны көбейген. Жеті айдың ішінде 263 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 50 жолаушы көз жұмған…

 

Ұзын жолдың әңгімесі…

 Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының жол қауіпсіздігі бойынша ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Асылхан Бекбосыновтың айтуынша, жыл басынан бері өңірде тіркелген 263 жол-көлік оқиғасынан 50 адам қаза тауып, 347 жолаушы әртүрлі дене жарақатын алған. Биыл жол-көлік оқиғаларының саны азайған, алайда көз жұмғандар саны артып отыр.

— Былтыр осы кезеңде облыста 296 оқиға тіркеліп, 400 адам дене жарақатын алып, жол апатынан 42 адам көз жұмған болатын. Өкінішке қарай, биыл жол апатының салдарынан қаза болғандар саны артқан. Атап айтсақ, жеті айда республикалық маңызы бар жолдарда 38 ірі жол апаты болған. Оның ішінде Самара-Шымкент тасжолында болған жол-көлік оқиғалары салдарынан 30 адам қаза болған. Бұған дейін бұл жолдарда пандемияға байланысты шектеулер болып, шетел азаматтары Ресейге, Өзбекстанға көп қатынаған жоқ. Биыл бұл бағытта жолға шыққан жолаушылар біздің облыс аумағымен толассыз ағылып жатыр. Соның салдарынан бүгінде шетел азаматтарының қатысуымен автокөлік жолдарында оқыс оқиғалар жиі тіркелуде. Оның ішінде қарама-қарсы бағытқа шығып кету, рөлде отырып ұйықтап кету, жылдамдық асыру сияқты факторлардың әсерінен жол-көлік оқиғалары көп тіркеліп отыр, — дейді аға инспектор.

Оның айтуынша, биыл шетел азаматтарының қатысуымен жалпы саны 20 жол апаты болған. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары орнында 18 адам көз жұмып, 28 жолаушы түрлі дене жарақатын алған. Атап айтсақ, Тәжікстан азаматтарының қатысуымен 7 ай ішінде 4 жол апаты тіркелсе, одан 6 жолаушы зардап шегіп, 5 адам көз жұмған. Өзбекстан азаматтары облыс аумағында 6 жол апатына түскен 11 адам зардап шегіп, 3 адам қаза болған.

  • Облыс аумағындағы халықаралық және республикалық жолдарда болған жол апатының салдарынан Қырғызстанның 6 азаматы көз жұмып, үш жолаушысы дене жарақатын алса, ресейліктердің қатысуымен болған екі жол-көлік оқиғасынан екі жолаушы қаза тапты. Сондай-ақ 6 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды. Бұдан бөлек Әзірбайжан, Түркия, тағы басқа елдердің азаматтарының қатысуымен үш жол апаты орын алды. Сонымен қатар биыл тіркелген үш жол апаты мас күйінде көлік басқарған жүргізушілердің кінәсінен болып отыр. Соның салдарынан 3 жолаушы зардап шекті. Ал көлік басқару құқығы мен құжаты жоқ жасөспірімдердің рөлге отыруы салдарынан жыл басынан бері өңірде 5 жол апаты тіркеліп, екі адам көз жұмып, 11 адам зардап шекті, — дейді А.Бекбосынов.

Шілде айында жергілікті полиция басқармасы инспекторларының бастамасымен облыста  бір ай бойы «Рөлде ұйықтау» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында инспекторлар мен медицина саласының мамандары облыс аумағындағы халықаралық және республикалық жолдарға рейдке шығып, жүргізушілерді тоқтатып, олардың денсаулығын, жағдайын тексерді. Шаршаған жүргізушілерді жол бойындағы кемпингтерге  орналастырып, бірқатарына салқын душқа түсіп, сергіп алуға кеңес берді. Сондай-ақ заң бұзған жүргізушілерге ескерту жасады.

  • Биыл республикалық, халықаралық маңызы бар тасжолдарда арнайы дрон және «Автоураган» көлігінің көмегімен ереже бұзған жүргізушілер анықталды. Былтыр бұл жолдарға бес «Автоураган» кешені орнатылған арнайы көліктер шығарылса, биыл олардың санын 10-ға жеткіздік. Қазір «Автоураган» кешендері осы тасжолдарда жылдамдықты асыратын, қарама-қарсы бағытқа шығатын, белдік тақпайтын, тағы басқа да құқық бұзатын жүргізушілерді анықтау мақсатында «жұмыс істеп» тұр. Биыл, өкінішке қарай, жол апатының көбі транзиттік көліктердің қатысуымен болып отыр. Мысалы, өткен шілде айында Қобда ауданының аумағында бір жол апаты болып, соның салдарынан Ресейге бара жатқан Тәжікстан мемлекетінің үш азаматы көз жұмды. Олар бір отбасының мүшелері екен. Жеңіл автокөлік пен жүк көлігінің соқтығысуынан көп адам жарақат алды. Мұндай деректер бүгінге дейін тіркеліп жатыр. Сондықтан қазір біз облыс аумағындағы жолдарда үзіліссіз тексеру шараларын жүргізіп жатырмыз, — дейді А.Бекбосынов.

 

Қала ішінде де қауіп көп…

Аға инспектордың айтуынша, қазір облыс орталығында да жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен. Мәселен, биыл тіркелген 263 жол апатының 164-і Ақтөбе қаласында болған. Оның салдарынан 9 адам қаза болып, 185 адам түрлі жарақат алған. Оның ішінде 70 дерек жаяу жүргіншілердің қатысуымен болып отыр.

  • Былтыр жаяу жүргіншілердің қатысуымен 74 дерек тіркелген болатын. Қазіргі таңда біз қала ішінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қауіпті аймақтарға үш «Автоураган» кешенін орнаттық. Бүгінде патрульдік полиция қызметінің мамандары жылдамдықты асырған, жолдың қарсы бетіне шыққан, жаяу жүргіншілер жолағына жол бермеген жүргізушілерді анықтап, оларға бірінші рет ескерту беріп, айыппұл салып жатыр. Сондай-ақ қала ішінде жол-көлік оқиғаларының алдын ал мақсатында 27 тамыздан бастап бір ай бойы «Абайлаңыз, балалар!» акциясын өткізгелі отырмыз. Бұл акция жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттердің жол қауіпсіздігін сақтауына, оларды автокөлік жолдарында болатын қауіп-қатерден қорғауға бағытталып отыр. Бұл шара кезінде инспекторлар білім беру мекемелерінің аумағын күзетіп, әсіресе көлік қозғалысы көбейетін қарбалас сәттерде балалардың оқыс оқиғаларға тап болмауы үшін жан-жақты алдын алу шараларын жүргізеді, — дейді ол.

Соңғы кезде Ақтөбеде электр самокаттары мен скутерлер жүргізетін жастардың саны көбейді. Содан болар, биыл жасөспірімдердің қатысуымен бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркелген. Елімізде заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес қазір электр самокаттарын 18-ге толған, жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана пайдалана алады. Сондықтан бүгінде облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының мамандары жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды жол қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақыруда.

Осы тұста айта кету керек, өткен айда Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы «Нұр Ғасыр» мешітіне қарама-қарсы жолда «ВАЗ-21103» автокөлігі мен кәмелетке толмаған жас бала басқарған скутер соқтығысқан болатын. Соның салдарынан скутердің 17 жастағы жүргізушісі Ақтөбе қаласының балалар ауруханасына жеткізіліп, бірнеше сағаттан кейін жан сақтау бөлімшесінде көз жұмды. Қазір бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Облыстық полиция департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 8 рейд өткізілген. Мәселен, шілде айында департамент мамандарының қатысуымен Ақтөбе қаласындағы солтүстік айналма жолының бойында «Жолда қабылдау» акциясы өткізілді. Шара аясында мамандар жүргізушілердің ұсыныс-тілектерін тыңдап, жолаушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ жуырда жергілікті полиция басқармасының қызметкерлері жаяу жүргіншілерді жол-көлік оқиғаларынан сақтандыру мақсатында ақпараттандыру

шараларын ұйымдастырды. Бұл шараның маңыздылығы сол, тұрғындарға жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан абайлап өту керектігі айтылды. Себебі қазір кейбір көлік жүргізушілерінің асыққаны сонша — жолаққа жақындағанда тежегішті әрең басып тоқтайды. Бірқатары жылдамдықты асырып, жаяу жүргіншіге жол да бермей өтіп кетеді.

Асылхан Бекбосыновтың айтуынша, биыл  өңірде жаяу жүргіншілердің қатысуымен 86 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

— Біз тұрғындарды жол қауіпсіздігін сақтауға, жаяу жүргіншілер жолағымен өткенде абай болуға, барынша сақ болуға шақырамыз. Ал көлік жүргізушілеріне жылдамдықты асырмау керектігін, қандай жағдай болмасын жолдың қарама-қарсы бетіне шықпауды ескертеміз, — дейді ол.

 

Тиімді әдіс — алдын алу  

 Бүгінде облыс аумағындағы Самара-Шымкент тасжолында жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі. Бұл жолмен күніне мыңдаған көлік қатынайды. Олардың қатарында жүк көліктері де бар. Осыны ескерген облыстық полиция департаменті биыл Әйтеке би ауданының Қарабұтақ елді мекенінен жол қозғалысы ережесін қамтамасыз ететін рота қызметкерлеріне қызметтік үй берді. Қазір мұнда ротаның 12 қызметкері екі ауысымда жұмыс жасап, Қарабұтақ ауылының үстінен өтетін көліктердің жол қауіпсіздігін сақтауына ықпал етуде.

  • Қазір Қарабұтақ ауылы маңынан көліктер үш бағытта, атап айтсақ, Ақтөбе, Қостанай, Ырғыз бағытында қатынайды. Бұл жерден өтетін көліктердің саны көп. Сол себепті жол қозғалысы ережесін қамтамасыз ететін рота қызметкерлері күндіз-түні үздіксіз жұмыс істейді. Департамент басшылығы осыны ескеріп, биыл инспекторларға қызметтік үй берді. Полиция қызметкерлері ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс орталығына бара алмай қалған жағдайда осы үйде тамақтанып, тынығады. Мұнда барлық жағдай жасалған. Олар бүгінде екі ауысымда жұмыс істеп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуда көптеген іс-шара жүргізіп жатыр. Атап айтсақ, қазір рота қызметкерлері шетел азаматтарын тоқтатып, жол ережесін бұзбауын, қарама-қарсы бағытқа шықпауын ескертіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Сондай-ақ жүргізушілердің жағдайын бақылап, олар шаршаған жағдайда жол бойындағы кемпингтерде демалып алуына мүмкіндік жасауда. Қазір аталған тасжолда Хромтау, Әйтеке би, Ырғыз аудандарының патрульдік полиция инспекторлары да күн сайын жол ережесін бұзудың алдын алу іс-шараларын өткізіп жатыр, — дейді патрульдік полиция ротасы командирінің міндетін атқарушы Жамбыл Нұралиев.

Оның айтуынша, биыл рота қызметкерлері дронның көмегімен қауіпті аумақтардағы жолдарда қарама-қарсы бағытқа шыққан көліктерді, сондай-ақ мас күйінде көлік құралын басқарған жүргізушілерді анықтаған. Жыл басынан бері облыс аумағындағы автокөлік жолдарында ереже бұзған 14 392 адам ұсталған. Мас күйінде көлік басқарғаны үшін 98 жүргізуші жазаға тартылса, тыйым салынған жерлерде қарама-қарсы бағытқа шыққан 268 жүргізушіге айыппұл салынған.

Бүгінге дейін республикалық маңызы бар жолдарда жол апаты жағдайын туғызған 354 дерек тіркеліп, кінәлілер жауапқа тартылды. Сондай-ақ көлікті мас күйінде басқарып, бір жылдың ішінде екінші рет ұсталған жүргізушілер Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 346-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып жатыр. Қазір рота қызметкерлері таңғы сағат 4.00-ден кейін және кешкі сағат 17.00-ден бастап барлық транзиттік көліктерді тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Барлық заң бұзған жүргізушілер жауапкершілікке тартылады, — дейді Жамбыл Нұралиев.

 Данагүл ҚАЗИХАН

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button