Басты жаңалықтарӘлеумет

Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы

2023 жылдың 7 айының қорытындылары.

Ақтөбе — экономикасы үнемі даму жолындағы облыс. Мұнда қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтік мәселелер де біртіндеп өз шешімін тауып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде «Ауыл аманаты» жобасы қарқынды бастау алды. Ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету, «Білім All» жобасы арқылы ауыл мен қала мектептері арасындағы білім деңгейін теңестіру, денсаулық саласында телемедицинаны дамытуға бағытталған «Фельдшер сөмкесі», ауыл инфрақұрылымын дамыту бағытындағы «Абаттандырылған ауыл» және «Қауіпсіз ауыл» тың жобаларын жүзеге асырылуда.

Әлеуметтік-экономикалық даму

Облыста тұрақты макроэкономикалық ахуал сақталуда.

Ауыл шаруашылығы нақты көлем индексі – 100,6%,  инвестициялар – 108,3%, құрылыс жұмыстары – 120,2%, тұрғын үйді іске қосу – 109,1%, көлік және қоймалау 116,8% құрады. Көтерме және бөлшек сауда айналымы – 92,5%, өнеркәсіп өнімінің көрсеткіші 91,1% деңгейінде қалыптасты.

Орташа айлық жалақы 311 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 18,2 пайызға өсті.

 

Инвестиция

Облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Ағымдағы жылдың 7 айында инвестициялар 470 млрд теңгені құрады. Ал жыл қорытындысы бойынша өңір тарихында алғаш рет 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, Үкімет тапсырмасы толықтай орындалады деп күтілуде.

Жалпы 2023-2025 жылдар аралығында 3,1 трлн теңгеге 17 ірі жобаны іске асыру бойынша меморандумдарға қол қойылды. Бүгінгі күні бірқатар жобалар бастау алды.

Бұл ретте Бұхара-Орал газ құбырының 3-ші желісі құрылысы маңызды деп есептеледі, себебі инвестициялық жобалардың уақтылы жүзеге асырылуы осы жобаға тікелей байланысты.

Инвестициялық жобаларға қатысты.

Бірінші, құны 280 млрд теңге құрайтын болат-темірдің арнайы маркаларын шығаратын «КазСпецСтилл» зауытының құрылысын қоса қаржыландыру бойынша Индустрия министрлігі мен Қазақстанның Даму Банкі қатысуы жөнінде Премьер-Министрдің алдына мәселе қойылды (80% қоса қаржыландыру – 20% кәсіпорын қаражаты).

Екінші, облыстағы АН-2 ұшағын және МИ тікұшақтарын жөндейтін №406 Қазақстандағы жалғыз авиажөндеу зауыты жұмыс көлемінің болмауына байланысты тоқтап қалу қаупі бар. Чехия және Польша елдерінің жетекші авиажөндеу кәсіпорындарымен бірлесе жұмыс жасайтын зауыттың мүмкіндігі жоғары.

Осыған орай еліміздің авиация саласына маңызды компания қызметін сақтап қалу үшін қосымша жұмыс көлемімен қамтамасыз етуге қолдау көрсету тиісті орындардан сұралуда.

 

Шағын және орта бизнес

Кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Ұлттық жоба шеңберінде 14,5 млрд теңге қарастырылып, 7 айдың қорытындысы бойынша 1 мыңнан астам бизнес жобаларға мемлекеттік қолдау  көрсетілді.

Нәтижесінде белсенді кәсіпкерлердің саны 23 пайызға артып, 88 мың бірлікті құраса, бизнес субъектілерімен өндірілген өнім 20 пайызға өсіп, 393 млрд теңгеге жетті.

Хромтау моноқаласындағы шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында облыстық бюджет, «Даму» қоры және Қазхром компаниясы (ERG) тарапынан 3 пайызбен несие беру үшін 2 млрд теңге бөлінді.

Сонымен қатар басқа өңірлер моноқалаларының даму тәжірибесіне сәйкес Хромтау моноқаласын дамыту жобаларын облыстық кешенді жоспарға енгізу жайы қозғалуда.

 

Инфрақұрылым туралы

Облыс тұрғындары үнемі көтеретін басты мәселелердің бірі — автожолдардың сапасы.

2022 жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 72 пайызды құрады, бұл — еліміздегі ең соңғы орындардың бірі.

Өткен жылы 19 млрд теңгеге 394 шақырым жол жөнделсе, ал биылғы жылы 32,2 млрд теңге бөлініп, 702 шақырым жергілікті маңызы бар жолдар жөнделуде. Бүгінгі күннің өзінде 300-ден астам шақырым пайдалануға берілді.

Нәтижесінде жыл аяғында нормативті жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 78% құрайды.

Дегенмен  Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған көрсеткіш 2025 жылы 95 пайызды құрауға тиіс.

Осы мақсатқа жету үшін алдағы 2 жылда 40 млрд теңгеге қосымша қаржыландыруды қажет етеді.

Сонымен қатар Ақтөбе-Ұлғайсын автожолын 4 жолаққа кеңейту  және 30 жыл бойы жөндеу көрмеген Қандыағаш-Шалқар жолын жөндеу қолға алынды.

 

Ауылдарды газбен қамту үлесі бүгінде 46 пайызды құрап отыр, яғни 170 ауылға көгілдір отын жеткізілмеген.

Осы орайда 30 ауылға газ жүргізу үшін 22 млрд теңгеге жобалар дайын, бұл ретте Үкімет қолдауы күтіледі. Қолдау болса, газбен қамту деңгейін 15 пайызға өсіріп, 61 пайызға жеткізу мүмкіндігі бар.

Бұдан бөлек өңірде сұйытылған мұнай газы бойынша тапшылық бар. Ақтөбе облысы батыс өңірлері үшін транспорттық дәліз екендігін ескере отырып, Энергетика министрлігіне өңірдің ай сайынғы қажеттілігін 16,0 мың тонна деңгейінде бекіту туралы ұсыныс берілді.

Таза ауызсу жайы. Өңір халқы ауызсумен 98,6% қамтылған. Ағымдағы жылы 10 мыңнан астам тұрғыны бар 32 ауылға су жүргізіледі.

Нәтижесінде Мемлекет басшысының тапсырмасын мерзімінен бұрын орындап, 2024 жылы халықты таза ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жеткізілмекші.

Сонымен бірге қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында ауызсу тапшылығы байқалады.

Осы мәселені шешу мақсатында құны 46,7 млрд теңге болатын 4 маңызды жобаны іске асыруға қаржы бөлінуі қажет.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жеті айдың қорытындысы бойынша өңірде 465 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін соңғы жылдардағы ең үлкен көрсеткіш — 1,3 млн шаршы метрге қол жеткізілмекші.

Сонымен қатар тұрғын үй саласында 2015 жылдан бастап қордаланған және күн тәртібіндегі тұрған мәселе — үлескерлердің сұрағы.

Бүгінде бұңдай үлескерлер қатысқан үйлердің саны — 11.  Ол — жалпы сомасы 3,5 млрд теңге құрайтын 540 үлескерлердің қаражаты. Бұл дегеніміз — 3000-ға жуық адам.

Аталған мәселе бойынша жедел шешім қабылданып, арнайы жол картасы бекітілді. Қазіргі таңда 10 үй бойынша құрылыс компанияларымен нақты шешімдер белгіленді,
1 нысанға ғана байланысты мәселе күн тәртібінде тұр.

Шет аймақтарды дамытуға қатысты

 

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы — төртінші агломерациялық орталық.

Осы орайда Астана, Алматы және Шымкент қалалары тәжірибесі негізінде Ақтөбе қаласын Шет аймақтарды дамыту бағдарламасына енгізу мәселесі Үкімет алдына қойылды.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласындағы инфрақұрылымның деңгейі әлі де төмен жағдайда.  Инженерлік желілердің тозығы 58 пайызды құраса, қалаішілік жолдардың 55 пайызы ғана асфальттанған.

Осыған орай өңірдің 60% халқы тұратын Ақтөбе қаласының инфрақұрылымын дамыту үшін 95 млрд теңге қажет деп есептеліп отыр.

Анықтама ретінде: жол инфрақұрылымы – 27,4 млрд тг, тұрғын алаптарға инженерлік желілерді жүргізу – 32,6 млрд тг., суағар құрылысы – 20 млрд теңге, сорғы сүзгі станция құрылысы – 8 млрд теңге, апатты және тозығы жеткен үйлерді ауыстыру – 7 млрд теңге.

 

Облыстың кешенді даму жоспары

 

Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп, Үкімет қаулысымен бекітілді.

Кешенді жоспарды орындау үшін облыстық бюджеттен мүмкіндігінше қаражат қарастырылды.

Бүгінгі күні республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, Экология министрлігінің қолдауын қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Олар:

– Ақтөбе және Қарғалы су қоймаларын қайта жаңарту;

– Облыста 6 ірі су қоймасын салу;

– Алға химиялық зауытының қауіпті қалдықтарын және Елек өзенінің алты валентті хроммен тарихи ластануын жою.

Батыс өңіріндегі ең ірі жерасты Көкжиде ауызсу қорына қатысты. Бұл ретте Көкжиде кен орнындағы мұнай компанияларының 283 ұңғыма жұмыстарын кезең-кезеңімен қысқартуға қатысты мәселе қарастырылуда.

 

Білім саласы

Білім саласын дамыту мақсатында өңірде пилоттық режимде бірқатар өзгерістер енгізуге шешім қабылданды. Біріншіден, орталықтандырылған бұлтты бухгалтерия, екіншіден, бірыңғай сатып алу, үшіншіден, электронды негізде педагог кадрларды жұмысқа қабылдау, төртіншіден, мектеп шаруашылық қызметін жергілікті әкімдіктерге беру.

Нәтижесінде бөлінген қаражат тиімді жұмсалып, болжамды есепке сәйкес 5 млрд теңге шамасында бюджет қаражатын үнемдеу жоспарлануда.

 

Денсаулық сақтау

Облыста денсаулық сақтау саласы инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылысы басталған «Облыстық туберкулезге қарсы диспансер» (жоба құны 4,7 млрд.тг.,  игерілгені — 0,5 млрд тг.) ғимаратының орнына 250 орындық  «Жұқпалы аурулар ауруханасын» салуға қолдау көрсету Үкіметтің алдына қойылды.

Бұл өз кезегінде 1959 жылы салынған ғимаратты жаңартуға және халыққа стандартқа сай сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін болады.

Денсаулық саласында телемедицинаны дамытуға бағытталған «Фельдшер сөмкесі» жобасы көп көмегін тигізуде.

«Ауыл аманаты»

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде «Ауыл аманаты» жобасы қарқынды бастау алды.

Жобаны бастамас бұрын, әр ауылға скрининг жүргізіп, алғаш рет 134 ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары әзірленді.

Нәтижесінде ауыл халқының нақты қандай тағам түрлерін, қандай мөлшерде тұтынатындығы анықталды.

Ақтөбе облысында халық тұтынатын негізгі 65 тағамның ішінде 7 түрімен толық,
ал 45 түрімен 1 пайыздан 69 пайызға дейін ішінара қамтамасыз етілген.

Талдауға сәйкес Ақтөбе облысы 58 тағам түрі бойынша жыл сайын өңір экономикасында қалдыруға болатын 150 млрд теңгені жоғалтуда.

Бұл ретте «Ауыл аманатын» іске асыру келесідей мүмкіндіктерді береді:

Ауылдарды сақтап қалу және тұрғындардың ауылдан қалаға көшуін азайту. Ақтөбе өңірінің өзінде соңғы 3 жылда 17 мың адам ауылдан қалаға көшкен.

Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құрып, жұмыссыздықты азайту;

Халық тұтынатын сапалы азық-түлік тауарларымен кең ауқымда қамтамасыз ету.

Сонымен бірге Ақтөбе облысында Республика бойынша алғаш рет кепіл мүлкі жоқ, несиелері бар, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға тауарлық несие беру тетігі енгізілді. Ерекшелігі — бюджеттің бірде-бір тиынының жұмсалмауы, кепілсіз, пайызсыз және  қайтарымы алынған төл есебінен болуы.

Бүгінгі күні 1300 адамға 4580 бас мал берілді.

Дегенмен ауыл тұрғындарын ауылда тұрақтандыру үшін бұл да жеткіліксіз. Сондықтан өңірімізде «Бірыңғай қолдау шаралар пакеті» қабылданды. Бұл ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету, «Білім All» жобасы арқылы ауыл мен қала мектептері арасындағы білім деңгейін теңестіру, денсаулық саласында телемедицинаны дамытуға бағытталған «Фельдшер сөмкесі», ауыл инфрақұрылымын дамыту бағытындағы «Абаттандырылған ауыл» және «Қауіпсіз ауыл» тың жобаларын жүзеге асыруды қамтиды.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button