Басты жаңалықтарӘлеумет

Оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 2,6 млрд теңге бөлінді

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында биылғы қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, жаңа оқу жылына дайындық барысы, стихиялық қоқыс үйінділерін жою және «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселелері қаралды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінде оң динамика қамтамасыз етілгенін баяндады. Мәселен, ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі — 100,6%, инвестициялар — 108,3%, құрылыс жұмыстары — 120,2%, тұрғын үй пайдалануға беру — 109,1%, көлік және қоймалау 116,8 пайызға жетті. Өнеркәсіптік өндірісте, көтерме және бөлшек саудада кішігірім төмендеу байқалады.

Өңір басшысы Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырып, бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджет қаражатын толық және тиімді игеру қажеттігіне назар аударды.

Сондай-ақ жиын барысында оқу орындарын жаңа оқу жылына дайындау мәселелеріне назар аударылды.

— Ғимараттар мен жылыту жүйелерін жөндеуге қатысты барлық іс-шаралар барынша қысқа мерзімде іске асырылуға тиіс. Бұл мәселені уәкілетті органдар тұрақты және қатаң бақылауда ұстауы қажет. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды. Дабыл түймелері мен турникеттерді орнатуды, мектептегі бейнекамераларды Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосуды жеделдету қажет, —  деді Ералы Тоғжанов.

Жаңа оқу жылында облыста  428 мектеп, 594 мектепке дейінгі ұйым, 41 колледж жұмыс істейді. Биыл 33 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізуге 4,8 млрд теңге бөлінді. Кейбіреулерінде жұмыс аяқталды.

Білім  басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, биыл бірінші сыныпқа 18 459 оқушы қабылданған. Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Басқарма басшысының айтуынша, ата-аналардың өздері мектеп формасының өндірушісін таңдап, бөлшек сауда желісі арқылы сатып ала алады.

Негізгі міндеттердің бірі — білім ордаларын оқулықтармен қамтамасыз ету. Осы мақсатта 16 баспаханамен 176 келісімшарт жасалды. Оқулықтарды сатып алуға 1,9 млрд теңге бөлінді. Облысқа оқулықтар жеткізу басталып кетті. Жайық Сұлтанның мәлімдеуінше, 1 қыркүйекке дейін кітаптар мектептерге жеткізіліп, балаларға берілетін болады.

Сондай-ақ биылғы оқу жылында 1-4 сыныптардың 72,8 мыңнан астам оқушысын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 2,6 млрд теңге бөлінді. Бұдан өзге жалпыға міндетті оқыту қоры есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардан шыққан 15,1 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтылады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта өңірде 22 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, оның алтауы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Өңірдегі үш ауысымды, апатты және шамадан тыс жүктелген мектептердің проблемасын шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында барлығы 44 жаңа мектеп салу жоспарланған.

Жиында облыстық экология басқармасының басшысы Ербол Қуанов қоқыс үйінділерін жою жөніндегі ағымдағы жұмыс туралы мәлімдеді. Космомониторинг деректеріне сәйкес бүгінде Ақтөбе қаласы мен Алға ауданының аумағында, сондай-ақ Мәртөк, Хромтау және Қарғалы аудандарының аумақтарының бір бөлігінде 170-ке жуық стихиялық қоқыс орны анықталды.

Өңір басшысы жергілікті атқарушы органдарға оларды жою жөніндегі жұмыстарды жеделдетуді, сонымен бірге профилактикалық жұмыстарды, оның ішінде халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, құқық бұзушыларды анықтау және жауапкершілікке тарту арқылы жандандыруды тапсырды.

Күн тәртібінде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру және төрт түлікке жем дайындау мәселесі де қаралды. Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жобасы аясында жалпы сомасы 6 млрд теңгеден асатын 1430 өтінім мақұлданды. Тауарлық несие беру бағыты аясында 335 отбасына 4716 бас жылқы, қой, ірі қара және түйе табысталды.

Шөп дайындау жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл ретте облыс бойынша жоспар 82 пайызға орындалды. Барлығы 2,8 млн тонна көлемінде бір жарым жылдық қор жиналмақ. Дәнді азық дайындау жұмыстары да қатаң бақылауда.

А.ІЛИЯСҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button