АуылБасты жаңалықтар

Егін жинау науқаны басталды

Облыстың жекелеген аудандары дәнді дақылдарды жинауға кірісті. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапары барысында Хромтау ауданындағы жұмыстармен танысты.

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, егістің жалпы көлемі 111,9 мың гектардан асады. Оның ішінде 50 мың гектардан астамына астық дақылдары егілген. Алдын ала болжам бойынша орташа өнім — гектарына 17 центнер.

Ауданның шаруалары облыс әкімімен кездесуде қыркүйек айында астық жинауды аяқтауды жоспарлап отырғанын хабарлады.

«Былтырғы жылмен салыстырғанда егін көп болады деп күтеміз», — деді «Данияр» ШҚ басшысы Серік Оразымбетов.

Облыс бойынша ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 733,5 мың гектарды құрады, 436 мың гектардан астам астық дақылдары егілді. Егін жинау науқанын өткізуге 14 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, аудандарға жанармай жеткізуде қиындықтар жоқ. Жалпы сыйымдылығы 780 мың тоннадан асатын объектілер астықты қабылдауға және сақтауға дайын.

Төрт түлікке жем дайындау жұмыстары — бақылауда. Өңір басшысы «Жантезер» шаруа қожалығындағы шөп шабу барысымен танысты.

Хромтау ауданында барлығы 189,4 мың тонна шөп дайындау жоспарлануда. Бүгінгі таңда жоспар 72,8 пайызға орындалды. Шабындықты ағымдағы айдың соңына дейін аяқталады деген жоспар бар.

Ералы Тоғжанов ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайға биыл жайылымдық шөп аз Байғанин және Шалқар аудандарында шөптің жеткілікті қорын қамтамасыз етуді тапсырды.

Дөң ауылында облыс басшысы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында жергілікті тұрғындар ашқан шағын кәсіпкерлік нысандарын аралады.

Айнұр Жолдыбаева 6,5 млн теңгеге несие алып, наубайхана ашты, онда бүгінде күн сайын нан, тоқаштар, торттар және басқа да нан-тоқаш өнімдері өндіріледі.

Облыс әкімі жоба қатысушыларына белсенді өмірлік ұстанымдары үшін алғысын білдіріп, бастамаларына табыс тіледі.

А.ІЛИЯСОВА

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button