Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбе облысында машина жасау өнеркәсібінде бес жаңа жобаны іске асыруға 183 млрд теңге инвестиция тартылады

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында машина жасауды дамыту және халықты жұмыспен қамту мәселелері қаралды.

Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуандық Қасымов бүгінде өңірдің машина жасау саласында 18 кәсіпорын жұмыс істейтінін, олардың негізгілері – «Ақтөберентген», «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты», «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты», «Акватория», «№ 406 ГА авиажөндеу зауыты» екенін баяндады.Жалпы, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша машина жасауда 37 млрд теңгеге өнім өндірілген.

Саланы одан әрі дамыту мақсатында жалпы құны 183 млрд теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба іске асырылуда, оның ішінде «Қазақстан мұнай жабдығы зауытының» мобильді бұрғылау қондырғысы мен фонтандық арматуралар шығаратын 3-цехтің құрылысын аяқтайды, «Метэкс Сервис» ЖШС-нің арнайы техникаға арналған қосалқы бөлшектер шығаратын цех және жөндеу орталығын салады, «Ақтөбестил» ЖШС теміржол дөңгелектерін өндіру жобаларын жүзеге асырады, «МетГео» ЖШС газ жабдықтарын өндірсе, Qazmedpribor компаниясы медициналық жабдықтар (УЗИ, ИВЛ, нәрестелерге арналған инкубаторлар, және т.б. аппараттар) шығаратын зауытты іске қосады.

Облыс әкімі өңір экономикасындағы машина жасау саласының үлесін одан әрі арттыру қажеттігін алға тартты. Осыған байланысты жаңа жобалардың уақытылы іске асырылып, пайдалануға берілуін қамтамасыз ету тапсырылды.

Өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу барысы туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асланбек Шүйіншалиев баяндама жасады.

Өңірде биылғы жылы 53 мыңға жуық тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланған. Осы жылдың шілде айының соңындағы жағдай бойынша 28 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, жоспар 53%-ға орындалды.

Сонымен қатар, жастар практикасы аясында ЖОО және колледж түлектерін жұмысқа орналастыру қарқынды жүргізілуде. Барлығы 3,3 мыңнан астам түлектің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына көмек көрсетіледі.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша облыс әкімі бейінді мемлекеттік органдардың басшыларына азаматтарды жұмысқа орналастыру шараларын жандандыруды, әрбір қызметкермен электронды еңбек шарттарын жасасуды және зейнетақы жарналарын аударуды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту міндеті қойылды. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, облыс аудандарында АӘК алатын 1347 отбасы (7203 адам) тұрады. Оның 169 адамы – жұмыссыз. Айта кетейік, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда облыста атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жалпы саны 3485 адамға немесе 16,5%-ға азайды (аудандарда – 1038 адам немесе 12,7%).

А.МӘЛІКҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button