ДенсаулықЖаңалықтар

Адвокациялық кездесу өтті

Ақтөбеде денсаулық сақтау және әлеуметтік сала өкілдерінің қатысуымен адвокациялық кездесу өтті.

«Өңірдегі қоғамдық денсаулық сақтау проблемасы ретінде туберкулезді жоюдағы  үкіметтік емес ұйымдардың, «Стоп туберкулез» ұлттық әріптестігін дамыту» тақырыбындағы шараны облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова ашты. Ол үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөліне тоқталып, осы бағытта нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан «Сенім-тірек» қоғамдық ұйымын да атап өтті. Сондай-ақ оның айтуынша,  облыстық фтизиопульмонология орталығы ұсынатын тізімге сәйкес алты ай амбулаториялық ем алу мерзімінде Ақтөбе қаласында тұратын науқастарға — 20 мың, аудандарда тұратындарға 40 мың теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Шараға қашықтан онлайн режимде қосылған ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Аденовтің айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен жұмыс істейтін «Стоп туберкулез» әріптестігі 2001 жылы құрылды. Оған 1700-ден астам ұйым мүше. Елімізде бұл ұйым 2017 жылдан бастап жұмыс істейді, 6 өңірде филиалы бар. 2019 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрі Жаһандық әріптестік басқармасының тең төрағасы болып келеді.

Кездесуді жүргізіп отырған облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімов біздің өңірде туберкулезге қарсы қызметтің әлдеқашан жолға қойылғанын, 2015 жылы орталықтағы барлық дәрігер біліктіліктерін арттырғанын, ковид індеті кезінде фтизиатр, пульмонологтардың алғы шепте жүргендерін, бүгінгі таңда да туберкулез жұқтырғандарды емдеп жатқандарын айтты.

«Сенім-тірек» үкіметтік емес ұйымының үйлестірушісі Теміржан Күндолов өңірдегі үйі-күйі жоқ жандар, сотталғандар, түзету мекемелерінен шыққандар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, туберкулез және АИТВ жұқтырғандар арасында әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсетіп, туберкулезге қарсы күресетіндерін жеткізді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев, ДСМ ҰФҒО жанындағы Жаһандық қор жобасын іске асыру тобы туберкулез жөніндегі бағдарламаның үйлестірушісі Гүлназ Мұсабековалар да тақырып төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды. Адвокациялық кездесу жиынға қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін талқылаумен түйінделді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button