Басты жаңалықтарМереке

Музей — тарих тылсымы

Қай қалада да тұрғындар үшін де, қонақтар мен туристер үшін де ең тартымды орындардың бірі — музейлер. Біздің елордамыз әлемдегі ең жас астаналар қатарында болғанымен, мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қазақ халқының тарихы және мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен, еліміздің бүгінгі жетістіктерімен жан-жақты таныстыра алатын, арғы ата-бабаларымыздан, бергі ғасырларда ғұмыр кешкен қазақтың даңқты батырлары, ақындары мен шеберлерінен жәдігер болып қалған мол мұраны жинақтап отырған музейлерден кенде емес:

Еліміздің бас музейі

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі — Астананың ғана емес, бүкіл еліміздің бас музейі. Бас қаладағы Тәуелсіздік алаңында орналасқан музей 2014 жылы 2 шілдеде ашылған. Оның экспозициялық алаңының өзі 14 мың шаршы метрден асады және 18 залға бөлінген. Атап айтқанда, мұнда Астана, Тәуелсіз Қазақстан, Ежелгі және орта ғасыр тарихы, Тарих, Этнография, Қазіргі заманғы өнер залдары және Алтын зал, т.б. бар.

Ұлттық музейдің Алтын залына қойылған жәдігерлер — қазақ жерінің көне өркениет ошағы екенін паш етіп тұрған ерекше құнды дүниелер. Алайда Алтын залға барар жолдағы шағын залда алдыңыздан шығатын тасқа жазылған көне түркі ескерткіштерінің көшірмелері, қазақ жерінің әр түкпірінен табылған балбал тастар мен көне құлпытастар да тарих жәдігері ретіндегі маңызы, құндылығы жағынан ежелгі сақ, сарматтардан қалған алтын бұйымдардан еш кем түспейді. Тіпті халқымыздың көне тас қашау өнерінің ғажап ескерткіштері өз алдына бір музейге немесе осы Алтын зал секілді Ұлттық музейдің бір қанатын түгел алып тұруға әбден лайық екенін ұғынасыз…

Қазақ тарихшылары біздің жеріміз ежелгі металлургияның пайда болған алғашқы орталықтарының бірі екенін айтудай-ақ айтып жүр. Ал Алтын зал осы сөздің растығын, ежелгі замандарда Дала өркениетінің қаншалықты жоғары деңгейде дамығанын паш етеді. Зал екі қабаттан тұрады, жалпы аумағы 2 мың шаршы метр болады.

Мұндағы басты жәдігерлер — қазақ жеріндегі көне қорғандардан табылған, алтын бұйымдармен көмілген ежелгі патша, патшайым мен көсемдердің қайта жаңғыртылған нұсқалары. Алғашқы Алтын адам 1969 жылы Алматының шығыс жағындағы Есік қорғанынан табылғаны белгілі. Бұл — біздің заманымызға дейінгі V-ІV ғасырларға тән ескерткіш. Қорғаннан 4 мыңнан астам алтын бұйым табылған: түрлі әшекейлер, киімдерді безендірген бұйымдар, тұрмыстық заттар,  алтын ұшты жебелер…

Одан бөлек Шығыс Қазақстан жерінен, Атыраудың Аралтөбе қорғанынан, Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданынан, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданынан және Ақтөбе облысының Темір ауданынан табылған ежелгі көшпенділердің патша-көсемдерінің қайта жаңғыртылған бейнелері де осы залға қойылған. Шағын пішінді жәдігерлердің көпшілігі — ежелгі сақ, скифтердің «аң стиліндегі» түрлі бұйымдар коллекциялары.

Сондай-ақ диорамаларда ежелгі металл өндірісі мен металдан әртүрлі бұйымдар әзірлеу барысы бейнеленген.

Астана залында еліміздің бас қаласының тарихы ежелгі дәуірден бастап бүгінге дейінгі аралықты қамти отырып, таныстырылады. Ал үшінші қабаттағы Этнография залы халқымыздың дәстүрлі мәдениетіне арналған. Еліміздің әр түпкірінен жиналған, көшпелі мал шаруашылығы ғана емес, отырықшы-егін шаруашылығына тән, сондай-ақ балық аулау мен аңшылық құралдары бұрынғы бабалардың көпқырлы шаруашылығы жайынан хабардар етеді. Зал ортасында қазақтың өзімен бірге жасап келе жатқан көне баспанасы — киіз үй қойылған, оның төбесінде аспан бейнеленіпті. Жалпы, бұл залда қазақтың киіз үйі, декоративті-қолданбалы өнері, рухани мәдениеті мен ұлттық дастарқаны туралы мәліметтер жинақталған.

Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына арналған зал да Ұлттық музейдің ерекше бөлімдерінің бірі. Мұнда Сарайшық, Түркістан, Отырар, Жанкент, Сығанақ, Тараз, Сауран, Сайрам, Қойлық сынды көне қалаларда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер алдыңыздан шығады.

Халқымыз тәуелсіздігінен айырылған ХVIІІ-ХХ ғасырлар аралығын қамтитын Тарих залына сол замандағы көрнекті тұлғалардың тұтынған заттары, түрлі тарихи құжаттар, басқа да жәдігерлер қойылған. Мысалы, ақын Мағжан Жұмабаевтың портфелі, математик ғалым, қазақ жерін сақтап қалуға зор үлес қосқан қайраткер тұлға Әлімхан Ермековтің үлкейткіш әйнегі мен сызғышы, т.б.

Ұлттық музей қазіргі заманғы жаңа технологияның жетістіктерін қолдана отырып салынған әлемнің үздік 10 музейінің қатарына кіреді.

Ақын рухының бір бөлшегі

Астанадағы Мұхтар Әуезов көшесінің бойындағы басқа ғимараттар арасынан қатар тұрған көне қос бөрене үй көзге ерекше түседі. Бұл үйлерде қазақтың өзі де, сөзі де сұлу ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин музейі орналасқан.

Жалпы, бұл көше өткен ғасырдың 20-30 жылдарында Ақмоланың ең көрнекті, орталық көшелерінің бірі болған. Ал қазіргі музей ғимараты 1846 жылы салынған көпес үйі болғанымен, кейіннен түрлі мекемелер орналасып, ақын бір кездері осында редакцияда жұмыс істеген. Мұнда Сәкен Сейфуллин музейі 1988 жылдың 20 ақпанында ашылған.

Музей ғимараты шағын болғанымен, 6 залы бар, олар ақын өмірінің әр кезеңдерін қамтиды. Бірінші залдан ақынның ізі қалған, өзінің қоғамдық-саяси қызметін бастаған Ақмола (қазіргі Астана) қаласының көне суреттерімен, осы өңірде туып-өскен тарихи тұлғаларға қатысты жәдігерлер және деректермен таныса аласыз. Екінші зал ақынның балалық және жастық шағына арналған. Үшінші залға Сәкен Сейфуллиннің мемлекеттік және педагогикалық қызметіне қатысты суреттер, архив құжаттары және басқа да материалдар қойылған. Төртінші зал ақынның шығармашылығына арналып жасақталыпты, айта кетейік, тіпті ең жоғары, яғни Қазақ (ол кезде Киргиз деп жазған) АКСР-і Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметінде жүрген кезінде де ол шығармашылыққа уақыт тапқан. Бесінші залда Сәкен өмірінің соңғы жылдары көрсетілген, сонымен бірге оның репрессияға ұшырауына қатысты деректер, құжаттар, т.б. топтастырылған.

Алтыншы залдан ақынның ақталған кезінен бастап, ол туралы естеліктерді, кітаптарды, картиналарды, оның мерейтойларына қатысты жазбаларды, басқа да жәдігерлерді көруге болады.

Музейге Ақан серінің кесесі, атақты Шоң бидің медальоны, Ақмолада Сәкен тұрған үйдің және оның төре Абылай ауылында ашқан мектебінің макеттері, өзбек жазушыларының Сәкенге сыйлаған шапаны, інісі Мәжиттің домбырасы, сондай-ақ кезінде Мирзоян сыйлаған жазу машинасы, жары Гүлбахрамның тігін машинасы, Сәкен ұстаған чемодан, басқа да жеке заттары қойылған. Жәдігерлер арасында, әсіресе Сәкеннің, оның отбасының, ерте шетінеп кеткен балаларының әр кезеңдердегі фотосуреттері, «Тар жол, тайғақ кешу» романының 1927 жылы төте жазумен жарыққа шыққан алғашқы нұсқасы, ақынның А.Пушкиннің 100 жылдық мерейтойына орай сыйлыққа алған алтын сағаты сынды құнды дүниелер бар.

«Ежелден ер деген…»

Біздің еліміздің әнұранына:

«Ежелден ер деген

Даңқымыз шықты ғой», — деген жолдар тегіннен-тегін енбеген. Қазақ та, оның арғы бабалары саналатын түркілер мен ғұндар да тарихта жауынгер жұрт ретінде белгілі.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы құрамына кіретін Қазақстан Республикасының әскери-тарихи музейі 2015 жылы ашылған. Ал техникалық жарақталуы жағынан ол еліміздегі ең озық музей екен. Тұтас қабырғаларды алып тұрған мониторлардан қазақ хандары мен батырларының ел қорғау жолындағы соғыстары мен 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысқан қазақ жауынгерлерінің ерлігі туралы деректі фильмдерді, мазмұнды бейнекөрсетілімдерді қарауға болады.

Музей экспозициясына еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 6 мыңнан астам жәдігер қойылған. Мұнда сонау тас дәуіріне жататын шағын құралдардан бастап Қазақ хандығы кезеңіндегі батырлардан қалған жәдігерлер, 1916 жылғы көтеріліс кезінде қазақ сарбаздары қолданған қарулар үлгісі, 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысқан қазақ жауынгерлеріне қатысты архив құжаттары, т.б. сақтаулы тұр. Жәдігерлердің арасында екі панфиловшы жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы түпнұсқа құжаттар, ғарышкерлер — Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетовтің жеке заттары, олармен бірге ғарышта болған Қазақстан әскери-әуе күштерінің туы, т.б. құнды дүниелер бар. Экспозициялардың бірі Алаш әскеріне арналған. Сондай-ақ тарихымыздың даңқты беттері ретінде есте сақталған Орбұлақ және Аңырақай шайқастарына арналған экспозициялар да бар. Тәуелсіздік дәуіріне арналған Қазақстан Қарулы Күштерінің залы бірінші қабатта орналасқан.

Мұндағы экспозициялар мен құжаттар қазақ халқының батырлық жылнамасы сынды, ал көне қарулардың қазіргі үлгісі Дәркембай Шоқпарұлы, басқа да белгілі қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан. Сондықтан , екінші жағынан, олар өнер туындысы ретінде де құнды.

Мұнда көрмелер де жиі өтіп тұрады. Солардың бірі — 2017 жылы маусым-шілде айында өткен «Дулығалы дала перзенттері» атты жылжымалы көрмеге біздің облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан апарылған Есет Көкіұлы, Арғынғазы хан сынды тұлғалардан қалған жәдігерлер қойылыпты.

Әзірлеген А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button