Мереке

Елорда — ел айбыны

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,

философия ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе

өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі.

Елордамыз Астананың ел тарихында алар орны ерекше. Тәуелсіздік алғаннан кейін елдің жаңа астанасын Алаш жұртының ортасына көшіруінің өзінде терең мән-мағына жатыр.  Бұны тарихи негізде де зерделейтін болсақ, Алаш зиялыларының тәуелсіздік жолындағы идеялары есімізге түседі. Бүгінгі Астана қаласы тұрған жер тарихта Қара өткел деп аталған. Қазақтың тәуелсіздігін өзіне қайтарып, осы Қара өткелде жаңа қала тұрғызып, замануи мектеп, университет ашу, сонда жастарды оқыту ата-бабаларымыздың арманы болған. Ел тәуелсіздігін алып, жастарымыздың елдігі мен бірлігін күшейтсек, өнер, ғылым жолында ұрпақтың мемлекетті жаңа биікке көтеретінін олар жақсы білді. Бірақ, өкінішке қарай, Алаш зиялылары осы жолда көп нәрсе жасағанымен, өздері бұның игілігін  көре алмады, сталиндік саясаттың құрбаны болды.

Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов «Григорий Николаевич Потанин» атты «Қазақ» газетінде жазған мақаласында: «Қазақты автономия қылсақ, Қара өткел Алаштың ортасы болады, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш — Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Европа сонда білер еді-ау» деген Г.Потаниннің сөзін келтірген еді. Тәуелсіздік алған тұста ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен бұл жердің Астана қаласына айналуы кездейсоқтық емес. Бұның арғы жағында, жаңа айтып отырған тарихтың, тарихтағы Алаштың идеясы жатыр. Әрине, қазіргі уақытта біз Тәуелсіз елміз, Астанамыз тұрғызылды деп қол қусырып отыра бермеуміз керек. Әр адам тарих, келешек ұрпақ алдындағы өзіне жүктелген міндетті дұрыс әрі адал атқарса, біздің болашаққа береріміз мол болмақ. Еліміз аз уақыттың ішінде жоғары нәтижелерге қол жеткіздік Тәуелсіздікті нығайту жолындағы мемлекеттік стратегия қалыптасты. Елді ілгерілететін жастарды тәрбиелейтін жоғары оқу орындары, замануи құралдармен жабдықталған медициналық орталықтар ашылды. Бұл да тәуелсіздік жолындағы идеялардың жүзеге асуының белгілері деп айтар едік. Бүгінгі ұрпақтың ұмтылысы қазақтың ел болу идеясын терең түсініп, іске асыруы деп білемін. Ақтөбеліктерді Астана қаласы күнімен құттықтаймын. Еліміз аман болсын, Тәуелсіздігіміз нығая берсін.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button