Мереке

Мың домбыраның үні

Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында ел Президенті 2018 жылы шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні ретінде бекіткен-ді. Осыған орай «Қазақ еліне мың алғыс» стеласы алаңда мыңнан астам домбырашы бір мезетте бірнеше күй орындады. Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, өңірге белгілі күй орындаушылары — ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жайлау Асылханов, ҚР мәдениет саласының үздігі Талап Хамзин, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Зейнелов, Құрманғазы Асылхановтар қатысты.  

Кәсіби және әуесқой күй орындаушылары, балалар мен жастар — барлығы мыңнан астам адам бір мезетте ұлттық аспапқа деген сүйіспеншілігін жеткізе отырып, қазақтың көрнекті композиторларының шығармаларын орындады. Мың домбыра «сөйлегенде», ұлы даланың дауысын бүкіл қала естігендей болды. Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Ахмет Жұбановтың «Би күйі» күйлері орындалды.

Халықтың мәдени игілігіне арналған мереке бекіген сәттен бастап Ақтөбе облысында ерекше дәстүр қалыптасты. Ауыл-аймақта домбырашылардың концерттері, домбырада ойнауды және ағаш шеберлерін оқыту бойынша шеберлік сыныптары, жас күйшілер конкурстары, көрмелер, ұлттық қолданбалы өнер бұйымдарының жәрмеңкелері жиі ұйымдастырылады.

Домбыраны ұлықтау — ұлттық патриоттық тәрбиенің өзегі, себебі қазақ тарихы мен мәдениетін домбырасыз елестету қиын. Ұлттық аспабымызды ұлықтайтын іс-шаралар тек мерекеде ғана емес, былайғы уақыттарда да жиірек болғаны дұрыс. Ұлттық мұрамызды өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз үшін ортақ құндылықтарымызды жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Мен бес жасымнан бері домбыраны жаныма серік етіп келемін. Ең алғаш қолыма домбыра ұстатып, мені өнерге баулыған әкеме ризашылығым шексіз. Шәкірттерім өте көп. Мерекелік іс-шарада солардың бірнешеуі өнер көрсетті. Жыл сайын күйшілер байқауында қазылар алқасының құрамында болып, талай таланттың шыңдалуына өз үлесімді қосып жүрмін, — дейді Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармониясы Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестерінің бас концертмейстері, ҚР мәдениет саласының үздігі Талап Хамзин.

Іс-шара барысында қала тұрғындары мен қонақтары күй тыңдап, театрландырылған қойылымдарды тамашалады. Облыстық филармонияның камералық оркестрі ұсынған халық эпостары мен поэмаларын тыңдады. Мерекелік іс-шаралар облыстың барлық ауданында өтті.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button