Мереке

Қадірлі ағайын! Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – қазақ халқы үшін орны ерекше мейрам. Оны ел болып атап өту арқылы халқымыздың рухын көтеріп, танымын арттырамыз. Сондай-ақ, ұлы дала дәстүрлерін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін танытамыз.

Қазақ мәдениетінің тамыры тереңде. Олай дейтінім, Алтайдан табылған 68 см. V ғасыр аспабы домбыраның құдыретін сездіреді.
Академик Ахмет Жұбанов «Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, қазақтың қара домбырасы – ұлтымыздың бойтұмары. Оның үні әрқайсымыздың жүрегімізге жақын. Өйткені, қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Біз мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз қажет» деген болатын.

Құрманғазының «Сарыарқасы», Тәттімбеттің «Саржайлауы» күй өнерінің шыңы саналады. Нұрғисаның «Аққуы» – қазақтың қанына сіңген бекзат өнердің бірегей туындысы. Сондай дарын иелерінен аманат болған киелі мұра бүгінде адамзаттың асыл қазынасына айналды. Күй өнері ЮНЕСКО шеңберіндегі құндылықтар қатарына қосылды.

Халықтың арман-мүддесі, күйініші, сағынышы, өкініші, қайғы-мұңы бір ғана қазақтың қара домбырасынан күй болып төгіліп, біздің заманымызға тарих болып жеткендігін өскелең ұрпаққа жеткізуіміз қажет.

Домбыра  қазақтың қасиетті дүниесі. Оны тарта алмасаң да қадірлей біл. Себебі баланың бойына халықтың рухани байлығын сіңіру домбырадан басталады. Домбыраны қастерлеу арқылы ұлттық сана қалыптасады.
Қадірлі ақтөбеліктер, қазақтың ұлттық өнері мен салт-дәстүрін, ұлттық аспабын дәріптеу жолында елеулі үлесін қосып жүрген өз елінің партиот ұл-қыздарына риясыз алғысымды білдіремін, бірлігіміз арта берсін.

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button