Рәміздерді құрметтеу — туған ел алдындағы парыз
Қай халық үшін де Мемлекеттік рәміздер — ең басты құндылық. Өйткені, атынан көрініп тұрғандай, ол — мемлекеттілік пен тәуелсіздіктің символы. Жыл сайын елімізде 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі.
Еліміздің Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны — мемлекеттілік символы болумен қатар, халқымыздың өткен тарихын, ата-бабаларымыздың арман-мақсатын, аманатын бойына жиып, соның бәрін бүгінгі және болашақ ұрпаққа табыстап, паш етіп тұрған айрықша қастерлі құндылық.
1992 жылы бекітілген Мемлекеттік Туымыздың авторы — суретші Шәкен Ниязбеков. Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы танымал сәулетшілер —Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың ой-қиялы, ізденісі мен еңбегі арқылы дүниеге келді.
1992 жылы Қазақстан Республикасының Әнұранының әні мен мәтініне конкурс жарияланды. НәтижесіндеМұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидіңмузыка нұсқасына Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі,Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібай сынды ақындар тобының жазған мәтіні таңдап алынды. 2006 жылы елімізде жаңа Мемлекеттік Әнұран қабылданды. Жаңа Әнұранондаған жылдар бойы халықтың сүйікті әні болған «Менің Қазақстаным» әнінің негізінде қабылданды. Оның авторлары — Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы
Адамзат баласы Ту деген ұғымға ежелден-ақ халықты жаңа, жасампаз істерге құлшындырушы, мәңгілік, ажырамас біртұтастыққа жол сілтеуші ерекше күшке ие рәміздерінің бірі ретінде қараған.
Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Ал оның авторы, айтып өткеніміздей, белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы — ортасында шұғыла шашқан күн және оның астында қалықтап ұшқан қыран құс бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсы тік жолақ түріндегі ұлттық өрнекпен нақышталған. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы — 1:2. Тудың өзі аспан түстес болса, ал суреті мен өрнектері үшін күннің түсі таңдап алынған.
Ту бірнеше түс емес, біркелкі түсті — мұның да зор мағынасы бар: еліміз әрдайым біртұтас, ал халқымыз болашаққа ынтымақ-бірлікпен баруды көздейді. Сондай-ақ көк түс ата-бабаларымыздың ұғымында мәңгіліктің түсі болса, сонымен қатар ол — ашық аспанның да түсі. Ашық аспан — бейбітшіліктің белгісі. Барлық халық бейбітшілік туралы тілегін «Аспаның ашық болсын!» деп жеткізеді.
Күн астындағы алтын бүркіт — егемен жас мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмтылысы. Сонымен бірге тудың ұлттық өрнектермен безендірілуі де тегіннен-тегін емес, халқымыздың күнделікті тірлігінде, қолөнерінде ежелден қолданып келе жатқан ою-өрнектері — ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бір бөлшегі, ата-бабамыздың қолтаңбасы сынды қастерлі дүние.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы
Мемлекеттің басты рәміздерінің бірі — елтаңба, яғни «герб», зерттеушілердің айтуынша, немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан екен. Ал қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген көне көшпелілердің кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы бірін-бірі танып, ажырата білгені тарихтан белгілі. Ғалымдар таңба терминінің алғаш рет Түрік қағанаты (552-603 жж.) тұсында қолданысқа енгенін айтады.
Егемен еліміздің Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары — белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы дөңгелек пішінді,ең ортасында— шаңырақ (киіз үйдің жоғары бөлігі), ал шаңыраққа шаншылған «уықтар» жан-жаққа тарағанкүнсәулесі түрінде бейнеленген. Авторлар Елтаңбаның оңжағы мен солжағына аңыздардағы қанатты пырақтарды орналастырған, олардың арғы жағынан кереге «ағаштары» да көрінеді. Жоғарғы бөлігінде — бес бұрышты жарық жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар.Бұл — шаңырақ иесінің аты.
Елтаңбада да көк түс пен сары түс қолданылған. Сары түс — алтынның түсі, күннің түсі, сондықтан адамзат санасында олмолшылықтың, ешкімді алаламайтын кеңпейілділіктің, әділдіктің символы ретінде қалыптасқан. Бұл еліміздің болашағын да осы қасиеттер айқындайтынын меңзейді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны
Әнұран — гректің «gimneo», яғни «салтанатты ән» деген сөзінен туған термин.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде Әнұран екі рет қабылданды (1992 және 2006 жылдары). Алғашқы Әнұранның сөзін Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Жадыра Дәрібаева сынды белгілі ақындар жазды. Ал әуені 1945 жылы қабылданған Қазақ КСР гимнінің әуені болатын. Музыкасы өткен дәуірден қалған әрі мәтіні көпшіліктің, әсіресе ел болашағы — жас өрендердің жаттауына ауыр болғандықтан, 2000 жылдардың басында жаңа Әнұран қабылдау жөнінде бастама көтерілді. Нәтижесінде, 2006 жылы қаңтарда бұрынғы «Менің Қазақстаным» әні жаңа Әнұран ретінде ресми бекітілді. Оның әуенін Шәмші Қалдаяқов, ал сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған еді.Жаңа Әнұран қабылданғанда, оған бүгінгі күн тұрғысынан жаңа мағына, гимнге тән салтанатты реңк беру үшін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастапқы мәтінді өңдеді.
Бұл әннің тарихы 1956 жылдан басталады. Әрине, бұл да өткен дәуірден келе жатқан туынды, дегенмен бұл үлкен де, кіші де сүйіп орындайтын тарихи ән еді.
Бұл ән өз тұсында қазақ жерінің тұтастығын сақтауда, халқымыздың рухын көтеруде зор рөл атқарған болатын.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Әнұранының тұсаукесері салтанатты жағдайда өтіп, оған әлемнің 70 елінен келген мәртебелі қонақтар қатысты.
Мемлекеттік гимнді айтқанда, еліміздің азаматтары орындарынан тұрып, оң қолын сол жақ кеудесіне жүрегінің тұсына қояды.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу — әр адамның азаматтық борышы. Ал оларды қорлауға заңмен тыйым салынған. Мемлекеттік рәміздерді қорлаған адам ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
Ғаламтор материалдары бойынша әзірленді.