Басты жаңалықтар

Көмектен бас тартып, кәсіп ашты

Шалқар ауданында кәсіптің қай түріне де сұраныс бар. Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар аясында өз бизнесін бастағандар көп. Бір қуанарлығы, бұрынғыдай үкіметтің жәрдемақысы мен атаулы әлеуметтік көмегін күтпей-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтып, табыс табуға ұмтылғандардың саны өсті.

Шалқар ауданында 2023 жылдың 1-тоқсанындағы дерекбойынша 98 отбасы  атаулы әлеуметтік көмек алады. Олардың  46-сы — көпбалалы отбасы. Биылдың өзінде Шалқар қаласы бойынша 4 отбасы атаулы әлеуметтік көмектен бас тартып, бизнеске бет бұрды. Сонымен қатар бүгінде мемлекеттің қайтарымсыз грант түріндегі қолдауы көптеген отбасылардың  материалдық жағдайын айтарлықтай жақсартуға себеп болды.

Бірнеше жыл қатарынан атаулы әлеуметтік көмек алып отырып, мемлекеттіңқолдауының арқасында шағын бизнес ашып, кәсіпке бет бұрғандардың бірі —  Шалқар қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Сандуғаш Өтебалина. Бес балалы отбасының үлкені студент болса, қалғандары кәмелет жасқа толмаған.Үкіметтің ай сайын төленетін қаржысына байланып үйде отырғысы келмеген Сандуғаш «Бастау-Бизнес» жобасының кәсіпкерлік негіздері бойынша курсты аяқтағаны туралы сертификатын алып, қайтарымсыз грантқа өтінім берді. Нәтижесінде кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында 1  380 000 теңге көлемінде грант алып,құс өсіруді қолғаалды.

Қазіргі уақытта өзінің сүйікті ісімен айналысып жүрген Сандуғаш  қиын сәтте мемлекеттің қолдау көрсетуі өзінің табысқа жетуіне жол ашқанын айтады.

— Мен 52 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек және көпбалалы ана ретінде 6 жасқа дейінгі балаларыма 10 350 теңге алып жүрдім. Шалқар қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Арай Әмитова қайтарымсыз грант туралы түсіндірді.Содан кейін қайтарымсыз грантқа өтінім беріп, жобам мақұлданғаннан кейін 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант алып, өз бизнесімді аштым. Мемлекеттің жәрдемақысына арқа сүйеп отыра бермей, балаларымызды Қазақстанның лайықты азаматы етіп өсіру үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймын, — дейді көпбалалы ана.

Әрине, бұл отбасы мемлекеттен бизнес ашуға грант алған Шалқар қаласындағы  жалғыз отбасы емес.Олардың қатарында3 түрлі санатқа жататын яғни, аз қамтылған атаулы әлеуметтік көмек алушы, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған Малика Дощановада бар. Ол үйінде 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі баласының күтімімен отырды. Оған айына 8 600 теңге атаулы әлеуметтік көмек және 6 жасқа дейінгі 1 баласына 5175 теңге жәрдемақы тағайындалған болатын. Қайтарымсыз қаражатқа керекті құрал-жабдықтарын алып, мүмкіндігі шектеулі балаларға үйінен оңалту бөлмесін ашып, ерекше балаларға массаж түрлерін жасап, өз ісін кәсіп көзіне айналдырған ол алдағы уақытта кәсібін үлкейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар атаулы көмек алушы және көпбалалы ана Маралгүл Еркебаева «Бастау-Бизнес» бағдарламасы арқылыүйінен тігін бөлмесін ашты. Оған да кәсібін ашуға мемлекеттік грант септігін тигізді.

—Халықты жұмыспен қамту орталығында  көпбалалы ана ретінде тіркеуде тұрғандықтан, мемлекеттік грантты иеленуге өтініш бердім. 2019 жылы қыз жасауын дайындайтын ателье шеберханасында  3 айлық  қысқа мерзімді кәсіптік дайындық курсын оқып, сертификат алған болатынмын. Тігіншілікпен бала кезден айналысатындықтан бизнес жоспарымды осы бағытта жазып шықтым. Берілген қаражатқа тігін машинасын, қосымша құрылғыларды алдым.  Мемлекеттік грант  істі бірден бастап кетуге демеу болды. Әйелдерге, балаларға арналған киімдерді, қазақы нақышта жасалған қыз жасауларын тігіп, сатылымға шығаруға дайындап жатырмын. Қазір атаулы әлеуметтік көмек алмаймын. Өзім секілді көпбалалы аналарға мемлекеттің қолдауымен өз кәсіптерін ашуға кеңес беремін. Менің қолымнан келген нәрсе бәрінің де қолынан келеді, — дейді ол.

Мемлекеттен берілген жақсы мүмкіндікті жібермей, өзінің бизнес-идеясын жүзеге асырғандардың бірі — көпбалалы әке Әлібек Жармағанбет. Отбасында өзі 5 бала күтімімен отыр, себебі,зайыбы — студент. Әлібек мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға ие болып, асылтұқымды сүтті ешкілер шаруашылығын ашуға ниет білдірді. «Бастау-Бизнес» курсын оқып, сертификатын қолына алып, осы жылдың наурыз айында 1 380 000теңге көлемінде қайтарымсыз грант алды.  «Нұрәли» деген атпен жеке кәсіпкер ретінде салық органында тіркелді. Бүгінгі күні сұранысқа ие ешкінің сүтін халыққа қолжетімді бағамен ұсынып отыр.

Айта кетсек, қайтарымсыз гранттың 2-легіне атаулы көмек алушылар арасынан 2  адам үміткер ретінде өтінім берді.Шалқар ауданы халықты жұмыспен қамту орталығы мамандары атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақы алушы отбасылар арасында кәсіп ашуға шақыру мақсатындағы жұмыстарды жиі жүргізеді. Соның нәтижесіндежыл басынан бері4 отбасы атаулы әлеуметтік көмектен бас тартты, есесіне кәсіптері бар.

А.СЫДЫҚОВА,

Шалқар аудандық халықты

жұмыспен қамту орталығының кеңесшісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button