БілімБасты жаңалықтар

Ақтөбе облысында 11 жаңа тірек мектептері пайда болады

Мемлекет басшысының білім беру қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындау барысы Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды.

Кеңес жұмысына мемлекеттік органдардың басшылары, «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қоғамдық қорының өкілдері қатысты. Ағымдағы жылы қоғамдық қор облыс аудандарында жұмыс істеп тұрған оқу орындарының базасында 11 тірек мектеп құруға ниетті. Бұл үшін мектептер «Қазақстан халқына» қоры қаржыландыратын «Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологияларды қолдана отырып дамыту» жобасы шеңберінде жалпы сомасы шамамен 3 млрд теңгеге қажетті материалдық-техникалық базамен жабдықталады.

Ералы Тоғжанов бұл жобаны іске асыруды ауылдық жерлерде орта білім беру сапасын одан әрі арттыру, оқушылардың тұрғылықты жеріне қарамастан білім алуда тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін маңызды қадам деп атады.

«Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде балалардың жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Дегенмен де, қала мен ауыл мектептерінің білім саласындағы алшақтыққа әсер ететін де факторлар бар. Осы мәселерді шешу үшін облыста бірқатар шаралар атқарылуда.
Облыстағы мектептердің  51%-ы шағын жинақты. Өңірлер арасында алғашқы болып ауылдардағы шағын жинақты мектептерді қолдауға, білім жағдайын қаламен теңестіруге арналған «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасын іске қосқанымыз белгілі. Басты мақсат – ауыл мен қала мектептері арасындағы 15%-дық білім деңгейін теңестіру. Бүгінде жоба өзінің жоғары тиімділігін көрсетіп отыр. Біз бұдан әрі бұл бағытта жұмысты жалғыстыруға ниеттіміз. Сонымен қатар, «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы ауыл оқушыларына өздері тұратын жерде сапалы білім алуға қол жеткізуге, сондай-ақ білім беру ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті өңір басшысы.

Өз кезегінде «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қоғамдық қорының директоры Данияр Тоқтарбаев Ақтөбе облысының ауылдарындағы мектептік білім беруді дамыту жөніндегі тәжірибесін жоғары бағалап, тірек мектептер білім беру сапасын арттыру бойынша іске асырылып жатқан шараларды күшейтуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

«Өткен жылы біз бір мектептің материалдық базасын түгендеп, жаңарттық. Ағымдағы жылы 11 тірек мектеп жаңартылады. Барлығы 350 пәндік бағыттағы және қосымша дағдылар кабинеті жабдықталады. 900 педагогты оқыту бойынша іс-шаралар өткізіледі. Жобаны іске асыру аясында 7900-ден астам оқушы қамтылады. Сонымен қатар, НЗМ жоба серіктесі ретінде мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бойынша ауқымды бағдарлама жүргізеді. Білім беруді тұрақты дамыту қорын AITAS холдингі қаржыландырмайтынын ерекше атап өткім келеді», – деді Данияр Тоқтарбаев.

Ол Ералы Тоғжановқа жобаны іске асыруға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, Ақтөбе облысының өңірлер арасында бірінші болып әр ауданда толық жасақталған тірек мектебі болатынын атап өтті.

Осылайша, 12 аудан орталығында қалалық мектептерден еш кем түспейтін 12 тірек мектеп пайда болады.

Естеріңізге сала кетейік, өңірдің алғашқы тірек мектебі ағымдағы жылдың қаңтар айында Алға ауданының Бестамақ ауылында таныстырылды. Мектепте материалдық-техникалық база толығымен жаңартылды – 27 оқу кабинеті мен мектеп шеберханалары жабдықталды, қосымша білім беру кабинеттері-STEM зертханасы, АРТ-студия, телестудия, коворкинг-аймағы бар кітапхана ашылды. Осы мақсатқа 250 млн теңге бөлінді.

Бұдан басқа, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның қатысуымен тірек мектептерде мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және жоғары сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған үздік педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелер енгізілуде.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button