Жаңалықтар

Секталар қалай арбайды?

Семинар

Өз қатарын толтыруды көздеген түрлі секталар қазіргі күні ең алдымен әлеуметтік желілер, ғаламтор арқылы жұмыс істеуге күш салады.
Дегенмен оқырман жинау үшін олар әңгімені ешқашан дін тақырыбынан бастамайды. Түрлі тұрмыстық мәселелер, күнделікті қиындықтарды жеңуге қажетті ақыл-кеңес секілді жұртты толғандыратын дүниелерге көбірек көңіл бөледі.
— Ешкім де бірден «дінді» қорғауға, қақтығысқа шақырмайды. Алдымен түрлі тұрмыстық мәселелерге байланысты ақыл-кеңес айтып, адамның сеніміне кіруді жолға қояды. Әсіресе бір қиындыққа тап болған адамды жақсы лебіз, ақыл-кеңеспен «қолдауға» тырысады. Сөйтіп, екі арада сыйластық туғандай әсер қалдырып, айналып келгенде өз мақсатына пайдаланады, — дейді белгілі журналист, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының шеф-редакторы Нұрбек Бекбау.
Бұл жөнінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда тиімді, өтімді ақпараттар жариялау мәселелері талқыланған жиында айтылды. Облыстық дін істері басқармасы және «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының ұйымдастыруымен Ақтөбеде өткен екі күндік семинарға БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі мамандары шақырылды. Оларға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алуды үйлестіру басқармасының басшысы Жапал Долиев, журналист Нұрбек Бекбау, басқа да мамандар дәріс оқыды.
Дін атын жамылған секталар негізінен ғаламтор мен әлеуметтік желілерді көбірек қолданатын болғандықтан, семинар кезіндегі әңгімелер де осы тақырыпта өрбіді. Мысалы, дәріскерлердің бірі айтқандай, кезінде Сирия аумағына әлемнің ондаған елінен «жақтастар» жинаған ДАИШ ұйымы Youtube сайты, түрлі желілер арқылы 3 мыңдай арна, парақша ашып, белсенді жүргізіп отырған. Мамандардың пікірінше, халықты осындай теріс пиғылдылардан сақтандыру үшін әлеуметтік желі, ғаламтор арқылы дін саласындағы мемлекеттік саясатты, дәстүрлі діннің құндылықтарын, зайырлылық қағидаттарын насихаттап, діни тақырыптағы салиқалы әңгімелерді үзбей жүргізіп отырудың маңызы зор. Мамандар бұл істе саннан гөрі сапаға көбірек мән беріп, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүр, отбасы құндылықтарының насихатына да көңіл бөлу керектігіне тоқталды. Осы тақырыпта материалдар әзірлеген кезде, заң талаптарын ескеру жолдары түсіндірілді.
Дәріс арасында пікір алмасу, сауалнама да жүргізілді. Соңынан қатысушыларға сертификат табысталды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button