Басты жаңалықтарМереке

Ералы Тоғжанов этносаралық келісімді нығайтуға үлес қосқан ақтөбеліктерге Алғыс хат табыстады

Ақтөбе облысында Алғыс айту күніне арналған «Алғыс айту – адамзаттың парызы» атты салтанатты шара өтті.

Оған ҚХА қоғамдық құрылымдарының, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, өнер саласының зиялылары қатысты.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жиналғандарды көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, Алғыс айту күні барша қазақстандықтардың бір-біріне деген мейірім, достық пен құрмет мерекесіне айналғанын баса айтты.

«Бұл – қиын-қыстау кезеңде халқымыздың ең асыл адами қасиеттері – жанашырлық пен өзара көмектің барлық күш-қуатынан көрінген еліміздің тарихында символикалық тамыры терең ерекше мереке. Өңірімізде меценаттар, әлеуметтік жауапты кәсіпкерлер, еріктілер, қамқор азаматтар аз емес. Олар барлық қайырымдылық шараларына белсене қатысып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетеді. Ақтөбеліктер былтыр Қостанай облысында болған өрттен, жуырда Түркияда болған жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек қолын созды. Сіздерге Алғыс айтамын! Қайырымдылық жобаларын бірлесіп жүзеге асыру арқылы біз ынтымағымыз бен бірлігімізді көрсетеміз», – деп атап өткен Ералы Тоғжанов пандемия кезінде алдыңғы шепте болған дәрігерлерге, мұғалімдерге, тәртіп сақшыларына өздерінің күнделікті жұмыстарымен халықтың тіршілігіне жауапты әр мамандық иелеріне алғысын білдірді.

Бұл күні облыста этносаралық келісімді, қоғамдағы татулық пен диалог мәдениетін, Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген жандарға құрмет көрсетілді.

ҚХА облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Ирина Цыбаға Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісі табысталды. «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің өкілі, ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Михаил Бошковқа облыс әкімінің қолынан Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаты табыс етілді. Бірқатар ақтөбелік облыс басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Қатысушылар назарына түрлі мамандық иелерінің еңбегінің әлеуметтік мәнін баяндайтын бейнероликтер ұсынылды. Шара соңы жергілікті шығармашылық ұжымдардың мерекелік концертіне ұласты.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button