Басты жаңалықтар

Сапалы шикізат өндіретін бірегей нысан

Хромтау ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Ералы Тоғжанов ERG құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның Дөң тау-кен байыту комбинатына барды.
Өңір басшысы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» шахтасына түсіп, мұнда кен өндірудің жаңа технологиялары қолданылғанына көз жеткізді: жоғары техникалық жарақтандыру қол еңбегін айтарлықтай төмендетеді, өнімділікті арттырады және әрбір кеншінің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Кеншілермен кездесу барысында еңбек қауіпсіздігін арттыру және өндірістік жарақаттануды азайту, компания тарапынан жасалып жатқан жағдайлар, жалақы мәселесі сөз болды. Қазіргі уақытта еңбеккерлердің қорғалуы мәселелері Еңбек кодексінің, өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы заң жобасының құқықтық нормаларымен бекітілген. Жұмысшылар облыс әкіміне жалақыны уақтылы және қомақты түрде алып отырғанын жеткізді.
Дөң тау-кен байыту комбинаты — хром кенін өндіру жағынан әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі, расталған қор көлемі бойынша әлемдегі екінші кен орны. Комбинат өндіретін хром кен орындарының ұзындығы шамамен 22 шақырым болса, ені — 7 шақырым. Дөң тау-кен байыту комбинаты өндіретін және өңдейтін хром кенінің сапасы жағынан әлемде теңдесі жоқ. Мұнда өндірілген кеннің көп бөлігі Ақсу мен Ақтөбедегі ферроқорытпа зауыттарына жеткізіледі.

Комбинат құрамында 27 құрылымдық бөлімше бар. Негізгі өндіріс бес бөлімшеде, атап айтсақ, «Жастар» және «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» атындағы шахталарда, «Дөң» кеніші, кенді байыту және түйіршіктеу, сондай-ақ 1 ұсақтау-байыту фабрикаларында шоғырланған.
«Қазхром» ТҰК» АҚ басшысы Сергей Прокопьев облыс әкіміне «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» шахтасының екінші кезегі бірегей нысан екенін айтты.

Оған екі кен орны — «Алмаз — Жемчужина» және «Миллионное», алты жерасты көкжиегі, сондай-ақ ұзындығы бір шақырымнан асатын еліміздегі ең терең шахта оқпандарының бірі енеді.
Екінші кезектің жобалық қуаттылығы жылына 7,5 млн тоннадан асады. «Қазақстан Тәуелсіздігіне — 10 жыл» шахтасының екінші кезегінің құрылысына 877,6 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Бұл жерасты өндірісіндегі әлемдік көшбасшыдан кем түспейтін заманауи шахта болмақ.

Шахтаның екінші кезегін игере қазу өткен жылдың желтоқсан айында басталды. Бірінші кезеңмен салыстырғанда екіншісі — заманауи және механикаландырылған. Егер бірінші кезекте өздігінен құлату жүйесі пайдаланылса, мұнда одан да тиімді жүйелер қолданылады, ал қазба жұмыстары өздігінен жүретін техниканы пайдалану арқылы жүзеге асырылмақ.
Бүгінде кәсіпорында тау-кен және құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Биыл мұнда 400 мың тоннаға жуық жоғары сапалы шикізат өндіру жоспарда бар.
Ферроқорытпа өндірісі үшін негізгі кен өндіруді іске қосу 2024 жылға жоспарланған.
Стратегиялық жоба аясында кәсіпорында қуаты 155 МВт жел электр станциясын салу жөніндегі жобаны іске асыру басталады. Электр станциясы тек Дөң тау-кен байыту комбинатын ғана емес, жалпы Хромтау қаласының электр энергиясына деген қажеттілігін жабады.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button