Жаңалықтар

Аналарға сертификаттар тапсырылды

«Бақытты отбасы» орталығының мәжіліс залында әлеуметтік санаты бар отбасыларға арналған тегін кәсіби білім беру курстарының қорытындылау кеші өтті.

Қараша айында өңіріміздегі әлеуметтік осал топтағы отбасыларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мақсатында бірегей отбасын қолдау орталығы ашылғаны белгілі. «Бақытты отбасы» орталығында кәсіп бастауға ниетті қыз-келіншектер екі айлық курсты оқып, әртүрлі санат бойынша білімін жетілдіруге мүмкіндік алды.

Өңірімізде іскер әйелдердің кәсіп бастауына мүмкіндік көп. Бала күтіміне байланысты үйде отырған аналар үшін бұл курстың ашылуы үлкен олжа болды. Екі айдың ішінде «Бақытты отбасы» орталығында өз кәсібін бастағысы келетін аналар үшін бірнеше шеберлік сағаты өткізілді. Бүгін, міне, барлық қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталып отыр, — дейді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Гүлжан Маханова.

Екі айлық курсты оқытқандар арасында облыстық дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығының төрағасы, «Алтын оймақ» курсының бөлім меңгерушісі Эльвира Өтепбаева да бар.

Тігін курсына 45 адам оқыды. Олар киім пішу, құрақ құрау, балалар киімдерін тігу бойынша белгілі дизайнерлерден дәріс алды. Арасында кәсіп бастағалы жатқандар да бар. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен тігін ательесін ашатын әріптестеріме сәттілік тілеймін, — деді ол.

 Өз кәсібін бастағалы отырған тігіншінің бірімен тілдескен едік.

Негізгі мамандығым — тігінші. Үш баланың анасымын. 1995 жылы оқу орнын тігін мамандығы бойынша тәмамдасам да, мамандығым бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік болмады. Екі айлық тегін курстың ашылғанын естіп, қайта оқуды жөн көрдім. Ендігі мақсатым — үйден жұмыс жасап, киім тігуге тапсырыс алу.  Курс барысында құрақ көрпе тігуді де үйрендік. Алдағы уақытта қаражат жинап, тігін ательесін ашу ойымда бар, — дейді Зиба Отарбекова.

«Бақытты отбасы» орталығында білім алғандардың дені — көп балалы аналар. Үйде отырып табыс табуды үйрететін курстың нәтижесінде флористика, массаж, қаржылық сауаттылық, СММ, қолөнер және басқа да салалар бойынша 76 адамға сертификат табысталды.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button