Жаңалықтар

Журналистер жылды қорытындылады

Кеше «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналының ұжымы жылды қорытындылады.

Мерекелік кеште «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин жыл бойы атқарылған жұмыстарға шолу жасап, облыстың әлеуметтік-экономикалық жаңалықтарын елге жеткізіп жүрген қос басылымның журналистерін марапаттады.

Жыл басында компания басшылығының қолдауымен өз ішімізде «Жылдың үздік журналисі» байқауы жарияланған болатын. Әр ай сайын үздіктер анықталып отырды. Он екі айда тынымсыз еңбек етіп, ерекше белсенділігімен танылған облыстық «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушілері Данагүл Қазихан мен Айбек Тасқалиев, «Актюбинский вестник» газетінің журналистері Абат Қаратаев пен Нұрдана Қаниева «Жылдың үздік журналисі» атанды. Тағы бір топ қызметкер серіктестік директорының Алғыс хатына ие боды. Одан соң «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары Айгүл Нұркеева, «Үш таған» журналының редакторы Ертай Ашықбаев, облыстық «Ақтөбе» газетінің редакторы Сәтжан Дәрібай ұжым қызметкерлерін келе жатқан Қоян жылымен құттықтап, ізгі тілектерін арнады.

Өнерлі қызметкерлер ән айтып, ұжымның көңілін көтерді.

Ортамызға сыйлық толы дорбасын арқалап, немересі Ақшақарды (Ақмарал Мұқашева) ертіп келген Аяз ата (Талғат Тілеулесов) мерекелік кештің көрігін қыздырды. Әріптестер бір сәт балалық шаққа саяхат жасап, бірі ән шырқап, тағы бірі өлең оқып, Аяз атаның сыйлықтарына ие болды. Жаңажылдық кештің сәні болған Аяз ата мен Ақшақар әріптестерімен бірге би билеп, естелік суретке түсті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button