Жаңалықтар

Әлеуметтік игіліктер ауылдың жүгін жеңілдетеді

Құзырлы орган өкілі биылдыққа облыстағы қанша ауыл инфрақұрылым игіліктеріне қол жеткізіп, баспана кезегінде тұрғандардың мәселесі қалай шешілгені турасында айтып берді.

Сейсенбі күніөңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әуелі ауызсумен қамту жайы сөз болды. Ресми дерекке сүйенсек, қазіргі таңда облыстағы 323 елдімекеннің 263-іне ауыз су құбыры тартылған. Соның ішінде биыл 8 ауылға, атап айтсақ, Тоқмансай (Алға ауданы), Көкбұлақ, Қосарал, Қораши (Байғанин ауданы), Қожасай, Шеңгелши (Мұғалжар ауданы), Қалмаққырылған, Шығырлы (Темір ауданы) ауылдарына орталықтандырылған су жүргізіліп, 24 ауылға кешенді-блок модуль орнатылыпты.

Сумен қамтамасыз етілмеген әлі 60 ауыл бар.Оны шешу жолдары 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жоспарланған. 60 ауылдың 21-іорталықтандырылған сумен жабдықталмақ. Оның ішінде 13 ауыл бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр, 8 ауыл бойынша жоба әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. 15 ауылға кешенді-блок модуль қойылады. Ал қалған 24 ауылдың тұрғындары әлгіндей модуль орнатудан бас тартты. Өйткені барлық үйде ұңғыма бар.

Газ тартуға келсек, қазіргі уақытта 323 елдімекеннің 153-інде көгілдір отын бар. Осы жылы Сарат, Үшқатты (Әйтеке би ауданы), Талдысай (Алға ауданы), Кұтикөл (Ырғыз ауданы), Ащылысай (Қарғалы ауданы), Жаңатаң (Мәртөк ауданы), Қаракөл (Мұғалжар ауданы), Жаңаталап, Жарсай, Терісаққан (Қобда ауданы), Ақтасты (Хромтау ауданы) — барлығы 11 ауылға газ қосылды. Қалған 170 ауылдың 95-ін 2027 жылдың соңына дейін газдандыру жоспарланып отыр, — деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаев.

Сондай-ақ баспана кезегінде  34 773 ақтөбеліктің бары баян етілді. Олар: жетім балалар — 3 252, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары — 14 318, көпбалалы отбасылар — 4 467, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері — 12 592, үйі апатты деп танылған азаматтар — 144 адам.

Бұл азаматтарға баспана беру мәселесі тұрғын үй босатылған немесе жаңа үй салынып, пайдалануға берілу ретіне қарай кезек тәртібімен шешіледі. Арнаулы тізімдегілер мемлекеттік бағдарламаларға қатысып та тұрғын үй ала алады. Жыл басынан бері әкімдікте кезекте тұрғандар қатарынан 237 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Соның ішінде 33 отбасы кезек тәртібімен, 65 отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу аясында, 139 отбасы «Шаңырақ» пилоттық жобасын іске асыру бойынша баспаналы болды, — деп сөзін түйіндеді басқарма басшысының орынбасары Н.Сертаев.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button