Жаңалықтар

Академик есімі ұлықталды

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ғимаратында Ұлттық ғылым академиясының академигі, ел ғылымының дамуына еңбек сіңірген қайраткер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Намаз Ізімбергеновке арналған мемориалды тақтаның ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараны аталған университет ректоры Әсет Қалиев ашып: — Қазақстан хирургиясының дамуына тікелей атсалысқан, облыстық денсаулық сақтау саласы қызметінің өркендеуіне қажырлы еңбегімен із қалдырған майталман маман, мейірімділік пен ізгіліктің жаршысы, ел алғысын арқалаған білікті хирург, тағылымы мол ұстазға көрсетіліп жатқан құрмет — болашақ жас мамандарымызға үлгі болары сөзсіз,— деді.
Одан соң хирургия саласының ардагері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болат Женалаев пен университеттің госпитальды хирургия кафедрасының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Базылбек Жақиев сөз сөйлеп, академиктің елге сіңірген еңбегіне ерекше тоқталды.
Бұл шараға Астана мен Маңғыстаудан келген ғалымның тума-туыстары да қатысты. Әке жолын қуған ұлы медицина ғылымдарының докторы профессор Мирсаид Намазұлы көпшілікке алғысын білдірді.
Қатысушылар көзі тірісінде «Алтын скальпель» атағын алған ғалымның мемориалды тақтасына гүл шоғын қойып, тағзым етті.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button