Жаңалықтар

Шаруаның  жайы сөз болды

Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов Дүкен, Мамыр, Нұра, Белшер ауылдарының тұрғындарымен кездесті.

Кездесуде Нұра ауылдық округінің әкімі С.Шәуенов жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Нұра ауылдық округінде ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Қазір округте 4500-ге жуық ірі қара, 7600 бас ұсақ мал, 90 түйе, 900-ге жуық жылқы бар. Биыл көктемде өзен-көлдердің жағасына бақша егу жұмыстарын қолға алған «Торғай-Ырғыз», «Абылай», «Нұрғали» шаруа қожалықтары күзде мол өнім алған. Округтегі «Бауыржан» шаруа қожалығы өз қаражатына 500 қаз сатып алса, «Парасат» шаруа қожалығы 200 қой сатып алып, мал басын көбейтіп отыр.

«Рахат» шаруа қожалығы несиеге — ірі қара, «Бершат», «Әбілқасым» шаруашылықтары жылқы сатып алған. Елді мекендерде жалпы саны 24 291 тонна мал азығы дайындалған.

Сондай-ақ округ бойынша биыл 23 жеке кәсіпкер тіркеліп, жұмыс жасап жатыр. Олар жолаушы тасымалы қызметімен, балық аулаумен, құс өсірумен, сауда-саттықпен айналысады.

Биыл жыл аяғына дейін Дүкен ауылына жарық шамдары орнатылып, көшелерге тазарту жұмыстары жүргізілмек.

Айта кету керек, бүгінде бұл округте 1357 адам тұрады. Атап айтсақ, Нұра ауылында — 782, Мамыр ауылында — 182, Дүкен ауылында — 136, Белшер ауылында 257 тұрғын бар.

Кездесу барысында елді мекен тұрғындары жол қатынасы, газ, ауызсу, ұялы байланыс желілерін тарту, «Ауыл аманаты» жобасына қатысу, басқа да мәселелер бойынша өз сауалдарын қойды.

Аудан әкімі ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button